» » Футбол жаңалықтары

Футбол жаңалықтары

Футболдан Швеция құрамасының бас бапкері Янне Андерссон әйгілі футболшы Златан Ибрагимовичтің ұлттық құрама сапына қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығарды.
–Златан және тағы бірнеше ойыншы Франциядағы Еуропа чемпионатынан кейін ұлттық құрама сапында ойнағылары келмейтіндерін айтты. Мен олардың шешімдерін құрметтеймін, – деді бас бапкер.
–БАҚ не деп жатыр немесе Златанның өзі не айтып жүр, оған менің қатысым жоқ. Мен тек өз арамызда болған келісімді ғана білемін. Қазір жағдай қалай, біз соны өзара келіскенбіз. Және бұл нәрсе қайта талқыланатындай нәрсе емес. Златан әлем чемпионаты кезіне ел құрамасының жоспарына кірмейді, себебі оның өзі «жоқ» деп айтқан. Басқа да «жоқ» деп айтқандар құрамға ілікпеді, – деп атап өтті Андерссон.
Бұған Ибрагимовичтің өзі Ресейдегі әлем чемпионатына баратынын айтқан. «Лос-Анджелес Гэлакси» шабуылшысы Твиттерде «Менің әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігім өте жоғары» деп мәлімдеді.
Бұған дейін ол Джимми Киммелге берген сұхбатында «Иә, мен әлем чемпионатына барамын. Бірақ ойнауға қатысты бірдеңе дей алмаймын, мен тек әлем чемпионатына баратынымды айттым. Менсіз әлем чемпионаты – әлем чемпионаты емес» деген футболшы. Жалпы, Златан 2002, 2006 жылдары екі әлемдік доп додасына қатысқан. Сонымен қатар төрт мәрте Еуропа чемпионатында (2004, 2008, 2012, 2016) өнер көрсеткен.
***
«Қайраттың» жартылай қорғаушысы Қазақстан кубогының 1/8 финалында көкшетаулық «Оқжетпестің» қақпасына үш гол соғып, алматылық клуб сапындағы мерейтойлық 50- добын салды. Көкшетауда өткен ойын 5:3 есебімен «Қайраттың» пайдасына шешілген еді. Бұл ойында Исламхан хет-трик жасады. 50 голдың арқасында Исламхан «Қайраттың» бүкіл тарихында барлық турнирлер бойынша ең көп гол соққан бомбардирлердің қатарын толықтырды. Клуб рекорды – Евстафия Пехлеванидиге тиесілі. Ол 1980-1990 жылдар аралығында 105 гол салған. Ал Бауыржан «Қайрат» сапында 2014 жылдан бері ойнайды.
***
Сенімді дерек көзінің мәліметінше, Андрес Иньеста каталониялық «Барселона» сапынан кетуі мүмкін. Командамен өмірлік келісімшартқа ие екеніне қарамастан, футболшы өз өмірін өзгертуге дайын. Әрине, Иньестаның шеберлігіне ешкім күмән келтірмейді. Дегенмен үнемі жоғарғы деңгейде ойнау футболшыға физикалық жағдаймен қатар моральдық тұрғыдан да қиын соққан сияқты.
Сарапшылар оның орнын басуы мүмкін футболшылар ретінде – Коутиньоны, Кристиан Эриксенді («Тоттенхэм»), Марко Вераттиді (ПСЖ) атайды.
Коутиньо жартылай қорғаныста Бускетс-Ракитич жұбымен, ал шабуылда Месси-Суареспен үндесе ойнай алады. Алаңның сол жақ бөлігіндегі ойыны үшін берілген бағаны есептесек, бұл көрсеткіш Иньестада – 7,04, ал Коутиньода – 8,27. Бразилиялық ойыншы биыл Ла Лигада 827 минут ойнап, 2 гол соғып, 5 голдық пас берген. Ал Иньеста 1579 минут ішінде 1 гол соғып, 1 ғана нәтижелі пас беріпті. Осының өзі-ақ аңызға айналған испан ойыншысының шаршай бастағанын аңғартса керек. Мамандар сонымен қатар Кристиан Эриксен мен Марко Вератти де «Барселонаның» ойын мәнеріне сіңісіп кетеді деген болжамды ұсынады.
***
«Манчестер Юнайтедтің» жартылай қорғаушысы француздық Поль Погба португалиялық сұрмерген Криштиану Роналдумен бір командада ойнағысы келеді. «Қызыл сойқандар» Погбаны сатуға дайын. Алайда «Реал» әзірге француздық футболшы өздеріне қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты қандай да бір позиция танытпады.
Абай Аймағамбет
21 сәуір 2018 ж. 1 155 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930