» » Желаяқ Мейіржан

Желаяқ Мейіржан

Сүйіншілеп қояйық. Спорттан қанжығамыз майланып, қоржынымыз тағы бір қоламен толықты. Жыл басы еліміз үшін жақсы жаңалықтармен басталуда. Жерлесіміз Мейіржан Мақсат Дубай қаласында өткен параолимпиадалық жарыста 400 метрлік қашықтыққа жүгіруден Кениялық спортшыдан басып озып, қола жүлдеге ие болды. Осындайда қазақ атам «Үш бар жерде күш бар» демей ме?! Өзге елде жүріп, ел намысын биікке көтеру үлкен ерлік.
Әлемді жайлаған пандемия шет елдерде өтетін спорттық жарыстарға ұзақ үзіліс салғаны белгілі. Биыл байрақты бәсекенің өтуіне жол ашқандай. Міне соның дәлелі, кешегі аптада Дубай қаласында FAZZA – 2021 Гран-При турнирі. Оған 54 елден 500-ден аса спортшы қатысқан. Байрақты жарыста Қазақстан Республикасының құрама командасы, соның ішінде Қызылорда облысының Мүгедектерге арналған спорт клубының спортшылары белсенді түрде өнер көрсетті. Кіл мықтылар арасында жүгіруден жерлесіміз Мейіржан Мақсат алдына жан салмай, қолаға қол жеткізді.
Мейіржан 2016 жылдан бері спортпен айналысып, Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп келеді. Ол қашықтыққа жүгіруден әлемдік жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Бала күнінен спортқа жақын өскен спортшыны жаттықтырушысы Мұратбек Кетебаев жеңіл атлетикаға бейім екенін сыртқы болмысынан байқапты.
– Темір жол вокзалында пойыз күтіп тұрмын. Сол кезде сыртымнан бір кісінің назар салып бақылап тұрғанын байқадым. Әрі-бері жүріп едім, ол дене бітіміме қарауын тоқтатпады. Жақындап келіп «балам сен нағыз жеңіл атлетикаға дайын екенсің, бізде параолимпиадалық жарыстар болып тұрады, келіп қатысып көр» деп ұсынысын айтты. Мен келістім. Қазір, міне сол кісінің шәкіртімін, – деді ол.
Бүгінде оның жарыстарда жеткен жетістіктері жетерлік. 2018 жылы Ирландияда өткен әлем чемпионатында 1 алтын, 2 күмісті жеңіп алса, сол жылы Қытайда болған Гран-При турнирінде қос алтынды қанжығаға байлаған. Ол осындай жетістігі үшін жаттықтырушысына айтар алғысы шексіз.
Спортшылар кешегі жарыста ел намысын қорғап қана қоймай Токио қаласында өтетін Параолимпиадалық ойындарға қатысу үшін өздерінің құқықтарын дәлелдеп, біліктілік нормативтерін орындады. Енді көктемде Тунис қаласында өтетін Гран-При турнирінде өнер көрсетпек.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
20 ақпан 2021 ж. 849 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930