АЛМАТЫДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТҚА ІРІКТЕУ ӨТТІ
Алматы қаласында джиу-джитсу және грепплинг спортынан Алматы қаласының чемпионаты өтті. Екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша «Сағадат батыр» спорт клубының спортшылары сәтті өнер көрсетіп, 18 медаль иеленді.
Джиу-джитсу бойынша клубтың спортшылары Мəди Құрманғожаев, Нұртуған Бекмұрат, Ернар Түменбай, Елжан Жұмаділ намысты қолдан бермей, абыроймен қорғап, алғашқы алтынды қоржынға салды. Ал, Аяжан Таңатар ақтық сынға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.
Грепплинг бойынша Бекзат Жаманбай, Аман Дауылбаев, Таймас Салимов алтын, Бекнұр Лесбек, Ғалымжан Жолдас, Аслан Абдиев, Самат Айтпанбет күміс жүлдені еншіледі. Ал, 6 спортшы қола жүлдегер– Ерсұлтан Айдарханов, Айсен Қуаныш Айсен, Нариман Дауылбаев, Рза Раджаб, Дәулет Мұқат, Әлібек Әбенұлы.
Ендігі сайыс джиу-джитсу бойынша республика чемпионаты Щучинск қаласында 7-10 ақпан күндері, грепплингтен Қазақстан чемпионаты Астана қаласында 4-7 наурыз күндері өтетін болады.
– Намысты қолдан бермей, жеңіске жету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрине, біз жарыстың оңай болмайтынын білеміз. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Барлық күшімізді тек жеңіске салуға тырысамыз. Бүгінгі іріктеу кезеңінде жас спортшыларымыз үлкен жігер, қосымша күш алды. Алдағы Республикалық чемпионатта спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін, – дейді үздік шәкірттер тәрбиелеп отырған джиу-джитсудың бапкері, грэпплингтан Азия чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров.
Ұлдарай БАТЫРҚЫЗЫ.
Пікір 1