» » СҰМДЫҚ ОҚИҒА: Ұйықтаудан қалған

СҰМДЫҚ ОҚИҒА: Ұйықтаудан қалған

   
   Таң алдында дәрет қысып оянып кеттім. Қараңғыдан сұмдық қорқатынмын. Бірақ қуығыма толған дәрет қорқынышымды ұмыттырып, еріксіз сыртқа айдап шығарды. Дәліздің светін жағып, тысқа шықтым. Қора ішіндегі әжетханаға баруға жүрегім дауаламай, аулада дәрет сындырдым. Қараңғы түнде әлдекім шыға келіп бассалардай, бойымда белгісіз қорқыныш билеп барады. Дәрет алып бола сала үйге қарай жүгірдім. Дәлізге кіргенде ғана жүрегім орнына түсіп, қорқынышым ептеп басылғандай болды. Содан төсегіме келіп жаттым. Екінші керуетте жатқан інім ұйқы құшағында.
Дегенмен, бірден ұйықтап кете алмадым. Әрнәрсені ойлап жатып, бір кезде көзім ілінген екен деймін, кенет баяу қалқып жоғары көтеріле бердім. Содан ақырын қалқыған күйі жерге түстім. Бұның өзі баяулап көрсететін кинолентаға ұқсайтын сияқты. Табаным еденге тиген кезде тізелерім салмағымнан бүгіліп отырып барып қайта тұрдым. Бөлменің іші ұзын жіңішке вагонға ұқсайды. Сүттей ұйыған жарық.Кенет төсегімде жатқан өзіме көзім түсті. Көрпем ашылып, басым бір жағына қарай қисайып қалыпты. Сол жағыма қарасам, басын көрпеге тыққан інім тып-тыныш пысылдап ұйықтап жатыр. Өңім бе, түсім бе біле алмай, аң-таңмын. Содан, ұйықтап жатқан өзіме жақындап үңіліп қарадым. Бетбейнем, тіпті ақырын алған тынысыма дейін ап-анық естіліп тұр. Шошынайын дедім. Мынау жатқан кім? – деймін өзіме өзім. Ақылымнан алжасқан шығармын, мүмкін бұл түс пе екен? Түс еместігін сезсем де, соған өзімді сендіргім келеді. Бұны анықтаудың жолы – өзімді шымшылап көрейін деген бір оғаш ой келді. Содан қолымды саныма апарып бұрап кеп жіберейін. О тоба, қолым аяғыма ілікпейді. Бейне аяғым жоғалып кеткендей. Сұмдық. Қолымды саныма тағы да апарып, шымшылап жатырмын. Алла сақтасын, жұдырығым аяғыма еніп жоқ болып кетті.Мен кіммін, бұл не сұмдық? –деймін шошынып. Сол-ақ екен аяғым аспаннан келіп шалқамнан құлап түстім. Құладым дегенім бекер, көкке көтеріліп, керуеттің үстінде қалықтай келе ұйықтап жатқан денеме қайта қосылдым.
Сөйтіп мен өз денемде есімді жидым. Жіңішке вагон сияқты жарық бөлме жоқ, кәдімгі інім екеуміз ұйықтайтын кішкентай бөлмеде жатырмын. Мұның не екендігін ұқпай, есеңгіреп біраз жаттым. Қорыққанға қос көрінеді деген, түсім шығар деп жұбаттым өзімді. Содан таң алдында ғана көзім әзер ілінді.
Дегенмен, бұл оқиғаны мен ешкімге айтқаным жоқ. Оған өзге түгілі, өзім де онша сенбеген едім. Құдай жоқ, адам маймылдан жаратылған дегенді жоғары сынып балаларынан естігенім бар. Биология пәнінде адамның қалай пайда болғанын тәптіштеп түсіндіреді екен.
    Жүз қаралы үйі бар шағын ауылымызда намаз оқитын жалғыз Қосымбек шал-тын. Ол кісі сонау сәбет заманынан намаз оқып, ораза ұстап келеді. Ал басқалар Алланы ауызға да алмайды. Оны айтасың, шалдардың көбі арақ ішеді. Сондай ауылда өскен құдайға сенбейтін материалистердің бірі мына менмін. Денемнен шығып кеттім, ұйықтап жатқан өзімді сыртымнан көрдім десем, жұрттың мазағына ұшырарым анық. Бірақ осы жағдайдан кейін ұйықтауға қорқып қалдым. 

ЖАЛҒАСЫ БАР....

18 шілде 2019 ж. 1 851 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 024

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031