Айнада көрінген шайтан

Қыздармен хат алысып ересектерше шаш қоя бастаған шақ қой. Кіреберіс бөлмеде қабырғалық айна, оның алдында тарақ міндетті түрде тұратын. Әрі кіріп-шыққан сайын шаш тарау күндегі әдетке айналған. Шартты рефлекс деген құрғырың рас екен. Қапелімде ешқандай секемсіз қолымдағы шам жарығымен айна алдына бардым да шаш тарай бастадым. Кенет әлгінде ғана оқығаным ойыма сап ете қалсын. Қараңғы бөлме... қолымдағы шам жарығы... айна алдында шашын тарап тұрған мен... Арт жағымнан елес сұлба ағараңдай бастады. Әжем үйреткен азды-көпті кәлима білетінмін. Тіл келсейші! Сіресіп қаттым да қалдым. Сайтан ба, әлде, басқа тылсым күш иесі ма екен дөп басып айта алмаспын. Бірақ, кейін сол бейнені корқынышты көркемфильмдерден анық ұшыратқам. Тіпті соның өзі қайта келгендей шошығаным бар. Қимыл байқалады, маған таяп келе жатқандай. Дәп сол тұста сіресіп қозғалыссыз қалған қолымнан шам жерге құлап қирап қалсын. Тұра жүгірдім сыртқа. Сол жүгіргеннен шақырымға жуық трассадан бір-ақ шықтым. Адамдар жүр екен. Аула жұмыстарын жалданып жасайтын дяд Коляны ұшыраттым да қасына жайғастым. Сұп-сұр боп кеткен келбетіме бір қарады да:
- Что случилась? – деді.
Орысшалап айтып түсіндіре алмасымды ұға қойдым да «не нада» дей салдым. Арағын сіміріп отқан дяд Коля жалба-жалба шашымен айнадағы сұлбаға ұқсаумен тағы да есімнен тандырды.
Ертесі әжем қолымнан жетелеген бойда «Тәуіп қатын» аталып кеткен Күлбике шешеге алып барып дем салдырды. Шешей:
- Пері ғой, балаларды арбаушы жасы екі жүз елулер шамасындағы жас пері. Ештеме етпес, дем салдым. Ендігәрі ондай гәзіт оқушы болма, - деп шығарып салды. Ал, әжем жиюлы газеттердің барлығын алды да отқа өртеді.
Түсіме кіріп әлі күнге мазалайтын шешей айтқан періге кейіннен үйреніп те кеттім. Кәлимамды үш қайтара оқып ұйқыға аттанам. Ол айна алдынан үнемі көз тастап қарайды да тұрады...
Жантөре Әнуарбеков