«Спорттағы қызығушылығым ауыр атлетикаға алып келді»
qarmaqshy-tany.kz Қармақшылық жас зілтемірші Ерасыл Сәулебеков аз ғана уақыт ішінде көк туымызды әлем көгінде екінші рет желбіретіп, еліміздің мерейін тағы бір мәрте асқақтатты. Алғашында ол мексикада, бұл жолы албания мемлекетінде жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында жұлдызы жарқырап, топ жарды. Жақында ол туған жерге табан тіреп, аудан жұртшылығымен кездескен еді. Одан соң арнайылап редакциямызға да бас сұқты. Мүмкіндікті жіберіп алмай, біз де жас чемпионмен әңгімелескен едік.
– Күні кеше ғана өзге елде Қазақстанның көк байрағын бір сатыға жоғары қойып, Әнұранын шырқатып «Әлем чемпионы» атанып келдіңіз. Сол сәттегі алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз?
– Ол әсерді тіптен сөзбен жеткізе алмаймын. Әрине, кеудені қуаныш кернеген сәт болды. «Төбең көкке бір елі жетпей тұр» деген тіркес дәл осы тұста айтылатын секілді. Елімнің Әнұраны ойнағанда жанарыма еріксіз жас үйірілді. Мұны қуаныштың, талай уақыттағы еселі еңбектің жемісі деп білемін. Кей адамдар осы сәтті дұрыс түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан бұл сезімді көзбен көріп, сезіну керек секілді. Осыған дейін Қазақстанды әлемге танытып жүрген аға-інілер мұны жақсы біледі деп ойлаймын. Әнұранды өзге елде шырқату ерекше сезім.
– Неге таңдауыңыз осы спорт түріне түсті? Жалпы ауыр атлетикаға қалай келдіңіз?
– Бала күнімнен спортқа бейім болдым. Кішкентай күнімнен үлкен ағама «Мені күреске, боксқа апаршы» деп қолқа салатынмын. Солай 6 жастан бастап Айдар ағайымның ықпалымен спортқа келдім. Спорттағы қызығушылығым ауыр атлетикаға алып келді. Түрлі спорттық сайыстарға қатыстым, жарыстарда топ жара бастадым. Бұл одан әрі шыңдала түсуіме сеп болды. Алға қарай ұмтыла бастадым. Осылайша 10 жылдық нәтижеде екі дүркін Әлем чемпионы атандық. Аллаға шүкір, төккен теріміз, еңбегіміз текке кетпеді. Негізі адам алға қандай да бір мақсат қойып, сол жолға барын салса, алынбайтын қамал жоқ екен. Соған тағы бір мәрте көзіміз жетті.
– Дайындық қалай өте ді? Болашаққа қойған жоспарыңыз қандай?
– Дайындық әр адамның өзіне байланысты. Кейде шаршау мен жалқаулық та болып тұрады. Мұны жасырмаймын. «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деп жатады ғой. Ол рас нәрсе. Кейде бағым бірінші шауып жатады. Бірақ бабымды да жоғалтпауға тырысамын. Спортта еңбек еш кетпейді. Түбі бір ақталады, жемісі көрінеді. Төккен әрбір тердің өтемі жеңіс болып қайтатынын көз көріп жүр. Біз бұл жеңіспен тоқтап қалмаймыз. Алда түрлі жарыстарға қатысуды жоспарлап отырмыз. Арманым – олимпиада чемпионы болу.
– Ең мықты қарсылас кім болды?
– Мықты қарсыластардың қатарында әзірбайжандық ауыр атлетші мен кәріс спортшысы болды. Олардың да дайындығы осал болған жоқ. Біз де қалыс қалмай чемпиондық атақты қанжығамызға байладық.
– Әлем чемпионы ретінде өзіңізден кейінгі жас спортшыларға қандай ақыл-кеңес бересіз?
– Қандай жағдай болмасын бапкердің ақылына құлақ асу керек. Спортта көп дүние үздіксіз жаттығумен, шынығумен келеді. Жалқаулыққа бой алдырмай дайындықты қалдырмау қажет. Сонымен қатар, зиянды іс-әрекеттен ада болған дұрыс. Мұның бәрі айналып келгенде денсаулыққа кері әсерін беріп жатады. Спортшы үшін деннің саулығы басты орында тұрады емес пе?! «Еңбек бәрін жеңбек» дейді ғой дана халқымыз. Дәл солай еңбектің жемісін көретін шақ келеді. Әрине, кейде сүрініп, құлау да болады. Тек алға қарай ұмтылу керек. Бұл шыңдалудың жолы. Берер ақыл-кеңесім – осы.
– Спортшының жеткен жетістігі бапкерге де байланысты ғой. Бапкеріңіз туралы да айта отырсаңыз.
– Мықты спортшының жетістігі тынымсыз еңбек пен талапшыл жаттықтырушыға байланысты. Әлбетте бапкерім Айдар Ералиев ағайымның еңбегі зор. Мектепте мұғалім оқушыны білімге қалай баулыса, спортта бапкер солай жол көрсетеді. Спорттың күшімен Қазақстанды әлем елдеріне танытуға болады. Жаттықтырушы жақсы болса, спортшының да алар асуы көп болады. Мұның барлығы сайып келгенде сол бапкердің арқасы. Ал, менің бұл тұста жолым болды деп айта аламын.
– Сіз үшін өмірдің құндылығы неде, жеңіске жету үшін не істеу керек?
– Жеңіске жету үшін талпыныс пен еңбек, арман мен мақсат керек. Спортшының жетістігі тынымсыз жаттығу мен білікті бапкерден бөлек ата-анасына, жанкүйерлеріне де байланысты екенін айтқым келеді. Әрине, бұл жандардың қолдауы мен үшін ерекше. – Әңгімеңізге үлкен рақмет! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!
Сұқбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ