» » АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМГЕ ТИЕСІЛІ?

Осыдан бірнеше ай бұрын Елбасы Үкіметке халықтың әл-ауқатын көтеру бо­йынша бірқатар нақты тапсырма берді. Соның бірі – әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, сондай-ақ атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әр баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіру болатын. Бұл мәселе қоғамның қызу талқысына түсті. Ол көмектің кімге және қалай берілетіні төңіре­гінде пікірталас туындады.  Жуырда аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Зере Метерова мұндай көлемдегі жәрдемақыны кімдер алатыны және оның қалай есептелетіні, осы уақыт аралығында қанша азамат алғаны жөнінде түсінік берген болатын.
Бөлім басшысының айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік көмектің жаңа түрі, яғни жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аудан тұрғындарына тағайындалып берілді. Бұл атаулы әлеуметтік көмек2019 жылдың 1 сәуіріне дейін кедейлік шегінің, яғни отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 процентінен аспаған отбасыларға тағайындалып келді. Ағымдағы жылдың 27 ақпанында Елбасының «Nur Otan» пар­тиясының кезекті ХVІІІ съезінде берген тапсырмаларына сәйкес, аз қамтылған отбасыларды, көп балалы аналарды және толық емес отбасыларды қолдау мақсатында атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалу тәртібіне өзгеріс енгізіліп, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап кедейлік шегі 50 проценттен 70 процентке көтерілді.  Қазіргі таңда әр балаға 20789 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындау жұмыстары жүр­гізілуде. Өзгерістерге сәйкес, 2019 жыл­дың сәуір айында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 1096 отбасының (отбасындағы 5041 адамына) өтініші қабылданып, 1085 отбасының 4991 адамына 95792,3 мың теңге тағайындалып, толығымен төленген. Қалған 11 отбасыға тиісті заңдылықтарға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылды. Сонымен қатар 2019 жылдың мамыр айында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 430 отбасының 2265 адамына 39309 мың теңге тағайындалған.
Бұған қоса, 2018 жылдың қараша, желтоқсан айларында және2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында тағайындалған шартты ақшалай көмек түріндегі атаулы әлеуметтік көмекке, яғни 505 отбасының 2634 адамына 2019 жылдың 1 сәуірдегі өзгерістерге сәйкес қайта есептеу жұмыс­тары жүргізіліп, ағымдағы жылдың мамыр айында 459 отбасыға 28245,3 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмектің айырмасы төленген. Қалған 17077,3 мың теңгесі, ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін толық төленетін болады.
Жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғалы бері, ауданда атау­лы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3 есеге өскен (1869 адамнан 5950 адамға). Әрине бұл, аудан халқының көпшілігі қажетті көмекке қол жеткізіп отыр деген сөз.
Дегенмен, төлемнің жаңа мөлшері масылдық көңіл-күйдің өсуін әкелуде. Жалған ажырасу, жұмыстан шығу, табыс­ты жасыру, мекен-жайын ауыстыру және тағы да басқа фактілер жиі орын алуда. Ақша үшін отбасымызды бұзуға бола ма? Әлде біз сондай деңгейге жеттік пе? Отбасы – шағын мемлекет дейміз. Сол шағын мемлекеттің шаңырағын шайқалтпай, беріктігі үшін қиындықпен күреспеп пе едік? Отбасын асырауды мемлекетке міндет етіп алмадық па? 21 мың үшін ажырасып, ата-анамен бірге тұратын жастар бөлек шығып жатыр. Екі кісінің басы қосылса айтылатын әңгіме де 21 мың теңге төңірегінде. Ар мен намысты, болмыс пен сана-сезімді, өзімізге ғана тән  артықшылықты ақшаның жолына жығып берсек, бүгін бар болғанымызбен, ертең қандай боламыз? Бұлай деуге себеп те жоқ емес. Соңғы уақытта ажырасудың көрсеткіші күрт өсіпті. Демек неке, отбасы құндылығы, тәрбиелік мәні бар дүниелер екінші орынға түсті дей беріңіз. Рас, көмекке мұқтаж жандар көп. Ал, масылдық пиғыл танытатындар еселеніп барады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының 10 бағытын бағдарлап, сол бағыттар бойынша жұмысты бастап та кетті.  Соның бірі – халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы мен миллионнан астам азаматтарымыздың банктен несие алуға мәжбүр болуы. Осы орайда Президент ауыр өмірлік жағдайда қалған отбасылардың кредитін кешіруді тапсырды. Қалай қуанбайсың? Көпбалалы, жалғызбасты жандарға бұл да үлкен демеу емес пе?
Иә, 21000 теңге біреуге азғантай ақша болар. Ал біреу үшін көл-көсір қуаныш. Ең бастысы, шын мұқтаждың қолына тигені қандай жақсы.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
04 шілде 2019 ж. 1 156 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 157

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930