СҰРАНЫСҚА ИЕ СЕРВИСТІК ОРТАЛЫҚ
Өңірдегі кәсіпкерліктің дамуы сан қырынан көрініс табуда. Қолдағы барды мол табыс көзіне айналдырып, ел игілігіне еңбек ету қазіргі кәсіпкердің басты ұраны. Аймақ кейінгі жылдары кез келген сала бойынша алдыңғы қатарда. Әсіресе, кәсіпкерлік саласындағы өсу өңір экономикасының әлеуетін арттыруда. Жаңа жобалар жалғасын тапты. Жұмыс орындары ашылды. Соның бірі – «АНС» сервистік көлік жөндеу орталығы.
Аудан орталығындағы көлік жөндеу шеберханасын ашқан жас кәсіпкер Бауыржан Алпысбайұлы бүгінде тұрғындардың алғысына бөленуде. Ол басшылық ететін орын 2018 жылы қайта жөндеуден өткен. Алғашқыда кәсіпкер көлік жуу орталығын ашады. Алайда көлік жөндейтін орын аз екенін ойлана келе жаңа кәсіптің көзін ашуды мақсат етеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 6 млн. теңге көлемінде несие алады. Қолға тиген қаржыға қажетті құрал-жабдығын алып, нысанға күрделі жөндеу жұмысын жүргізеді.
– Орталықта орналасқан соң мұнда көлік жиі келеді. Себебі бұрынғыдай емес, қазір көлік тізгіндеушілердің қатары көбейген. Кейде шеберлер үлгермейді. Десе де олар – өз ісінің маманы, – дейді Бауыржан Алпысбайұлы.
Ғимараттың екінші қабатында «Playstation» бар. Бұл аудан жастарының сүйікті орнына айналған. Бос уақытында уақыт өткізбекке бас сұғатыны жиі кездеседі. Ал көлік жөндеу шеберханасында шина-құрсымды жөндеу, дөңгелек теңгеру, көтергіш секілді жаңа құрылғылар жұмыс жасап тұр. Мұнда заматында екі көлікке дейін қабылдайтын мотор қозғалғыш бөлшектерді жөндеп, байқастау мен ірілі-ұсақты жұмыстар істеледі.
– Табыс табамын деушіге жұмыс көп. Бос жатқаннан еңбек ету керек. Ал сол еңбек ащы тер шығарса, соңында тәтті жемісін береді. Тек мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды тиімді пайдаланса болғаны. Тұтынушылар көлігіне қосалқы бөлшектерін өзімен қоса алып келеді. Алдағы уақытта осы шеберханадан дүкен ашып, оны келушіге өзіміз ұсынсақ деген ойымыз бар. Сервис ашу бұрыннан жоспарда болған. Сәті енді келген секілді, – дейді жас кәсіпкер.
Бауыржан Алпысбайұлы 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Арманы көп, талапшыл жас алдағы уақытта қажетті құрал-жабдықтар қатарын толықтырып, кәсібін кеңейтпек ниетте.
Айнұр ӘЛИ