» » 17 жастағы қазақ баласы Ресей чемпионатына ауысты

17 жастағы қазақ баласы Ресей чемпионатына ауысты

Тараз футбол мектебінің түлегі, 17 жастағы Еркебұлан Сейдахмет енді Ресей премьер-лигасында ойнайды. Футболшының өзі Кипрдегі «Уфаның» оқу-жаттығу жиынына жеткенін әлеуметтік желіде хабарлады.
«Уфа» футбол клубының оқу-жаттығу жиындары 14 қаңтарда басталып кеткен. Клубтың бас директоры Шәміл Ғазизовтың айтуынша, футболшы команда сапына ресми түрде 17 қаңтар күні қосылады. Негізінде Еркебұлан 4 ақпанда кәмелеттік жасқа толады. Содан кейін барып клуб басшылығы футболшымен болған келісім-шартты ресми түрде жария етуі мүмкін. Алғаш рет қазақстандық футболшының ресейлік команда сапына ауысқаны туралы спорт комментаторы Нобель Арустамян хабарлаған еді. Қазіргі таңда «Уфа» 20 турдан кейін 27 ұпай жинап турнир кестесінің алтыншы сатысында келе жатыр. Ересектер арасында футболға 2017 жылы араласқан тараздық талант «Тараз» футбол клубының сапында ойнап, 15 матчта 1 гол соқты. Қазіргі таңда футболшының трансферлік құны 300 мың евро шамасында.
Еркебұланның жұлдызды шағы 2017 жылы Санкт-Петерборда өткен Гранаткин мемориалынан басталды. Қазақстан құрамасын өрге сүйреп, ерекше шабуылдаушы талантымен, көшбасшылық қабілетімен көзге түскен жас ойыншыны көптеген клуб өз қатарына қосқысы келді. Бұл ретте бір қызығы қазақстандық командалар аса қызығушылық таныта қоймағанымен, әйгілі «Зенит» бірден өз сапына шақырған. Турнирден кейін Еркебұлан бірден «Зениттің» екінші құрамымен жаттығу жиындарына кеткен. Жолдастық кездесулерде дүркін-дүркін гол да соқты. Бірақ ФИФА-ның кәмелетке толмаған ойыншыларды клубқа алмау туралы ережесіне сәйкес «Зенит» қатарына қосыла алмаған. Енді өзінің қарым-қабілетін «Уфа» қатарында паш ете алса, деңгейі жоғары клубтардың нысанасына ілігуге тамаша мүмкіндік болмақ. Қанша дегенмен Ресей премьер-лигасы Еуропадағы бедел мен бәсекелестік жағынан біршама жоғары деңгейдегі чемпионат болып саналады. Бұл ретте мамандар дәл осы «Уфа» сапында аз уақыт доп теуіп, әйгілі «Манчестер Ситиге» ауысып кеткен украиналық Александр Зинченконы мысалға келтіреді. Ол футболшы 2015 жылдың ақпан айында 18 жасында «Уфаға» ауысып, 20 наурызда алғашқы ресми матчына қатысты. Жалпы, татарлық клуб үшін 31 ойынға қатысып, 2 гол соққан. Сол жылы қазан айында Украина ұлттық құрамасына шақырту алып, шеберлігі арта түсті. Сарапшылардың айтуынша, Зинченко мен Сейдахметтің ойын мәнерлері бір-біріне ұқсайды. Еркебұлан кез келген сәтте ойынды ұйымдастыру ісіне араласып, пас таратушы плеймейкерге де айнала алады. Қажет кезінде шабуылдың бел ортасына дендеп араласып, гол соғудың қамына білек сыбана кіріседі. Қазақстандық жанкүйерлердің оның бойынан Мессиге тән шеберлікті көруі де бекер емес секілді. Екеуі де шабуылдаушы алаңқайдағы креативті қимылдарды іске асыруға бейім. Белсенді түрде прессинг жасап, қорғаныстан жылдам түрде шабуылға араласа алады. Олар өздерінің жылдамдықтары мен техникалық шеберліктерін қапталмен шабуылдау кезінде де көрсете алатын қабілетке ие. Ең бастысы талмай еңбектену қажет. Шынын айту керек, қазақстандық футболшылар біраз жылдан бері Ресей чемпионатын бағындыра алмай келе жатыр. Бірнеше жыл бұрын Бауыржан Исламхан «Кубань» сапына ауысып, негізгі құрамға іліге алмады. Кейін бір маусым «Астана» сапында қосалқы құрамда отырып, сосын түбегейлі «Қайрат» қатарына қосылған. Оның алдындағы тарихты ақтарсақ бір жылдары Ресей біріншілігінде доп тепкен Самат Смақов пен Андрей Карповичті, Руслан Балтиевтарды ғана еске түсіре аламыз. Енді сол олқылықтың орынын Еркебұлан толтырады деген үміт бар. Ең бастысы өзін жақсы қырынан көрсету. Содан соң Ресейдің жетекші немесе Еуропаның беделді клубтарына кетудің қамын жасау болмақ. Қазақ ұланына бұл тарапта үлкен сәттілік тілейміз.
18 қаңтар 2018 ж. 1 586 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031