» » «БАСТАУ БИЗНЕСТІҢ» ИГІЛІГІН КӨРГЕНДЕР КӨП

«БАСТАУ БИЗНЕСТІҢ» ИГІЛІГІН КӨРГЕНДЕР КӨП

Өткенде бір танысымды кезіктірдім. Жұмыссыз-тын. Үнемі «олай ғой», «былай ғой» деп мемлекеттік істерге көңілі толмай жүретін. Бұл жолғы әңгімесін естіп таң қалдым. Сөзі де, өзі де өзгеріп сала беріпті. Асығыс. Аманшылықпа дедім, әлдененің болғанын біліп. Сол-ақ екен кәсібін айта жөнелді. Екі сөзінің бірі – «Бастау Бизнес». Баяғы өзін мақтап, жұртты даттайтын уақыты жоқ сыңайлы. Қолынан іс келетін-ді. Шеберхана ашыпты. Кәсібі де біраз дөңгеленгенге ұқсайды.
Әлгінің аузынан тастамаған «Бастау Бизнесінде» нендей керемет барын білмек болып кәсіпкерлер палатасының аудандық филиа­лына аяңдадық. Басшылыққа жақында ғана келген Арман Ермекбаев қызметкерлері сынды кеңес беру залында келушілермен сөйлесіп отыр. Қарапайым тілмен ұғындырып, жастың да, кәрінің де тілін тауып жатқан азаматқа сырттай қарап істің адамы деп тануға болады. Менеджер Қуаныш Аяпов пен бизнес тренер Айгүл Төлекова қандай сұрағымызға болсын жауап беруге даяр.
– «2017 жылдың кәсіпкерлік саласындағы үздік жобасы ретінде «Нәтижелі жұмыспен қамту 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясындағы «Бастау Бизнес» жобасын айтуға болады. Жоба біздің азаматтарымызды жаппай кәсіпкерлікке тартуға айтарлықтай сеп. Жалпы бизнеспен айналысамын деген көп ізденуі керек, – деп бастады әңгімесін басшы. Ешқандай жасқанбай кәсіпкерлер палатасына сұрақтар жіберсін. Кеңес алсын. «Бастау Бизнес» жобасының мақсаты – жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындарды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тарту арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттыру. Көптен кәсіппен айналысып жатқандар бұл жобаға қатыса алмайды. Тек жүруге талпынып, қаз тұрып, тәй-тәй басуға ниеттіні демеуге арналған. Былтырғыға қарағанда биыл оқыту ауқымы кеңейген. Айтулы жоба бойынша оқу – тегін. Оқуға қатыспас бұрын азаматтар жұмыссыз екенін дәлелдеп, жұмыспен қамту бөліміне тіркеледі. Тұлға бойындағы кәсіпкерлікке деген қабілетті анықтайтын арнайы тест тапсырады. Тестілеуден өткен тыңдаушылар 20 күндік курстан өту мүмкіндігіне ие.  Осы уақыт аралығында тыңдаушыларға шәкіртақы да қарастырылған. Оқу аяқталған соң болашақ кәсіпкер бизнес жобасын арнайы комиссия алдында қорғайды. Қорғалған жобалар қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несиемен қаржыландырылады. Биылғы жақсы жаңалық – бұрын жоба 29 жасқа дейінгі жеңімпазына 100 АЕК көлемінен аспайтын грант бөлсе, жастар жылына орай жеңілдік ретінде 200 АЕК (505 мың теңге) беру қарастырылуда. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығына 110 адам оқыту көзделсе, 35 тыңдаушы бітіріп, оның 33-і жоба қорғаған. Бизнес тренер Айгүл Төлекова қазір Байқоңыр, Ақай, Төретам кентінде оқуға ниет білдіргендерге сабақ өткізуде. Ол жоспарға сай жұмыс істейді. Оқу курсы 12 модульден тұрады. Дәріс беріп қана қоймай тыңдаушымен жеке әңгімелесіп, бағыт-бағдар беріп, жұмыс жүргізеді. Бағдарлама бір жылға дейін жобаны тұрақты жетелеуге көмектеседі.
 – Кәсіп бастайтын тұлғаның ойында түрлі жоспар болғанымен ол дәйексіз болып есептеледі. Қандай жоспар болсын қағаз жүзінде керек. Кәсіп ашамын деушінің басты кемшілігі осында. Көбісі қалай жазамыз деп түсінбей жатады. Қағаз бетіне де кез келген адам түсіре алмайды. Сабақта осындай жұмыстарды бірлесіп дайын­даймыз. Кәсіпкердің құқығын түсіндіріп, нарықты зерттеуге үйретеміз. Биыл жастар жылы болғандықтан ба, әлде бағдарламаға деген қызығушылықтың артқаны ма кәсіп ашуға ниет білдірушілердің басым бөлігі жастар. Тіпті 3Д жиһаз шығару, автокөлік төсенішін, багет өнімін дайындайтын цех ашам деген ниеті барлар бар. Бұл – жақсы бастама. Сұлулық салоны мен тігін шеберханасын ашуға да бейім жастар көп. «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне бау­лиды. Егер сіз кәсіпкерлікпен айналысқыңыз келсе, бағдарламаға қатысуға өтінім бере аласыз, – дейді Қармақшы ауданына жауапты бизнес тренер.
Өткен жылы 220 адам «Бастау Бизнестен» сабақ алса, оның 181-і жоба қорғаған. 80-ге жуығы грант пен несие алып, кәсібін бастап кеткендер қатарында.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».
23 мамыр 2019 ж. 805 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930