» » Жарыстар жаңғырығы

Жарыстар жаңғырығы

«Алтын белбеу» жарысы

Жақында аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешенінде қазақ күресінен 2006-2007 және 2008-2009 жылдары туған жас боз кілем шеберлері арасында облыстық «Алтын белбеу» жарысына іріктеу өтті.
Жарыс қорытындысымен 2006-2007 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы белдесулерде, атап айтқанда 46 келі салмақ дәрежесі бойынша Мағжан Ібіраш жеңімпаз атанса, Құдайберген Темірбекұлы, Мадияр Сламов, Диас Сәбит пен Саят Ақылбек, Дінислам Камал, Ислам Қартаңбай, Асылжан Сейдуллаұлы және Данияр Айдарұлы өз салмақтарында жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ, жарыс аясында 2008-2009 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында өткен тартысты белдесулерде өз салмақтарында жеңімпаздар анықталды.

Атап айтқанда, Нұркен Саржан, Мұхамедияр Жаназаров, Рамадан Қожахмет, Нұржан Маратұлы, Арман Абитай, Бекзат Бақытжанұлы мен Ұлықбек Аманов, Дінмұхаммед Ерланұлы, Бекарыс Ерғалиев пен Дәулет Мүтәловтар өз салмақтарында барлық қарсыластарының жауырынын жер қаптырып, І орынды жеңіп алды.

Жарыс соңында жүлдегерлер аудандық мәдениет және спорт бөлімінің дипломдарымен марапатталды.
Жас боз кілем шеберлері біріншілігі

Төретам кентіндегі денешынықтыру сауықтыру кешенінде самбодан 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында аудандық ашық біріншілік өтті.

Жарыстың ашылу салтанатында Төретам кентінің әкімі Ғалымжан Елеусінов спортшылар алдында құттықтау сөз сөйлеп, жас боз кілем шеберлеріне сәттілік тіледі.

Сонымен, күні бойы боз кілем үстінде үздік өнерімен спортсүйер қауымға тамаша спорт мерекесін сыйлаған жас палуандар өзара белдесулер өткізіп, жеңімпаздар анықталды.

Жарыста 23, 26, 32, 42, 46 келі және 50 келіден жоғары салмақта белдесу өткізген төратамдық Нұрым Ердәулетұлы, Айсұлтан Самалбеков, Айдын Мұхамбетов, Нұрислам Бөрібаев, Нұраддин Смағұлов, Диас Әділбек, Бекарыс Орынбаевтар жарыс жеңімпазы атанды. Жосалы кентінің жас палуаны Мақсат Қойтан, ақайлық Сайдабдурахман Рысқалиев өз салмақтарында І орынды жеңіп алып, абыройға бөленді.
Жарыс қорытындысымен әр салмақ бойынша жеңімпаз бен жүлдегер атанған палуандарға аудандық мәдениет және спорт бөлімінің алғыс хаттары мен медальдары табысталса, аудандық мәслихат депутаты Абай Жакешов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сый-құрмет көрсетті.

Теңбіл доп бәсекесі

Үсен Томанов атындағы №183 орта мектепте ауданда шағын футболды дамытып, Сыр бойы құрама командасына дарынды жастарды іріктеу мақсатында 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында Жандос Досымхановты еске алуға арналған облыстық ашық жарыс өтті.
Аймағымыздың әр өңірінен қатысқан 9 команданың жас футболшыларымен бірге біздің де жерлестеріміз бақтарын сынады.

Қызықты да тартысты сәттермен өрнектелген жарыс қорытындысымен І орынды №15 аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің құрамасы жеңіп алса, жүлделі ІІ және ІІІ орындарға №26 орта мектеп пен №183 орта мектеп құрамасы көтерілді.

Жарыста үздік ойынымен көрермен көзайымы атанған қызылордалық Нұрсұлтан Ерахмет «Үздік қақпашы», №250 мектеп-лицейі командасының ойыншысы Дінмұхаммед Әлқуатов «Үздік қақпашы», «Жандос» командасының ойыншысы Қуаныш Тасбергенов «Үздік шабуылшы», Қазалы ауданы құрамасының ойыншысы Нұрәділ Ағаділ «Үздік ойыншы», ал №26 орта мектеп қомандасының ойыншысы Ыбырайым Жанәділов «Үздік сұрмерген» номинациясымен марапатталды.

Жарыс соңында жеңімпаз және жүлдегер командалар, жарыс барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен спортшылар арнайы медаль, кубок және дипломмен марапатталды.
Жолдама алды

Жуырда Қызылорда қаласында тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында облыстық жарыс өтті.

Аймағымыздың барлық өңірінен өз жас аралығында үздік деп танылған тоғызқұмалақшылармен бірге біздің де жерлестеріміз, №15 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақ бөлімінің жаттықтырушысы Әбу Төремахановтың үкілеген шәкірттері республикалық жарысқа қатысу жолдамасын сарапқа салды.

Нәтижесінде 13 жасқа дейінгі қыздар арасында Балым Шеркешбай жарыс жеңімпазы атанса, 11 жасқа дейінгі қыздар арасында Инабат Илиясбек пен 9 жасқа дейінгі спортшылар арасында өнер көрсеткен Ибрагим Дүзжасаров жүлделі ІІІ орынды иемденді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
25 сәуір 2023 ж. 367 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 307

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 406

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930