Нұр-Сұлтаннан Жидебайға велосипедпен жеткен
Мыңдаған шақырымды велосипедпен артқа тастау әсте оңай емес. Жуықта хакім Абайдың 175 жылдығына орай «Нұр-Сұлтан – Жидебай» бағытында мульти велошеру өтті. Велошерудің қашықтығы мың шақырым.
Ернат Мелсұлы бастаған велошабандоздар 2 қыркүйекте Нұр-Сұлтаннан шығып, Ерейментау, Екібастұз, Павлодар, Семей қалаларын басып өтіп, 11 қыркүйекте Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешеніне жетіп тоқтаған. Велошерудің мақсаты – Абайдың өнегелі өмірін, бай мұрасын насихаттауға атсалысу, жастарды елді, жерді сүюге үндеу және халықты саламатты өмір салтын ұстануға шақыру еді.
Велошабандоздар елді мекендерді басып қана өткен жоқ, табан тіреген әр қаланың тарихын тануға тырысты. Тұрғындарымен, шежірешілермен әңгіме тарқатысты.
– Абайтанушы Ғарифолла Есім Аққулының тумасы екенін білмейді екенбіз. Біз сол ауылда қондық, елмен әңгімелестік. Семейге 38 шақырым жетпей сол жағымызда 1800 жылдары салынған мешіт көрінді. Сұрастырсақ, ғимарат бір шегесіз салынған екен, – дейді ағылшын тілінің оқытушысы-аудармашы Ернат Мелсұлы.
Ал Алаш астанасы – Семейге жеткен азаматтар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, мұражайларды аралады. Таным көкжиектерін кеңейтті. Велошабандоздардың айтуынша, ауырып ем іздегенше саламатты өмір салтын ұстанып, ауырмайтын жол іздегеніміз абзал. Әр адам жұмысына, серуенге велосипедпен шықса уақытын да, ақшасын да үнемдейді. Әлбетте денсаулығын нығайтуға зор әсерін тигізеді.
Велошабандоздарды Абай елі құшақ жая қарсы алды. Мұнда олар Абайдың рухын сезініп, өмірімен, шығармашылығымен танысады, өздері де тарихты насихаттауға үлес қосады.