» » Аршавин неге «Қайратпен» жаттықпай жүр?

Аршавин неге «Қайратпен» жаттықпай жүр?

«Қайраттың» жартылай қорғаушысы Андрей Аршавин қазіргі таңда жеке бағдарлама бойынша жаттығу жүргізіп жатыр. Өткен жылдың қараша айында ресейлік футболшы алматылық клубпен жаңа келісімшартқа қол қойған.
Vesti.kz спорттық порталының хабарлауынша, футболшы қазір командадан бөлек дайындық жасауда. Клубтың ресми сайтында жарияланған бейнежазбада Аршавин көзге түспеген. Оның неліктен жеке-дара жаттығып жүргені белгісіз. «Қайраттың» оқу-жаттығу жиыны 4 қаңтарда клубтың Алматыдағы базасында басталып кеткен. Дайындық кезеңінен соң клуб 18 қаңтарда Түркияға аттанады. Ол жақта бірқатар еуропалық чемпионаттардың жетекші клубтарымен жолдастық кездесу өткізеді деп жоспарлануда. Еске салсақ, Аршавин «Қайрат» сапына 2016 жылдың наурыз айында қосылған еді. Ресей құрамасының экс-капитаны, лондондық «Арсенал» мен питерлік «Зениттің» жұлдызының Қазақстанға келуіне «Қайраттың» сол кездегі бас бапкері Александр Бородюк ықпал еткен болатын. Клуб сапында Аршавин осы күнге дейін 21 гол салып, 22 голдық пас берген. Барлық турнирлерді қоса есептегенде жалпы саны 71 матчқа қатысқан. Аршавин «Қайратпен» Қазақстан премьер-лигасының екі мәрте күміс жүлдегері, кубок және суперкубок иегері атанды.
Айтпақшы, бұған дейін Аршавиннің «Зенит» сапына қайта оралу мүмкіндігі туралы әңгіме де шыққан еді. Питерлік клубтың президенті Сергей Фурсенконың айтуынша, биылғы маусым тура былтырғыдай қайталануы мүмкін. Аршавиннің тағдыры тұрғысынан.
– Ол «Қайратпен» келісім-шартын ұзартып алды. Қазақстанда тағы бір жылын өткізгісі келетін сияқты. Бір маусымнан кейін не боларын сол кезде көреміз, – деген еді ол.
Футболшының өзі де өзін танытқан клубқа қайта оралу туралы пікірін білдірген еді. Ол кезде ойыншы қысқа демалыс сәтінде болған.
– «Зенитке» қайта ораламын ба? Олар мені қазір шақыра қоймайды. Оның үстіне мен «Қайратқа» уәдемді бердім. Әйтпесе6 жасыма қарамастан ондай стадионда («Зениттің» стадионы) кімнің ойнағысы келмейді дейсіз, – деді Аршавин.
Сонымен қатар футболшының биыл Ресейде өтетін әлем чемпионатында ойнау мүмкіндігі туралы біраз ақпарат шығып үлгерді. Көптеген жанкүйерлер мен білікті спорт мамандары Ресей құрамасы Андрейді қайтадан шақыруы тиіс деп есептейді екен. Олардың айтуынша, дәл қазіргі сәтте Ресей ұлттық құрамасының сапында ойынның өн бойынақан жүгіртіп, шабуыл мен қорғаныстың арасына алтын көпір болатын деңгейдегі ойыншы жоқ. Аршавиннің жасы 36-ға келгенімен, ол әлі де болса тың әрі керемет комбинациялар ұйымдастыра алады, тәжірибесі өте мол дейді сарапшылар. Мамандар бұл ретте 37-38 жасына дейін жоғарғы деңгейде футбол ойнаған Роналдиньо, Райан Гигз сияқты аяқдопшыларды мысалға келтіреді. Дегенмен, Аршавинді құрамаға шақыру туралы нақты шешімді қабылдайтын – Станислав Черчесев екенін ұмытпау қажет. Бұл мәселеге қатысты белгілі спорт комментаторы Георгий Черданцев те өз пікірін айтқан еді. Оның айтуынша, спортшы 2002-2012 жылдар аралығында ұлттық құрама қатарында жүріп барлық турнирлердегі 74 мачта 17 гол соққан. Еуро – 2008 және Еуро – 2012-нің дәмін татқанына қарамастан, бірде бір мәрте әлем чемпионатында доп теуіп көрген жоқ.
– Аршавинді дәл қазір Ресей премьер-лигасында елестету қиын. Өйткені, мұндай деңгейде ойнамағалы біраз болды. Сірә, 2018-дегі додаға да қатыспайтын шығар. Черчесев сырт елдерде ойнап жүрген ойыншылардың бәрін бақылап, көріп отыр. Сондықтан лайықты шешім қабылдайды деп үміттенемін, – деді комментатор.
Әрине, Черданцевтің пікірімен келісуге болатындай. Аршавиннің қанша жерден атағы жер жарғанымен, оның ойыншы ретіндегі дәл қазіргі барлық параметрі есепке алынатыны түсінікті. Сол себепті футболшы өз еліндегі әлем чемпионатын «Қайраттың» ойындарынан қол босағанда ғана тамашалай алмақ. Себебі, ол уақытта бізде ел чемпионатының ойындары қызып жатады.
 
18 қаңтар 2018 ж. 1 204 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930