» » ОЯТҚЫШ «БОМБА»

ОЯТҚЫШ «БОМБА»

Тәтті ұйқыда түс көріп, алаңсыз жатыр едім. Оң жақ қапталдан әлдеңе «дүрс» етті. Ойыма қолымнан тастамай құшақтап жататын қалтафоным сап ете қалды. Масқара, жарылды ғой деймін. Көзімді тырмап-тырмап әрең аштым. Сығырайып айналама қарасам тал түс. Үстімдегі көрпем «бомждың» қомаш-қомаш жейдесі. Үсті-басым малмандай су. Жатқан жерім ыза. Мен қайдамын?
8 сағат бұрын...
Бүгін дүйсенбі. Таңымыз қарбаласпен атып, кеш батқанға дейін парақтардан көз ашпаймыз. Әр әріпті қайта-қайта оқып, көзді шаршатамыз. Бастысы – газетте қате кетпеуі керек. Кеш бата сүйретіліп үйге келдім. Әдеттегіше үйдің тірлігі. Жылы көрпеге құлаған да «бір бақыт». Қолымыз қалт етсе ұялы телефонымызды шұқылай кететін әдетіміз ғой. Әлгінде Фейсбукке кіріп, итше қырқысатындарға қарап күлкімді жия алмайтын ем. Енді сол «соғыс» алаңына өзім де қалай кіріп кеткенімді аңғармай қалдым. «Анау дұрыс адам емес», «Мынау білімсіз», «Әлгі пәленше ақшаны же-еп, халықты тонап жүр», «Айлық аз, куда смотрит акимат?», «Бізге қарағанда өзге мемлекет ба-ай»... Толассыз бірінен соң бірі шыққан жазбалар. Содан не керек, намысқа тырыстым да Отан үшін отқа түсуге даяр сарбаздай «соғыс» алаңына аттандым. Әріптер пернесі құдды Калашников автоматындай. Оқпен емес сөзбен атысып жатқанда түн жарымы болғанын аңғармай қалыппын. «Бұларды Құдай жеңбесе жеңе алмаспын, қойшы әрі» дедім де шаршаңқы күйі жылы көрпеме сылқия түстім. Азанда жұмыс, ішкәптің ішіндегі су жаңа кәстөмімді киіп барамын. Айтпақшы, оятқышымды іске қосып қояйын. Іштей күбір... Қалың ұйқы...
Дүрс... «Пісіміллә, пісіміллә қалтафоным атылып кетті». Осы оймен орнымнан атып тұрдым. Әлгінде ғана қуатқа қойған телефоным жоқ. Әрі іздедім, бері іздедім. Сөйтіп жатқанда зу-у еткен зымыран мен отырған тұсқа тарс етіп құлады. Есімді енді жиғандаймын. Жастық-көрпем кір-кір біреудің киімі. Үстімдегі халатым жыртылып, өңі кеткен. Кеше ғана жатқан бөлме суық, тастанды үй. «Ойба-ай балам қайда?». Жаңа ғана бесікте пырылдап ұйықтап жатыр еді ғой. «Астапыралла, не болып жатыр?». Жиналып жатқан үйінділердің астын әрі ақтарып, бері ақтарып таппадым. Солай есалаң күйде жүргенімді «Алла-аху Акбар» деген дауыс естілді. Әйнегі сынған терезден жалт қарасам айнала қып-қызыл соғыс. Автоматтың, зымыранның даусы. Жүйткіген соғыс көліктері. Тә-әк, ойланатын ештеңе жоқ. Әкем душмандармен күрескен. Мен неге қорқуым керек? Баламды тауып, елге аман қайтуым керек. Бастысы – серік болар қару табу. Төменгі этаждағы бөлмеде көне ішкәптан қару таптым. Мектепте алғашқы әскери даярлықта Тирдан облыстық сайыстарға қатысып, мергендердің қатарына енгем. Маған не тұрыпты, тәйірі?
Көрші бөлмелердің қуыс-қуысын тінтіп жүрмін. Сыртқа шығатын жасырын есік болуы тиіс.
– Көмектесіңдер, – деді біреу.
– Кім ей бұл? Қазақсың ба? Қайдан жүрсің?
– Иә, қазақпын. Мен ғой Ғабит. Омар мен Әділет үшеуміз мұнда қалай тап болғанымызды білмей, адасып жүрміз. Омардың оң қолына оқ тиді. Көмек қажет, – деді ол дірілдеген дауыспен.
Айнала кәнігі соғыс алаңы. Көз алдымызға бейбіт өмірдің тәтті естелігі бірінен соң бірі кадр іспетті өтіп жатыр, өтіп жатыр. Манағы дауыс қайта естілді.
– Қарындасым, қайдасың?
Бұл жолы жылаңқы дауыс.
– Мен мұндамын аға, – деп жатқаным сол еді екі бөлменің ортасына бомба түсіп, айналаны тас-талқан қылды. Қандастарыма жәрдем бере алмадым. Байланыс үзілді...
Екі көзімнен жас мөлтілдеп, жылап отырмын. Қараңғы қапаста жалғыз қалғандаймын. Отбасым қайда, балам қайда? Бейбіт сүрген өмірім қайда?
Екінші мәрте дүрс ете қалды. Құлағым шыңылдап, миымды жеп барады. Тоқтар емес. «Не болып жатыр өзі?» деген күйі көзімді ашсам таң енді атып жатыр екен. Оятқышым шырылдап қояр емес. Атып тұрып қалтафонымды қолыма қатты қысып алдым. Бұл жолы мені өзге емес, өз елімде оятқанына қуандым. Шүкірлік еттім.
Пысы:
Осындай оятқыш «бомба» Фейсбуктегі кей пендеге керек-ау. Әйтпегенде...
Айнұр ӘЛИ
14 қаңтар 2020 ж. 1 056 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 019

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031