» » ҰБТ: Өзгеріс қандай?

ҰБТ: Өзгеріс қандай?

«Алма кетті домалап». Бұл «сиқырды» естігенде ойымызға ҰБТ оралады. Рас қой? Барлығы қолдана қоймас әрине, бірақ ойың сан-сақта тұрғанда «кілт» сөздің қажеті пайдаға асады. Әрине, 11 жылдық білімді сарапқа салу – оқушы мен ұстаз, ата-ана көңілін толқытуы анық. Сонау 2004 жылдан бастап білім жүйесіне енген ұлттық бірыңғай тестілеу уақытпен ілесіп жаңарып келеді. Ал биылғы өзгеріс қандай?
Мектеп түлектеріне оқу грантын ұтып алуға мүмкіндік беретін бұл сынақ 14 жыл бұрын енгізілгенімен, әлі де бір жүйеге орныққан жоқ. Тестілеу жүйесі жыл сайын 35 процентке жаңартылып отырады. 2017 жылы 80 мың сұрақ өзгертілсе, былтыр 120 мың сұрақ қайта жаңарудан өткен. Оның 11 проценті функционалдық сауаттылықты анықтауға арналса, 37 проценті тест тапсырмаларының жауабы бір немесе одан да көп нұсқамен белгіленген. Бұл сұрақтар оқушының ой-зерде қабілетіне, сондай-ақ таңдау пәнін жан-жақты түсінуге септігін тигізді. Әрі әлемдік стандартқа сай әзірленген. Ал биылғы өзгеріс қандай болмақ? Бұл жайында Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook әлеуметтік желісінде биылғы ҰБТ-ның ерекшеліктерін жазды. Вице-министр өзгерістерді негізгі 5 пунктке бөліп қарастырған.
Үстіміздегі жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өтеді. Мұны түлектер қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айында тапсырады. Қаңтардағы, наурыздағы және тамыздағы ҰБТ-ға қатысқан талапкерге сертификат беріледі. Алайда, оның жоғары оқу орнының тек ақылы бөліміне ғана түсуге құқығы бар. Сонымен қатар тестіге қатысу ақылы негізде. Аталған үш тестілеудің нәтижесі бойынша, басқа үлгідегі сертификаттар беріледі. Бірақ олар грант алуға жарамайды. Егер талапкер мемлекеттік грантқа ие болғысы келсе, онда ол міндетті түрде маусымда ҰБТ тапсырып, тек соның қорытындысы бойынша ғана грант байқауына қатыса алады. Әрі жоғары балл жинаған кезде ғана бюджет есебінен білім ала алады. Ал ақылы бөлімге түсу үшін талапкерге төрт сынақтың біріне қатысып, шекті балл жинаса жеткілікті. Мәселен, талапкер қаңтардағы тестілеуге қатысып, 100 балл жинады делік. Ол ақпанда ЖОО қабылдау комиссиясына барып, бірден шартты түрде ақылы бөлімге тіркеле алады. Егер грантқа түскісі келсе сынақтағы балл бір-біріне қосылмайды. Яки маусымда ҰБТ-ға қатысып 50 балл жинаса, онда ол қаңтардағы 100 балл жинаған сертификатын көрсетіп, грантқа үміттене алмайды деген сөз. Грант үшін түлектің тек маусымдағы нәтижесі ғана жарамды.
Қаңтардағы ҰБТ-ға 3 санаттағылар қатыса алады: 11 немесе 12-сыныптың бітіруші оқушылары, қыркүйекте ЖОО-ға шартты түрде оқуға түскендер, шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысып жатқан студенттер, наурыздағы тестілеуді тек 11 немесе 12-сыныптардың бітіруші оқушылары ғана тапсырады. Ал маусымда грантқа үміткер барлық санат бақ сынайды. Ал тамыздағы сынаққа ақылы бөлімге түсетіндер мен осыған дейін қажетті балл жинай алмағандардың барлығы қатыса алады.
Сондай-ақ, шығармашылық мамандықтардан басқа мамандыққа ауысқысы келетін студент екі салалық пән бойынша емтихан тапсыруы керек. Себебі олар шығармашылық мамандықтарға оқуға түскенде салалық пәндер бойынша тестілеу тапсырмаған, сондықтан бұл мамандықтардан ауысу кезінде осы айырмашылықты өтеуі тиіс. Түлекке сертификатпен бірге ақпараттық парақшалар беріледі. Онда құжаттар тапсыра алатын білім беру бағдарламаларының тізімі, ағымдағы жылы бөлінетін гранттар саны, өткен жылдардағы гранттық байқаулардың нәтижелері және өткен жылдың жартылай шекті баллдары көрсетіледі. Бұл құжатқа да назар аудару керек.
Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге толықтырулар енгізілгенімен оның форматы өзгермейді. Яки бұрынғыдай 5 пәннен 120 сұрақ, ал максималды балл саны – 140.
Айта кеткен жөн болар, үстіміздегі жылы 18-20 қаңтар аралығында ҰБТ өткізудің 74 пункті базасында тестілеу жүргізілді. ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттарды қабылдау бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы былтыр 1-15 желтоқсан аралығында жүзеге асырылды. Нәтижесінде, тестілеуге қатысуға 35 838 адам өтініш білдірген. Ал ауданда білім бөлімінің берген мәліметінше 485 бітірушінің 370-і қатысып, білімін сарапқа салған. Сондай-ақ, тестілеуге қатысуға ниет білдірген талапкер 2242 теңге төлеп, бағын сынай алады.
Бұл сынақ өткен сынақтан өзгерек. Алайда жақсы көрсеткішке жету үшін дөңгеленген дүниеде сыннан өту көбеймек. Әрине, бұл оқуға түскісі келетін жандарға берілген үлкен мүмкіндік.
P.S.
Наурыз айының соңында аудан орталығындағы №250 мектеп-лицейде ҰБТ өтті. Нәтиже жаман емес. Жергілікті мамандар мен министрлік бекіткен комиссия атаулы сынақты тап-тұйнақтай өткізді.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
03 сәуір 2019 ж. 1 247 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031