КИОКУШИНКАЙ-КАН КАРАТЭДЕН ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫ ӨТЕДІ
6-7 сәуір күндері «Евразия» спорт кешенінде киокушинкай-кан каратэден жасөспірімдер, жастар, ересектер, әйелдер мен ерлер арасында ҚР кубогы өтеді. Дүбірлі бәсекеге еліміздің барлық өңірлерінен 16 команда, 500-ден аса спортшы 25 салмақта сынға түседі.
Жарыстың мақсаты - маусымда Астана қаласында, тамызда Венгрияда өтетін Азия және Әлем чемионаттарына спортшыларды іріктеу, 3-ші нөмірдегі спортшыларды таңдау, жастарды спортқа тарту, саламатты өмір салтын насихаттау, киокушинкай-кан каратэ спортын дамыту болып табылады.
Қазақстан кубогын ұйымдастырушылар: ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Ұлттық республикалық және облыстық киокушинкай-кан каратэ федерациялары.
Айта кетейік, айтулы жарыс облыста алғашқы мәрте ұйымдастырылуда. Бұған дейін 2014 жылы Қазақстан чемпионаты өткізілген болатын.
Сондай-ақ, Ел кубогының аясында, «Сыр шайқасы» атты халықаралық жолдастық кездесу өтеді. Ойын форматы 3-ке 3 «топтық кездесу». Жарыс барысында Қазақстан құрама командасы Ресей, Белоруссия және Қырғызстан командаларымен бақ сынасады.
Жарыстарда жеңімпаз және жүлдегер спортшылар мен командаларға ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің диплом, медаль, кубоктары беріледі.
6 сәуір күні жарыс сағат 09.00-де басталады,12.00-де салтанатты ашылуы болады.
Пікір 2