Бокста бағы жанған бойжеткен
Сыр елінде байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатып жүрген жас спортшыларымыз жетерлік. Әсіресе киелі Қармақшы топырағында туып өскен спорт саңлақтары бүгінде көпке танымал. Соның ішінде былғары қолғаптан ел намысын қорғауда да спортшыларымыз жеңістен құр алақан емес. Жуырда Алматы қаласында өткен бокстан Қазақстан Республикасының чемпионатында жерлесіміз тағы да жүлделі ІІІ орынмен оралды. Ол Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің 10 сынып оқушысы – Гүлсезім Садықова.
Анасының айтуынша Гүлсезімнің спортқа келуі күтпеген жағдай. Қызының өнерлі болуын қалаған ана 1 сыныбынан бастап домбыра үйірмесіне береді. Онда ол үш жылдай қатысып, жақсы нәтиже көрсетеді. Кейін көңілі спортқа ауып, домбыра үйірмесіне бармай қояды. Оқушысынан үлкен үміт күткен ұстазы бұл әрекетіне қарамай оған үйіне барып сабақ беруді жөн көреді. Себебі Гүлсезімнің домбыра шертуі өзге балалардан өте ерекше болса керек. Бірақ немересінің домбыраға қатысқысы келмей жүргенін байқаған әжесі ұстазына оның көңілі басқа өнерді қалап жүргенін айтып, сабақ беруін тоқтатады. Сөйтіп 4 сыныбында спортқа алғашқы қадамын жасайды. Анасына айтпай жасырын ауыр атлетикаға қатысып, ол жақта да жақсы көрсеткішімен жаттықтырушының көзіне түседі. Ә дегеннен он күн ішінде жарысқа қатысушылар қатарына алынған ол, ауданда өткен облыстық жарыста 56 келі зіл темір көтеріп, ІІ орынды қанжығаға байлайды. Үйіне қуанышпен оралған қызын анасы көріп таң қалады. Бірақ қыз қуанышы ұзаққа бармайды. Себебі анасы қызының бұл спорт түрін таңдағанын білмейтін.
– Шыны керек Гүлсезімнің зіл темір көтеріп жүргенін білмеппін. Оны спортта жүрген інім айтып сүйінші сұрады. Амалдың жоқтығынан сол кезде қызымның қуанышын су сепкендей бастым. Өйткені ауыр атлетикаға қатысатын қыздардың түр болмысы маған өте таныс. Олардың дауысы жуандап, аяқ қолдарының бұлшықеттері ісініп кетеді. Ал мен қызымның ондай болып жүруін қаламаймын. Оның көңіліне қарамай спорттан шығарып алдым. Бірақ қызыммен оның жаттықтырушысы маған қатты ренжіді, – дейді анасы Айгүл.
Жас спортшы мұнымен тоқтап қалмайды. Ол одан әрі күреске қатысып бағын сынайды. Бірде папасы қызының күреске қатысқанын сынап көрмекке үлкен ұлы Ғабиденмен күрестіріпті. Сонда күрестің әдіс-тәсілін пайдаланған Гүлсезім ағасын жығып тастай беріпті. Нұрадин ағамыз ұлының жеңілгенін көріп «дұрыстап күрессей, жаның барма» деп ұрысыпты. Ал ағасы болса «қыз баласы болғасын оған қарасып жеңіліп жатырмын» дейді ғой. Бірақ шындығында қарындасынан бұлай жеңіліп жатқанын қайдан білсін.
Уақыт өте спортшы қыз өзінің нақты таңдауын жасайды. 6 сынып оқып жүргенде аудандағы №15 олимпиадалық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс бөлімшесінің жаттықтырушысы Жандос Топаев оны өз шәкірті етіп қабылдап, жаттықтырады. Бастапқыда ата-анасы бұл спорт түрін де ерсі көреді. Бірақ әжесі Сырғабике немересінің бұл қадамына қарсы келмей оны қолдап батасын береді. Қазақ «Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деп бекер айтпаса керек. Кейін ата-анасы да түсіністікпен қарап келісімін береді. Осылайша Гүлсезім бокстан таңдауын өзгерпейді. Түрлі жарыстарға қатысып жүлделі орындардан көрінеді. 2017 жылы Ерлан Нысанбаевты еске алуға арналған республикалық турнирде ІІ орынды жеңіп алса, 2018 жылы өткен бокстан Қуаныш Қаражановтың турнирінде І орын қанжығаға байлап, алтын медаль тағынады. Жалпы Гүлсезімнің жеңістері көп. Сыңғырлаған медальдары соның дәлелі. Әңгіме барысында жарыстарда өткен қызықты оқиғасымен бөлісті.
– Рингте қарсыласыммен жұдырықтасып жатырмын. Ол кезде бұл спорттың әдіс-тәсілін толық білмеймін. Бірақ менде артқа шегіну деген жоқ, тек алға қарай жүріп отырамын. Сол кезде қарсыласыма қатты соққы жасаймын деп екі қолымды алға созғанымда ентелей кетіп құлағаным бар. Отырған көрермендерден қатты ұялып қалдым. Ұялсам да намысқа тырысып, сол жарыста жеңіп шықтым, – дейді ол өткенді ойға алып күліп.
Мұнан бөлек сөз арасында Гүлсезімнің ер мінезді қасиетін де байқадық. Сыныпта мұғалімі ер балалардың төрайымы қылып сайлап та қойған. Дайындық кезінде де бірге жаттығатын қатарластары оның соққысынан қорқады екен. Бірде жарыста ол қарсыласынан соққы алып беті көгеріп қалады. Үйге келгенде әкесінен қорқып бетін көрсетпеуге тырысыпты. Әкенің тәрбиесі қатты болса керек. Қызының бұл әрекетін байқаған ол оған еш үндемейді. Тек анасына айтып «қызым осылай шыңдалады» деп оған қолдауын көрсетіпті. Өзі де «боксшының беті көгергені ол – абырой» деп әзілдей күлді.
Кешегі Алматыда өткен жарысқа ол ерекше дайындалғанын айтты. Тіпті дода алдында оған түсінде аян берген.
– Жарыс болар алдында түсімде екі-үш рет ІІІ орын алып жатқанымды көре бердім. Содан жаттықтырушыма және қасымдағы қыздарға «мен осы жоғары орыннан көрінбеймін ау» дедім. Олар «олай деме, түс керісінше болады, сен жеңесің, біз саған сенеміз» деп демеу көрсетіп жатты. Бірақ ойым дәл келді. ІІІ орын алдым. Бірақ мен мұнымен тоқтап қалмаймын. Жарыс болғаннан кейін бірде жеңіс, бірде жеңіліс болып тұрады, – деді Гүлсезім.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген. Кейіпкеріміз жаттықтырушысы Жандос Топаевқа алғыс айтады. «Ол кез келген жерде болсын менің ең үлкен қолдаушым» дейді ағынан жарылып.
Ерсін СӘДУҰЛЫ