» » ҚҰЛТЕМІР ҚҰРАСТЫРУДА ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ҚАЛЫС ЕМЕС

ҚҰЛТЕМІР ҚҰРАСТЫРУДА ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ҚАЛЫС ЕМЕС

Бұл жөнінде әлем не дейді? Бүгінгідей ғылым мен техниканың дамыған дәуірінде роботехниканың әлеуеті қандай? Оның адамзат баласына әкелер зияны мен пайдасын өлшеп жатқан бар ма?
Еліміз үшін робототехника – жаңа сала. Ал, кейбір мемлекетте бұл әлдеқашан дамыған. Мәселен, ежелгі Қытай мен Египетте аяқ-қолы қозғалатын Құдай мүсіндер болған. Архимед өз заманында автоматты құрылғыны ойлап тапса, алхимик Альберт фон он үшінші ғасырда андроидты жаңалық ретінде енгізді. Бұл тізімді әрі қарай да сабақтай беруге болар еді, әйткенмен пайдамен бірге, ғылымда зауалдың да қоса ере жүретіні бар. Бұл жағынан ағылшын ғалымдарының дәйектері көңілді көншітпейді. Өйткені, алдағы жиырмажылдықта мамандардың орнын роботтар ауыстырады-мыс. Ал алғашқы онжылдықта АҚШ-тың өзінде мамандықтар  47 процентке автоматтандырылады дейді кей дереккөз. Сол себептен де мемлекеттің тең жартысы жұмыссыз қалмас үшін білім мен ғылым саласын қайта бағдарлау керегі бүгінгі күннің өзекті мәселесі ретінде ұсынылуда.  
Енді болжамды қойып, бүгінге бет алайық. Робототехниканың қазіргі қарекеті қалай? Қай мемлекеттер қатардан озған? Құлтемірді қаншалықты халық кәдесіне жаратуда? Ресми мәлімет бойынша, жер бетіндегі Жапония, Германия, Корея, Америка сықылды елдер аталған салада айналасынан атшаптырым озып кеткен. Олардағы  робототехника әлеуеті әлем таңданарлық дәрежеде. Озғаны соншалық олардың жетістігі ғылымда, өндірісте көш бастауда. Күн көзімен жүретін пойыз, мыңдаған шақырымға созылған аспалы көпір, жүргізушісіз көлік. Шикізат мөлшері тапшы бұл елдер жаңа технологияның жаңалығын ашудан жалықпай келеді. Ғалымдардың пікіріне қарағанда, құлтемірді игеруде Қазақстан азулы мемлекеттерден он бес, жиырма жылға қалық. Әйтсе де, мықтап кіріссе аталған елдерді біздегілердің қуып жетуі әбден мүмкін. Өйткені, біріншіден – адамның істегенін – адам істейді. Екіншіден –   Назарбаев зияткерлік мектептері мен Университеті, сондай-ақ республиканыңбасқа да оқу орнындағы студент жастардың айтулы салаға қызығушылығы жоғары деңгейде. Қазір – тың идея мен прогрестің уақыты. Заманға сай болу – аздық етеді. Қоғамды игеру үшін – заманнан озық жүру ләзім. Ал, одан қалсаң – өкпеңді қолыңа алып, өзіңе ғана өкпеле. Бұл – мемлекет тарапынан жалғыз мүмкіндік емес. Сонымен бірген, «Автоматтандыру және робототехника» ассоциациясы құрылып, Ақтөбеде «КазРоботикс» федерациясы өз жұмысын бастады.
– Бүгінде теорияны білу аздық етеді. Теорияны тың жаңалықпен жетілдіру – толық  жұмыс болмақ. Мақсатымыз – балалардың робот құрастыруға, жаңалық ашуына, ғылымға қызығуына дәнекерлік ету. Кітаптан оқығанды қолымен ұстап, көзімен көргенге ештеңе жетпейді. Техниканың тілін меңгеру – болашақты меңгеру, – дейді ондағылар.     
АЙМАҚ АЙНАСЫ – ІТ-СЫНЫП
Инновациялық жаңалықтан аймақ баласы да шет емес. Жыл басында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев облыстық оқушылар үйінінен ІТ ІМAQORDA балалар технопаркінің ашылу салтанатына қатысқаны белгілі. Бұл – әдетте техникалық және ақпараттық-технологиялық бағытында өзін дамытқысы келетін жас жеткіншектер үшін аса зор мүмкіндік. Елбасы Жолдауында жүктелген міндетті жүзеге асыруда аталған технопаркке қомақты қаражат қаралған. Жаңа оқу жылында оқушылар үйі 12 жаңа кабинетпен жабдықталған. Олардың қатарында радиотехника және практикалық электроника, робототехника және  3Д модельдеу, авто, мото модельдеу, архитектуралық дизайн, биология және биотехнология, тағы басқасы. Технологияның тегеуріні тың күш алып тұрған бүгінгі уақытта одан қалып, қателесуге болмайды. Техникалық еңбекке баулудың бір түрі болып табылатын – робототехника саласын жас өскіндер өз мағынасында түсініп келеді. Соның нәтижесінде аймақтың бірқатар өнертапқыш балалары жетістікке жетуде. Биіктен көрініп жүргеннің бірі – Бейбарыс Раушанбек. Ол авиация саласы бойынша жаңа дрон ойлап тапты. Жаңа технологияның тынысын әріден сезетін жеңімпаз өз сырымен былайша бөліседі.
–  Құрылғы түрлі қызмет атқарады. Оны қолжетімді де қарапайым қолданыстағы техникадан құрастырдым. Ерекшелігі – бүгінге екі келіден артық жүк тасымалдай алады. Фото, бейнебаян түсіруге ыңғайлы және пошташының жұмысын істей береді, – дейді жеткіншек.     
Жалпы, аймағымыз білім саласының дамуына республикадағы ең көп қаржы бөлініп отырған облыс. Нақты дерекке сүйенсек, соңғы жылдары мектеп бітірген түлектің 97 проценті жоғары оқу орны мен колледжде білімін жалғастыруда. Бес жүз мыңнан аса студент Ресей университеті мен институтында мамандыққа машықтанса, көп балалы, аз қамтылған отбасының тоғыз жүздей ұл-қызы облыс әкімінің грантымен білімін жетілдіруде. Оған қоса, Сыр елінің төрт мың бес жүз баласы «Серпін» бағдарламасының» игілігін көруде. Жастар – ертеңгі елдің үкілі үміті. Қолға диплом алған жастардың жаңа технологияны меңгеріп, жаңаша жұмыс бастарына бек сенеміз.
ӨҢІРГЕ ӨҢ БЕРГЕН ӨРЕНДЕР
Елбасы тапсырмасына орай, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ауданның білім беру саласында сәтті жүзеге асуда. «Электронды күнделік» басқару жүйесі енгізілген.  Мектептер интернетке қосылған. «Күнделік КZ»  – онлайн мониторингі жедел хабарландыру, мектеп, ата-ана, оқушы арасындағы тиімді байланыс құралы. Сондай-ақ, партал пәрмені де партада отырған бала мен ұстаз арасын жалғауда таптырмас мүмкіндік. Мысалы, «Білім Ланд» онлайн платформасы арқылы бітіруші түлекті ұлттық тестілеуге дайындауға болады. Мұғалім мен оқушы еш кедергісіз порталды өз қажетіне жаратып, керек мәліметін алады. Қазір ауданда 24 мектепте 936 компьютер, 10 мектепке робототехника кабинеті алынған. Оқушылар үйіне 3D кабинет ашылып, үйірме жұмыс істеуде. Үйірмеде үйренер іс көп. Оның мүшелері қазірдің өзінде бірқатар биікті бағындыруда. Облыстық, республикалық байқауларда бақ сынап, бәйге ұтып жүр. Атап айтсақ, Қарағандыда өткен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты республикалық байқауда «Робототехника» үйірмесінің мүшелері Шадияр Жайнарбеков пен Қуаныш Сұлтанбеков Сыр елінің намысын қорған, сертификатқа ие болса, кеншілер қаласында келесі өткен шарада – жалпы білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған ІV халықаралық «RoboLand – 2018» робототехника  фестивалінде Азамат Тоқмырза мен Қуаныш Сұлтанбеков арнайы марапатпен мадақталды. Сонымен қоса, облыстық кезеңде аты озғанның бірі – Гүлзейнеп Ерболатқызы мен Нұрбақыт Сұлтанбаева да жүлделі орыннан көрініп, жарыстың көрігін қыздырды. Мұнан робототехника саласына тек қана ұлдар емес, сондай-ақ  талантты қыздардың да таласы бар екенін аңғарамыз. Осындай аз уақыт ішінде  өңір өрендерін жаңа белесті бағындыруда оқушылар үйінің директоры Индира Әбдібекова мен үйірме жетекшісі Ерболат Сұлтанбаевтың үлкен еңбегі жатқаны даусыз.
Альберт Эйнштейн: «Мен ешуақытта өз оқушыларыма еш нәрсе үйретпеймін,  тек қана олардың оқуы үшін жағдай жасаймын», – деген екен. Бұл ретте робототехниканың  орта білім ошағындағы ахуалы қандай?
Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің информатика пәні мұғалімі Динара Серікқызының айтуынша, лицейге 2016-2017 оқу жылында роботтар берілген. «Робототехника» кабинеті ашылған. Қазақ сыныбының дарын бөлігі бойынша 5-11-сыныптары білім алса, орыс сыныбының дарын жағынан 5-8-сынып оқушылары үйірмеге белсене қатысады. Негізі робототехника дегеніміз – бірнеше пәннің үйлесім табуы. Құлтемірді құрастырғанда бала алдымен оның бағдарламасын жазады. Ал, бағдарламаға міндетті түрде математика, информатика, физика, геометрия пәндерінің элементтері пайдаланылады. Мәселен, сабақта математика пәнінен бір формула үйренетін болса, үйірмеде соны қолдана отырып, өздерін тәжірибе жүзінде шыңдайды. Физикалық есеп арқылы робот пен оның қимылын жасайды. Мұндағы басты бағдар – баланы ғылымға тарту.
– Робот құрастыру – әр адамның ойлау қабілетіне байланысты. Маңыздысы – мақсатқа жету. Оқушы алғашында шетелдік кинодан көрген түрлі робот кейіпкеріне қызығушылығы арқылы келеді. Біз оларды роботтармен таныстырып, өмірдегі маңыздылығын түсіндіреміз. Робототехника барлық саланы қамтиды. Өздігінен ашылып-жабылатынесіктен бастап, күрделі нанотехнологияға дейін. Құлтемір  құрастырғанда бөлшегінің мығымдылығы мен беріктігі оның шыдамдылығын арттырады. Күрделі бағдарлама роботты күшейтеді, – дейді информатик.     
Айтулы сала бойынша лицей оқушыларының жетістігі жетерлік. Облыстық «Робофест – 2018» фестивалінде 6-сынып оқушысы Нұрай Әділхан кегелгеринг түрі бойынша ІІІ орын иеленсе, республикалық «Kazrobosport – 2018» атты ашық турнирінде Қуаныш Жұмабеков пен Айсұлу Көбекова І орын биігін бағындырды. Нұрай Әділхан, Әсел Марука, Нұржан Амангелдиев, Гүлжайна Сабырбек жүлделі орынның жүгін көтерді. Мектеп мақтанышына айналған Нұрай, Қуаныш, Гүлжайна үстіміздегі жылдың 26-27 сәуірінде Алматыда өтетін робототехника және инновациялық технологиялардың «AlmatyTechCup – 2019» атты VІ ашық чемпионатына қатысады. Әлемнің кіл мықтысы бабын сынайтын бәсекеде балаларымызға бармақтай бақ тілейміз.  
Түйін:
Талант қашан да тасты жарады. Бірақ адамның бірінші миссиясы – адамгершілік. Робот ғылымды дамытып, адам баласының өмір сапасын жақсату үшін ғана керек. Ал біздің «робот құрастырушылар» сол бағытта аянбай тер төкпек.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
23 сәуір 2019 ж. 1 558 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031