«Желтоқсан оқиғасы» құрбандары ардақталды
qarmaqshy-tany.kz Өткен аптаның соңында Үсен Томанов атындағы No183 орта мектепте 1986 жылдың 16-17 желтоқсанында Алматы қаласындағы орталық алаңда қазақ жастарының ұйымдастыруымен өткен Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алу мақсатында мектеп оқушылары арасында шағын футболдан аудандық дәстүрлі жарыс өтті.
Осыдан 10 жыл бұрын бастау алған аталмыш жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов жас футболшыларды спорттық мерекемен құттықтап, Желтоқсан оқиғасы туралы сөз қозғады. Қазақ жастарының қатысуымен өткен көтерілістің қоғамымыздың өзгеруіне тигізген әсерін, егемендікке жол салынғанын тілге тиек етті.
Содан соң сөз алған Желтоқсан оқиғасынан кейін кеңестік үкіметтің солақай саясатының кесірінен өлім жазасына кесілген екі қазақ батырының бірі, кейіннен жазасы 20 жылға қысқартылған, ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 7 жыл абақтыда өмірін өткізген Қазалы ауданының тумасы, бүгінде Алматы қаласында тұратын Мырзақұл Әбдіқұлов Желтоқсан оқиғасында басынан өткерген естелігін айтты.
Одан әрі көрермендер асыға күткен жарыс та басталып, ол кешке дейін созылды.
Қызылорда қаласы Қазалы ауданы, жергілікті елді мекендер құрама командалары арасында тартысты да қызықты сәттерге толы болған жарыс жоғары дәрежеде өтті. Оның қорытындысымен барлық қарсыласын үздік ойынымен ұтқан «No15 ОРМБЖМ» құрама командасы жеңімпаз атанса, жүлделі ІІ және ІІІ орындарды Қызылорда қаласының «Намыс» және «Қызылорда» құрамалары өзара бөлісті.
Жарыстың жабылу салтанатында оның құрметті қонақтары, яғни желтоқсаншылар жүлдегер командаларды аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің дипломдарымен, кубогімен және жарыс демеушісі, Желтоқсан оқиғасына қатысушы қармақшылық Ерлан Бисенбаевтың тағайындаған арнайы жүлделерімен марапатталды. Нақтысын айтқанда «Үздік ойыншы» номинациясымен қазалылық Диас Ұлықпан, «Үздік шабуылшы» номинациясымен Рамазан Оразәлиев («Намыс» командасы), «Үздік қорғаушы» номинациясымен Саламат Бижігітұлы («Қызылорда» командасы), «Үздік қақпашы» номинациясымен қармақшылық Шығанақ Мінуар марапатталды.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ