КЕЛІН

Мен көпбалалы отбасында өстім. Апам Тәжігүл (анамды "апа" дейтінмін) он үш құрсақ көтеріп, солардың тоғызын көзі тірісінде мәпелеп бағып-өсіріп, есейтті, жеткізді, ел қатарына қосты. Тәңірге тәубе, барлығы да бір-бір үй болып, ұрпақ өрбітіп отыр.
Апам өте балажан. Орынсыз ұрысып-жекімейтін. Көптеген немересі оның аялы алақанының мейірім шапағатына бөленіп, қамқорлықпен өсті. "Балаңнан немерең тәтті" дегенді ерекше бір жылы сезіммен жиі ауызға алатын. Апамның анасы Бәтима әжем біздікінде болды. Ұзақ ғұмыр кешті. Шөберелерінің алақанынан су ішкенін жақсы ырымға балап, мерейі үстем болғандай күй кешіп еді, жарықтық.
Отбасында "ата, әже, ене, жеңге, жезде, қайынаға, қайын іні, қайын сіңілі" деген сөздер жиі естіліп жатса, оның өзі еңселі шаңырақтың шаттығын шартарапқа әйгілей түспей ме! Осындай кемел отбасында өсіп ержеткенімді ерекше мақтан тұтамын. Үйге түскен алғашқы келін Сахи әкемнің туған інісі Бодық көкемнің Тоты есімді жұбайы еді. Еркелігі де, ақ көңілділігі де анадайдан мен мұндалап тұратын ашық жан. Келін болып түскен бойында-ақ жеңгелік дәстүрін сақтап, қайын інілері мен қайын сіңлілеріне ат қойып алды. Мені "Ақтөрем" дейтін. Баламыз ғой, соған да мәз боп қалатынбыз.
Дана халқым "Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ" – деген өмір ақиқатын бейнелейтін тағылымды сөзді кейінгілерге мирас етіп қалдырған ғой. Сол айтқандай, Жарылқасын әулетіндегі кенже ұл Бодық көкем келіншегі Тоты екеуі балалы-шағалы болып бөлек шықты. Олар көтерген шаңырақты "Отау үй" деп атайтын.
... Жылдар жылжып жатты. Қызығы көп арман күндер елес боп артта қалғандай. Қанша қарайласаң да қайырылмастай боп өте шыққан өлшеулі өмір жылдары ғой ол. Шілденің шіліңгір ыстығында күнді батыра алмай мезі болған бір қария: "Күн ұзақ, ғұмыр қысқа" деп күрсінетін. Осы сөзде терең сыр жатқанын сезініп көрдік пе?! Балалықтың да, балиғаттық шақтың да, бозбалалықтың да аққан жұлдыздай жарқырап өте шыққанын байқамай қалыппыз. "Жиырма деген жастың бел ортасына да жеттің. Қатарластарыңа қара, көбі үйлі-баранды болды" – деген сөзін жиі еститін болдым. "Үйдегі тетелес інілеріңе жол аш" деп қояды тағы да.
Үйлену! Бұл өзі "үй болу" деген сөздің синонимі емес пе?! Үй болу оңай шаруа емес. Әке-шешем елде тұрады. Ал өзім Жосалы қыстағындағы Раушан апамның үйінде жатып қызмет етемін. Бұл 1964 жылдың ақпан айы. Бұрыннан сөзі бар пединститут студенті Шарапат есімді қызбен бас қосып, ерлі-зайыптылық өмірімізді бастадық. Біз үйленген күн – 23-ақпан. Бұл өзі сол замандағы "Қызыл әскер" күні деп аталатын үлкен мереке еді. Тойға келгендер "Қос мерекелерің құтты болсын" деп ақ тілектерін қуанышпен жау­дырып жатты.
Той – халықтың қазынасы. "Құтты болсын" айтып келіп жатқандарда есеп жоқ. Қазақ батагөй халық емес пе? Әр сөзін мақалдап, көңілге қонымды, жүрекке жағымды етіп айтады. Әлгі сөздерден апаның төбесі көкке сәл-ақ жетпей тұрғандай. Бірі "Келін түсіріп, керегең кеңейе түсті" десе, енді біреулері "Ұлың арқылы тағы да қызды болдың, қызың арқылы тағы да ұлды болдың" – деп халықтың қазыналы сөздерімен той мерейін тасыта түскендей.
Той дүрмегінен соң да, үйден қонақ арылған жоқ. Бірде оңаша шәй ішіп отырғанда, құлын-тайдай асыр сап бірге өскен жиенім Мыршай Шарапатқа қалжыңдап:
– Қамқа киген қыз едің,
Келін болдың, жар-жар.
Жаңа қоныс – қайын жұрт.
Елің болды, жар-жар, – деп өлеңдетіп қойды.
Қазақтың сөз төркінін жақсы білетін Шарапат оған: "Келін деме, келіншек де", – деп бір сырдың ұштығын шығарып қойды.
Онда тұрған не бар, – деп Мыршай қайтар емес.
– Келін деген сөздің мағынасы кең. Босағаны жаңа аттаған қалыңдықты "келіншек" дейді. Ал "келін" сөзінің айтылар орны бөлек. Өзің де күнде естіп жүрсің ғой, үлкендер өздерінің тетелес інілерінің қосағын "келін дейміз келіншек" десе тым ерсі естілер еді.
– Ә, солай екен ғой. Енді сен келін емес, келіншексің,-деп Мыршай сөзден тосылғанын мойындады.
... Өмір тіршілігі өз ауанымен өтіп жатты. Онда еш тоқтау жоқ. Мен ол жылдары "Коммунизм шамшырағы" деп аталатын аудандық басылымда жауапты хатшы қызметін атқаратынмын. Жұмысқа қызу кірісіп кеттім. Шарапат елде қалып, әлі қонағы арылмаған үй шаруасына көмектесуді қолға алды.
Ол жылдар хрущевтық даңғаза дәуірдің дүрілдеп тұрған кезі болатын. Күн құрғатпай өзгерістер дүрмегі жүріп жатты. Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары қосылып, "оңтүстік Қазақстан өлкесі" деп аталды. Орталығы-Шымкент қаласы. Қармақшы, Жалағаш аудандары біріктіріліп, орталығы Жосалы қыстағы болды. Аудандық басылым төрт бет болып, аптасына үш рет шыға бастады. Жұмыс қызу. Басылым екі ауданды қамтыған соң, іс-сапары жиілеп кетті.
Ауылда біраз болған Шарапат үйге оралып, жаңа шаңырақ көтерген отбасының тыныс-тіршілігімен айналыса бастады.
– "Елдегі күндер есте қаларлықтай болды, – деп қояды ол. – Қонақ күтуден қол босаған жоқ. Анаң көрген-түйгені мол, ақылгөй, қамқор жан екен. Біраз тағылымды сөздерін айтып, ақ адал көңілін білдіріп отыратын. "Қазақтың даналық сөздері қазына. "Келінді-аяғынан, қойшыны таяғынан таны" деген нақыл сөзді ұғып ал – дейді енем. Мен "келінді аяғынан" деген не сөз екен деп көпке дейін мән-мағынасын түсіне алмай жүрдім. Сөйтсем "аяқ" деп ас-су ішетін ыдыс­тарды айтады екен ғой. "Ыдыс-аяқты таза ұста. Үйдің керек-жарағына ұқыпты бол. Ине-жіп, оттық, тұз сұрап, көрші үйлерге орынсыз бас сұқпа. "Енең болмаса да, инең болсын" деген сөз бар. Ертең бөлек шыққанда осы айтқандардың барлығы да алдыңнан шығып өміріңнің берік ұстанымына айналады", – деген енемнің осы сөздері мен үшін үлкен сабақ болды.
Ене, келін – отбасының алтын ұстыны. Онсыз үйдің шаңырағы шаттыққа тол­мастай көрінері айдан анық. Ене үйдің бас ақылгөй анасы болса, келін босағаның ақ аруы емес пе? Бір әулеттің сыйлы, тәлімді келіні бола білген жұбайым Шарапаттың өзі де ширек ғасырдай уақыт келін жұмсап, немерелерінің қызығын көрді. Бүгінде олардың алды колледжді бітіріп, оқуын одан әрі жалғастыра тусуде.
Өмір – өткінші, уақыт – өтпелі. Шарапатпен елу үш жыл бірге өткізген жұбайлық ғұмырларымыздың қуанышы мол, қызығы таусылмай көрінуші еді. Ол енді сағымға айналған елес қана. Түске енеді, бимаза күй кештіреді. Дәйімі есте сақтаудың өзі мәңгі өшпес өмірдің бақытты сәті екен ғой. Жазмыштың жазғанына көніп, жарық дүниенің сыйға тартқандай сындарлы күндеріне тәубе етеміз. Сағынышқа толы сезімімді бір шумақ өлеңмен қайырғанды жөн көрдім.
– Дүниеге адам келген соң,
Оңынан туар жұлдызы.
Мәңгілік ғұмыр деген сол, –
Артында қалған ұл-қызы.

Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ.
29 наурыз 2019 ж. 1 187 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031