» » ЖАС – ЖАНСА ЖАЛЫН, ҚОЗҒАЛСА КҮШ

ЖАС – ЖАНСА ЖАЛЫН, ҚОЗҒАЛСА КҮШ

       Әр кезеңнің өзіне тән айырмасы бар. Аға ұрпақ өкілі – ойы толысқан, уақыттың сынынан өткенімен ерекшеленсе, орта буын – қартқа да, қылшылдаған жасқа да жатпайтынымен өзгеше. Яки, өзіне тоқтам бере білетін жас. Мұнан соң айдарынан жел ескен батыр да батыл – жастық шақ атты кезең келер. Сұм соғыста от пен оққа кеудесін тосқан арасында – Мәншүк, Әлия бар еді. 22 жасында шаш-етектен шаруа тындырған қармақшылық Рабиға Шалабаева да бұл тізімге ене алады. Олар мұз құрсанып Отанға қызмет етті. Аты тарихта алтын әріппен таңбаланған бұл батырлар – кешегінің жастары. Ал, еншісіне бейбіт уақыт тиген бүгінгінің жастары нендей іс тындыруда?
      Мақсат бар ма? Мүдде қандай? Болашақты қалай жасамақ? Осындай сан сауалға жауап іздеп Жастар ресурстық орталығына келдік. Өңір жастарының басын қосатын айтулы орталық аудандық ішкі саясат жанынан 2016 жылы құрылған. Құрамында 6 қызметкері бар. Сонымен қоса, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, шығармашылығын шыңдауда «Қармақшы Жастары», «Қорқыт елі – Қармақшы», «Төретам Жастары» мен «Ақай Жастары» жастар қоғамдық бірлестігі жұмыс істеуде. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда ауданда бірқатар әлеуметтік жобалар жолға қойылған. Соның негізінде акция, өнер байқауы, спорт сайысы, форум, кеш, саяхат ұйымдастырылып, насихат жүргізілуде.  Айтулы орталық жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін азайтуда нендей шаралар өткізуде. Орталыққа ат басын тіреудегі мақсатымыз басты мақсатымыз да осы болатын.
Бүгінде ауданда 487 жұмыссыз жас болса, оның 120-сы – NEET санатына орныққандар. Өткен жылы осы санат пен осал топтағы жастармен жұмыс істеу, олардың бос уақытын тиімді өткізуде 40 іс-шара өткен. Оған шамамен 7 мың жас тартылған. Аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Әділ Ыбрахимнің сөзі осыған саяды.   
– Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында кәсіпкерлік негізіне 89 жас оқып шықты. Бүгінде оның 18-і несие алып, кәсіп бастады. «Жастар корпусын дамыту» жобасымен ауданнан 13 жоба жеңімпаз атанса, жаз мезгілінде   «Жасыл ел» жасағы жарақтанады. Жасаққа жыл сайын өңірден 100 студент пен жұмыссыз жастар тартылады, – дейді жастар көшбасшысы.
Орталықта ауыз толтырып айтарлық көптеген іс бар екен. Мысалы, былтыр қыркүйекте Ақтөбе ауылында 72 сағаттық «Жақаев ізбасарлары – Ақтөбе ауылында» атты еңбекпен тынығу лагері ұйымдастырылған. Мақсат – ауылға, ауыл шаруашылығына жас маман тарту болса, биылғы жаңа идея – «Бизнес Періште» жобасы жүзеге аспақ. Жоба – жұмыссыздық мәселесін шешуге септігін тигізбек. Оның ерекшелігі – тәжірибесі мол кәсіпкерлер кәсіп ашамын деген жастарға өз ақыл-кеңесін берсе, ресурстық орталық мамандары ұйымдастыру жұмысында көмек көрсетеді. Ниет білдірген жұмыссыз жастар осы жылдың мамырынан бастап Иіркөл ауылдық округіне қарасты «Жаңатұрмыс» шаруа қожалығынан жер алып, дәнді-дақыл, көкөніс егуге мүмкіндік алады. Бақшалықта жастардан құралған бірнеше бригада жұмыс істейді деп күтілуде. Егіс алқабының жыртылуы, қарықталуы, суарылуы – шаруа қожалығының демеуімен жүргізілсе, бақшалықтағы басқа да ұйымдастыру шарасы – Жастар ресурстық орталығының жауапкершілігінде болады. Сонымен бірге пісімшілікте дайын өнімді сатылымға шығару мен жәрмеңке ұйымдастыру жұмысы – кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне жүктелуде.
Орталықтағы мамандардың айтуынша, адами ресурс пен табиғи ресурсты тиімді ұштастыру – кәсіби білімі мен материалдық мүмкіндігі аз жастарды жұмыспен қамтудың басты формуласына айналдыруға бек мүмкін. Әсіресе, шағын және орта бизнесті дамытуда игерілмеген жерлерді пайдалану арқылы жастарды жұмыспен қамтуға толық негіз бар. Сондай-ақ, арнайы білімі бар жас мамандардың жұмыссыз қалуы – мамандық таңдауда өз қабілетіне емес, таңдау пәніндегі гранттардың көптігіне қарайлайтынын жасырмайды.  Дұрыс таңдалмаған мамандықтың себебінен нәтижесінде жоғары немесе арнаулы оқу орнын бітіріп тұрса да  жұмыссыз қалуға әкеп тірейді.  
«Жастар жылында» жағымды жаңалықтар жетерлік. Соның бірі – кәсіпкер болғысы келетін жастарға арналған бизнес жоба. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Бизнес старт» бизнес-инкубатор орталығымен «Стартап-Бизнес» инкубаторы өз жұмысын бастайды. Оның шеңберінде идеялар байқауы мен жәрмеңкелер өтіп, ол жас кәсіпкерлердің аудандық форумымен қорытындыланады. Айта кетсек, «Жас проджект» жобасы жеңімпаздарының жұмысын тоқтатпай, әрі қарай кәсіп ашуға оқыту курсын ұйымдастыру өз жалғасын таппақ. Десе де, әлеуметтік әлжуаздық пен жұмыссыздық көрсеткіші – қылмыстық құқық бұзушылыққа әкеп соғуда. Бұл тұрғыда жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, қылмыстылығы жоғары Төретам кенті мен Ақай ауылдық округінде жастар орталығының жанынан бөлімше жұмысын бастауда. Сондай-ақ, Жосалы кентіндегі бейресми топтармен адресті жұмыс істеуде «Қармақшы ата» мешітінде кездесу өткізілген. Кездесуге жастар орталығы басшысы мен ауданның бас имамы  имандылық пен патриотизмге үндеп, топтық төбелестердің алдын алуға шақырды. Мұнымен қоса, пробацияда есепте тұрған және білім беру мекемелеріндегі мінез-құлығы құқық бұзушылыққа икемді жастарды сала мамандарын қатыстыра отырып, 6 мәрте экскурсия жасау жоспарлануда.    
– Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, жастар жұмыссыздығын төмендету, олардың бастамасын қолдау арқылы жас кәсіпкерлердің үлесін арттыру, жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстылық деңгейін төмендету бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіле береді, – дейді Ә.Ыбрахим.    
        Түйін:
Жас – қозғалса күш, тербелсе толқын, жанса жалын. Сол үшін аға лек жастарға иек артқан. Келешектің кілтін сеніп тапсырған. Соған біздің арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты деп жүрген жастарымыз дайын ба? Әлде...
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».         
22 сәуір 2019 ж. 762 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031