«Арман асуым алда»
qarmaqshy-tany.kz Талай дарын иелерін әлемге танытқан Сыр елін, оның ішінде киелі Қармақшы өңірін дүйім қазақ жұрты «Жүз жыраудың Отаны» деп атайды. Ал, соңғы жылдарда осы құрметті атқа «Жүз спорт шеберінің Отаны» деген де атақты қосып келеді.
Расында да марқұм, қазақ күресінен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Әділбек Серікбаевтың баптауымен самбо, қазақ және белбеу күресі, дзюдодан жүзден астам жерлесіміз халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның спорт шебері атақтарына ие болды. Оның ішінде Бауыржан Райысов, Айбек Серікбаев, Ғалымжан Әбдірахманов пен Алмат Қодаров, Миржан Қуаңбаев, Динара Қодарова, Мақсат Исағабыловтай ұландарымыз Әлем және Азия чемпионаттарында топ жарды. Ал, тағы да қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық жарысында жеңімпаз атанған үш сырбойлық балуанның екеуі, яғни Еламан Ерғалиев пен Мақсат Исағабылов «Қазақстан барысы»атағына ие болып, аудан халқының абыройын асқақтатты.
Жақында осы дүбірлі жарысты жас боз кілем шеберлері арасында насихаттап, олардың келешекте Ұлан, Еламан мен Мақсаттай ағаларының орнын басу мақсатында облысымызда алғашқы рет «Бала барысы» турнирі өткізілді.
«Сен тұр, мен атайын» дегендей, 60 келіден жоғары салмақта белдесу өткізген жас балуандарымыз боз кілемде қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін көрсетті. Тартысты да қызықты сәттерге толы өткен дүбірлі жарыста жерлесіміз, No15 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Әлихан Әлиасқаров барлық қарсыласының жауырынын жер қаптырып, «Бала барысы – 2022» жарысының жеңімпазы атанды.
Осы ретте, Әлиханның осындай жетістікке қол жеткізуіне еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сымбат Оспановты сөзге тартқанымызда ол: «Менің спорттағы алғашқы ұстазым, есімі елге танымал азамат Әділбек Серікбаевқа алғасым шексіз. Ұстазым менің спортқа, оның ішінде самбо мен қазақ күресіне деген қызығушылығымды оятты. Күндіз-түні өзімнің сыңарым Мақсатпен бірге мектепте жүріп те, кейінгі жылдарда да ағайымның нұсқауымен, ақыл- кеңесімен осы спортта шыңдалдық, оны өңірімізде дамытуға үлес қостық. Жетістіктерге де қол жеткіздік. Осы аралықта Мақсат бауырымның екі шәкірті әлем біріншілігіне қатысып, күміс жүлдегер атанса, менің Әлихан шәкіртім «Бала барысы» атағын иеленді. Әлихан облысымызда алғашқы рет ұйымдастырылған «Бала барысы» жарысында 5 балуанмен белдесіп, финалда салмағы 70 келіден жоғары жаңақорғандық балуанмен белдесті. Алғашында жаңақорғандық балуан өзінің ауыр салмағымен Әлиханға оңай әдістер жасап, бір жартылай жеңіс, бір жамбас әдісімен ұтып тұрды. Бір сәтте Алла тағала бізді қолдады ма, әйтеуір белдесудің соңғы секундтарында Әлиханның қарсыласының белбеуі шешіліп кетіп, төреші екеуін ажыратып жіберді. Мен осы сәтті пайдаланып, жылауға шақ тұрған шәкіртіме «Енді сен осы мүмкіндікті жіберіп алсаң, бұл сәт енді саған қайтып келмейді. Жеңіске жету сенің басты мақсатың болу керек. Сен бұл белдесуде жеңесің. Мұндай тарихи сәтті жіберіп алма!» деп шәкіртімнің бойына жігер бергендей болдым. Осы кезде төрешінің ысқырығы да естіліп, екі балуан ортаға шыққанда Әлиханым бірден шабуылға шықты. Міне керемет. Жаратқанның құдіретінің қүштілігі соншалықты, Әлихан қарсыласының әлсіз жерін тауып, оны жанбас тәсілі арқылы жерге алып ұрды. Ауызым ашылып, не айтарымды білмей қалдым. Біз жеңіске жеттік. Көзімнен жас парлап кетті. Осы сәтте өзімді оның орнында тұрғандай, әлем біріншілігінде жеңіске жеткендей сезіндім» деді Сымбат көзіндегі қуаныштың жасын сүртіп тұрып.
Иә, Әлихан Әлиасқаров Сымбат Сәтбайұлы қазақ күресіне баулитын 40-тан астам шәкіртінің бірі. «Мен Әлиханнан басқа 40-тан астам жас балуанды қазақ күресіне баулимын. Олардың барлығы да өзімнің баламдай. Қатты ұрысатын да, еркелетіп мәпелейтін де кездерім бар. Бірақ жетістікке қол жеткізу үшін оларға бостандық бермеймін. Қатал боламын. Әрине, балаларым жеңістің қуаныш сыйлайтынын біледі. Берген тапсырмаларды да бұлжытпай орындайды. Біз үшін ауызбіршілік басты орында. Жетістікке қол жеткізген шәкірттерім де жоқ емес. Оның ішінде балуан қыздарым да бар. Мысалға, Нұршашқан Асылбекқызы белбеу күресіне Қазақстан Республикасының чемпионы және күміс жүлдегері. Басқа да шәкірттерім арасында көптеген жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінуде» дейді ол.
Осы сәтте жаттықтырушысы Әлиханды шақырып алды. Оны сөзге тартқанымызда ол отбасында тәрбиеленіп жатқан 7 баланың 6-сы екенін, No250 мектеп-лицейінде білім алып жатқанын айтты. Сондай-ақ күреспен No15 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 5 сыныптан бастап жаттығатынын жеткізді. Әрине оған қойған басты сұрағымыз, «Өскенде қандай мамандықты таңдайсың? Кумирің кім?» дегенде, ол бізге күле қарап, «Мен тәуелсіз Отанымның адал перзенті, елін сүйген, елі құрметтеген азамат болып өскім келеді және менің кумирім – менің жаттықтырушым, өмірдегі ұстазым Сымбат ағайым» деп жауап берді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ