ЫСТЫҚТАН КЕЛЕР ҚАУІП КӨП
Тағы да +45 градус. «Бір күнімнен, бір күнім сұмдық болды» деп отыратын үлкендер мұндайда. Айтатындайы бар. Апшыңды қуырар аптап ыстық. Шыдай алмағанЫ көлеңке қуалап, ағаш түбін саялауда. Жаяу жүру мүмкін болмай тұр. Жұмысқа барып келудің өзі мұң. Қоғамдық көлікке отыр-саңыз, тынысыңыз тарылады. Такси қызметі де саябырлаған. Бұл кәсіп иелерінің бәрінде салқындатқышы бар жаңа көлік жоқ. Мұндай ыстықта желдеткіші болмаса шопырға да, такси тұтынушыҒА да қолайсыз.
Иә бұл асыға күткен жаздың екінші айы. Күтетініміздей бар. Әуелі жақсысынан бастайықшы. Балалар 3 айлық демалысқа шығып, алаңсыз асыр салады. Жыл бойы еңбек еткен қызметкерлер кезекті демалысын балаларымен бірге өткізбек ниетте жазға топшылайды. Жаңа үй салу сәнге айналған уақытта құрылыс жұмысы қызатын кез. Нысан тұрғызбасақ та, түрлі күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге таптырмайтын сәт. Үйдің тірлігін ұршықша иіретін қыз-келіншектер тағы аптап ыстықты ұтымды пайдаланып қалады. Көрпе-жастығын күнге жайып, қыстық киім-кешегі мен кілем, төсенішін жуып-тазалайды. Біздің тұрғылықты жеріміз әу бастан салқын аймақ емес. Жаздың қамын қыс ойлап үйге салқындатқыш (кондиционер) орнатып алған көбісі. Өйткені аптапқа шыдамаймыз. Асылы – үйден шықпай салқындатқыштың астында жату. Күн ыстық екен деп қамалып отырсаң тірлігің қалады. Мұндай қондырғы тағы бәрінің үйінен табыла бермейді. Соңғы күндері ауа райының күрт ысуынан техникалық тауар сатылатын дүкенде желдеткіш пен салқындатқышқа сұраныс көбейеді. «Тым салқындатып жібермесе де, аздап ыстықтан қорғайтын әрі бағасы қолжетімді желдеткіш жаз бойы жақсы сатылымдағы тауар» , – дейді кәсіпкерлер. Осы ретте салқындатқыш орнататын маманмен тілдесуге мүмкіндік туды. Алтын қолды азамат Асылбек Қосанов күніне 4-5 үйге шақырту алатынын айтады.
– Жаз бойы үйлерге салқындатқыш орнатамыз. Жұмыс істеу оңай болмай тұр. Кәсіп қып, отбасын асырап отырған соң мамандықтың қиындығына төзесің. Тапсырыс беруші шақырған мезетте жетіп, жұмысты жедел орындаймыз. Алғыс арқалап жүрген жайымыз бар. Әйтпесе, мына ыстықта үйде жатқаннан абзалы жоқ, – дейді электромонтер.
Қолайсыз ауа-райының зияны шаш етектен. Күннің аптабы жаз бітпей жатып, жасыл желекті сарғайтып жіберді. Жеміс ағашы мен бау-бақша қурап, шаруа еңбегіне кедергі келтіруде. Жедел жәрдем қызметі тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Ми қайнатар ыстықтан түрлі ауру өршіп, шақыртулар да артқан. Күз бен қыс айында тұмау мен суық тиіп ауыратын болсақ, жазда ішек инфекциясының қозатын уақыты.
– Балада да, ересекте де жедел ішек инфекциясы жиілеп кетті. Кене шағып шағымданушылар да аз емес. Қан қысымы көтеріліп, тұрғындардың біршамасында әлсіздік белең алуда. Қуантарлығы – ауданда қауіпті кене шаққан адамның тіркелмегені. Жаздың ыстығында балалар суға шомылуға, құммен ойнауға құмар. Жіті көңіл бөлмесеңіз, жуылмаған жеміс-жидек жеп қояды. Мұның соңы ішек ауруына әкеп соғуы мүмкін. Балаңыздың дене қызуы көтеріліп, аяқ асты іші өтіп, құсып ауырып қалуынан сақ болыңыз. «Ауру – астан» демекші, жаз мезгілінде, әсіресе, тамақтан улану күрт көтеріледі. Бауыр еті баламыздың жаз қызығына бөленгенін қалаймыз десек те, «Сақтықта қорлық жоқ» екенін ұмытпаған жөн. Үнемі тамақтанар алдында қолын мұқият жууды қадағалап, қайнамаған су ішкізбеуге тырысыңыз. Егер тамақтан улану белгісін байқасаңыз, өз бетіңізше емдеумен айналыспай, дереу дәрігер шақыртыңыз. Күн ыстықта арнайы киім мен күнқағар киіп жүру ләзім. Ыстықта жұмыс істейтіндер сұйықты көп ішуі тиіс. Ыстықта адам ағзасы көп мөлшерде сұйық жоғалтып, нәтижесінде қан қоюланады. Бұл жағдай жылу реттеудің бұзылысына ғана емес, инсульт пен инфарктқа душар етуі ғажап емес. Ағзадағы тұз балансын реттеу үшін минералды су немесе арнайы тұзды ерітіндіні ішу қажет. Ыстықта және күн астында жұмыс істегенде үзіліс жасап отыру керек. Ол үшін орынжайды салқындатқыш құралмен жабдықтау қажет, – дейді тәжірибелі дәрігер Динара Елеусінова.
Ауа райын болжаушылардың мәліметінше, таяу күндері күннің көзі қайта қоймайды. Қапырық ауа шіліңгір шілденің соңына дейін созылуы мүмкін. Тек Қызылорда облысы емес, барлық аймақта солай.
Төтенше жағдайлар бөлімі мамандары суға кету жағдайын қайтсек болдырмаймыз деп әлек. Күні-түні дария жиегін кезекпен қадағалауда. Биыл жұмыс тәртібі жылдағыдай емес күшейген. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан суға түсушілер көбеймесе, азаймай тұр. Сала мамандары ескерту жасаудан ерінген емес.Еңкейген қариясынан, еңбектеген баласына дейін дария жиегін демалыс орнына айналдырып, саяхат жасаушылар белгіленбеген аймақта саяжайда жүргендей демалуда. Ауданға жағажай салудың кезек күттірмейтін мәселе екенін аңғартады. Бәрінің Қамбаш, Қызылорда асып жағажай іздеп кетуге жағдайы келе бермейді.
– Жағажайдың тәртібіне бағынбаудың салдарынан қайғылы жағдайға жол берілуде. Осыны жұрт дұрыстап түсінсе екен. Біздің мақсатымыз – келеңсіз оқиғаны болдырмау. «Бұл демалыс аймағы емес», – деп тұрғындар қауіпсіздігін ойлап шыр-пыр болсақ, олар: «Енді қайда бармақпыз», – деп өкпесін білдіреді. Дария суы тайыз болғанымен, апат айтып келмейді. Сырын білмейтін тұңғиықтың тереңіне бойлап, жағадан алысқа ұзау өмірге қауіпті екенін жадымыздан шығармасақ игі. Ыстық күнде өрттен де қауіп бар. Сондықтан аулада қоқыс өртемеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға тырысайық, – дейді төтенше жағдайлар бөлімінің маманы Серіккүл Әбжаева.
Түйін
Байқағанымыздай қыстың ызғарынан гөрі, жаздың +45 градус ыстығына төзу халық санасында ерекше орын алса керек. Қайтеді енді. Қырқына шыдағанда, қырық біріне де шыдайды да.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА