» » Жетістікке жеткізген кездейсоқ кездесу

Жетістікке жеткізген кездейсоқ кездесу

Қарапайым күнделікті өмір. Шаруаларыңызбен дүкенге барған кезде сатушының майда ақшасы болмай, сізге бір парақ лотерея билетін ұсынды. Ойыңызда ештеңе жоқ, қалтаңызға салдыңыз да өз жолыңызбен кете бардыңыз. Кешкілік уақыт теледидардың алдында отырған кезде ойын басталды. Қалтаңыздағы билет есіңізге түсіп, қағаз бен «көк жәшіктегі» бағдарламаға кезек-кезек қарап отырсыз. Басында бір де бір саны сәйкес келмегенімен, ең соңында көпқабатты зәулім үйді сыйлайтын билет сіздікі болып шықты. Аяқ асты баспаналы болып қалдыңыз. Міне, сіз осындай кездейсоқ сәттілікке сенесіз бе? Біздің бүгінгі кейіпкер осындай сәттілік иесі. Бірақ, ол үй емес, жүлдеге "Қазақстан спорт шебері" атағын иемденді.

Иә, Мейіржан Қалданұлы жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Ал бұл жетістіктің артында кездейсоқ жүздесу бар. Кейіпкерімізді бапкері Мұрат Кетебаев вокзалда кездестіріп, паралимпиада ойындары жайлы түсіндіріп, спортпен айналысуға шақырған. Сол кездегі қарапайым Мейіржан бірден келісіп, жаттығуды бастап кеткен.

Мейіржан Мақшат паралимпиада ойындарында 800, 1500 метр қашықтыққа жүгіреді. Спорттық мансабын 2016 жылы бастаған жеңіл атлет қазіргі таңда Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Мұрат Айбазарұлының шәкірті Қытайдың Бейжің қаласында өткен Гран-при жарысында 800 және 1500 метр қашықтыққа жүгіруден алтын медаль иемденген. Сондай-ақ ол 23 жасқа дейінгі Әлем чемпионатында 800 метрге жүгіруден алтын, 1500 және 400 метр қашықтыққа жүгіруден күміс медальдарды қанжығасына байлаған. Бірақ, оның ең негізгі – жеңісі қиындыққа мойымай, тынбай еңбектенуі.

– Жеңіл атлетика спорттың патшасы деп саналады. Расымен бұл спорт түрі төзімділік пен шыдамдылықты көп қажет етеді. Бұл спортта жетістікке кездейсоқ жету мүмкін емес, тынбай еңбек ету керек. Сол себептен жаттықтырушының жоспары бойынша күн сайын 2 сағаттан астам жаттығамыз. 2021 жылы өтетін Олимпиада ойындарына қатысқым келеді. Ол жерде жеңіс төріне шығып, қазағымның көк туын желбірету үшін күн сайын жаттығып, қызу дайындыққа кірісіп кеттім, – дейді қармақшылық атлет Мейіржан.

Расымен қазір талай жас арман мен мақсатты айыра алмай, күндерін бос өткізіп жүр. Кейбірі тіпті пайдасынан гөрі зияны көп әдетті серік етіп, көше кезіп әлек. Міне, сол жастарға осы азамат үлгі.

Қазір күллі әлем тыныштық пен тәртіп сақтап үйде. Дегенмен, спортты жаны сүйетін азамат бұл уақытта да тоқтап қалған жоқ. Ол үйде жүріп-ақ күнделікті жаттығу жұмыстарын жасауда. Сондай-ақ «атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші жерлес желаяқ өз ауласына көшет отырғызып, оларды күтіп-баптайды. Отбасымен бірге бау-бақша егіп, қыстың қамын ойлауды бастап кеткен. Бұл да азаматттың еңбекқорлығының дәлелі.

P.S.
«Ат – шабысына қарай шабады, ер – намысына қарай шабады» депті Сырым Датұлы. Намыстың жүгін беліне байлап, мақсатына жету үшін тынбаған Мейіржанның бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігі мен дәрежесінің артында қанша еңбек пен қиындық жатқаны тек Мейіржанның өзіне ғана аян. Ал біздің бір білеріміз – оның туған жердің атын шығарып, көк туымызды көпте желбірететін күні алыс еместігі.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

21 сәуір 2020 ж. 1 176 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031