» » ТӘЛІМНІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ –ОҚУШЫЛАР ҮЙІ

ТӘЛІМНІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ –ОҚУШЫЛАР ҮЙІ

«Пионерлер үйі» – кешегі кеңестік кезеңде жасөспірімдерді мектептен тыс уақытта отансүйгіштік пен патриотизмге, еңбек пен білімге баулыған мекеме болды.
Бұл мекеменің тарихын зерделер болсақ, ол қазақ даласына өткен ғасырдың екінші ондығында Ресей патшалығының тақ мұрагері ІІ Николайды тақтан ысырған кедей-жалшылар көсемі Владимир Ульянов бастаған большевиктік партия елімізге билігін жүргізе бастаған уа­қытта келді. 1922 жылы «Ұлт ба­лаларының анасы» атанған Надежда Крупскаяның қолдауымен жүзеге асырылған аталмыш мекеменің негізгі міндеті –балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларға жан-жақты тәлім-тәрбие беру, оның ішінде отансүйгіштік пен елжандылыққа, еңбек пен ерлікке бау­лу. Кеңес Одағы ыдырағанша, яғни 1991 жылға дейін елімізде 3800-ден астам пионер сарайы мен үйі жұмыс істеді. Ал, сол жылдан бастап бұл мекеме оқушылар үйі болып жаңа атаумен жұмысын бастады.
Қармақшы ауданындағы мектептерде алғашқы пионер ұйымының құрылуы Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдармен тұстас келді. Нақтысын айтқанда, соғыс аяқталар кезде №18 балалар үйі Жосалы қыстағында жетім балаларға қамқорлық көрсету мақсатында ашылды. Халық аузында «Красный городок» деген атпен белгілі болған балалар үйі қазіргі №183 мектептің орнында сол кездегі Автобаза жатақханасында орналасқан болса, екіншісі Қорқыт ата мен Көшербаев көшелерінің қиылысында орналасқан қазіргі Халықтық банк мекемесінің орнында болған №4 балалар үйінде орналасты. Онда 1942 жылы Украинадан, Кавказдан жер ауып келген орыс, украин, шешен, корей балаларымен бірге жергілікті қазақ балалары тәрбиеленген. Оны басқарған Елькина, оқу ісінің меңгерушісі Ростова сынды ұстаздардың ықпалымен мектептерде алғашқы пионер ұйымы құрылып, жұмыс істей бастады. Сонымен қатар, сол жылдарға дейін аудан мектептеріндегі пионер ұй­ым­дарының жұмысын үйлестіру мақ­сатында аудандық халыққа білім беру бөлімінде мектептердегі пионер дружинасымен бірлесе жұмыс істейтін штат беріліп, оған Жұмат Қоңқабаев тағайындалды. Одан кейін яғни 1949-1951 жылдары бұл жұмысты білім саласында ұзақ жыл жұмыс істеген Жайберген Есетов жүргізді.
Ал 1951 жылы халыққа білім беру бөлімі жанынан ауданда алғаш пионер үйі құрылды және оған жетекші болып Әбдіраш Қыпшақбаев тағайындалса, 1955-1960 жылдары мекемені Жұ­мабек Ниетбаев басқарды. 1960 жылдардың ортасында арнайы мем­лекеттік мекеме болып қайта құ­рылған аудандық пионерлер үйінде Мансұр Байназаров, Әйтөш Ерекешов, Сахи Кішенов, Ағиза Төлегеновалар қызмет етті.
Сол жылдары оқушыларға сапалы білім мен тәлім беруде көрсеткен елеулі еңбегі үшін 1965 жылы В.Ленин атындағы бүкілодақтық пионерлердің орталық Кеңесінің Алғыс хатымен марапатталған аудандық пионерлер үйі жанынан 1970-1980 жылдары балалар кітапханасы, пионерлер қозғалысы, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерін қамқорлыққа алатын «Тимуршылар» командасы, «Жас зерттеушілер», «Қызыл ізшілер» тобы түрлі үгіт-насихат отряды және танымдық-оқу үйірмелері жұмыс істей бастады.
Содан кейін Ұ.Әбдіраманова, Р.Әбдиева, Г.Жұмабаева мен А.Қо­ш­ретова сынды сала майталманда­ры басшылық еткен жылдары ау­дан­дық пионерлер үйі облыста оз­ық жұмыстарымен алдыңғы қа­та­рда болды. Тіпті Р.Әбдиева 1981 жы­лы В.Ленин атындағы пионер ұйымының құрылғанына 60 жыл толуына орай өткізілген бүкілодақтық конференцияға делегат болып қа­тысты. Сөйтіп, алғашқы жылдары бірнеше үйірмемен жұмысын бас­та­ған аудандық пионерлер үйіндегі үй­ірмелерде түрлі бағытта тәлім-тәрбие алғандардың саны кейін келе 200-ге жетті.
Ал жетпіс жыл бойы 15 одақтас республикаға үстемдік жүргізген Ке­ңес Үкіметі ыдырап, әр республика өз бетінше өмір сүруге көшкен соң, аталмыш мекемелер заман талабына сай оқушылар үйі боп өзгерді. 1990-1997 жылдары Кенішкүл Тәжібае­ваның басқаруымен мектептен тыс тәрбие орталығы болып қайта құ­рылған ұжымда А.Байқожаева, М.Үсенов, Б.Қалжанов, Ж.Боранбаева, Ж.Оңайсынова, К.Жартынбаева, Ж.Аса­­новтардың жетекшілігімен «Өл­кетану», «Домбыра», «Жас нату­ралистер», «Би», «Гүлдер», «Шебер қолдар», «Шахмат-дойбы» үйірмесі жұ­мыс істеді. Сонымен бірге, оқу­шы­ларды халықтық педагогика, ұлт­тық салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа тәр­биелеу мақсатында «Атамекен» орталығы құрылды. Осы уақытта Н.Дүйсенбаевтың ұйымдастыруымен мектептен тыс тәрбие орталығында тарихи өлкетану мұражайы ашылып, 1993 жылы мұражай облыстық білім басқармасының мақтау қағазымен марапатталды. Сондай-ақ, мекеме өзін-өзі қаржыландыру мақсатында ақылы қызмет көрсету бағытында жұмыс жасайтын аяқ-киім жөндеу шеберханасы, шаштараз үйірмелерін ашты. Алайда 1997 жылғы жаңа оқу жылында елімізде мемлекеттік мекемелерді қаржыландыруды оңтайландыру ба­рысында аудандық мектептен тыс тәрбие беру орталығының міндеттері орта білім беру мекемелеріне жүктеліп, орталық жұмысы тоқтады.
Десе де 1999 жылдың ақ­панында аудандық білім бөлімінің құрылтайымен мектеп оқушы­лары­ның азаматтық сана сезімін, мәдениетін қалыптастыру, бос уа­қы­тын мазмұнды ұйымдастыру, үйірме жұмыстары арқылы эстетикалық тәр­бие беру, өнер түрлеріне, ше­берлікке үйрету, бейімдеу мақсатында аудандық оқушылар үйі қайта ашылып, оның директорлығына Мағауия Әлиев тағайындалды. Сол жылы аудандық оқушылар үйінде «Компьютер», «Сурет», «Күрес», «Домбыра -баян», «Жыр-терме» үйірмелері жұмыс істесе, бірер жылдан кейін үйірме саны 22-ге жетті.
Содан кейінгі жылдары, яғни 2001-2016 жылдары аралығында оқу­шылар үйінің директоры қызметін білікті маандар Т.Мырзабаев, Қ.Ай­маханова, А.Жарасова мен Н. Наурызбаевалар басқарса, 2016 жылдан бастап аталмыш мекеме И.Әбдібекова басқаруымен заман талабына сай жұмыс істеуде. 68 жылдық тарихы бар аудандық оқушылар үйінде бүгінде 27 маман шәкірттерге жан-жақ­ты білім беруде. Мекеме ұс­таз­дары оқушылардың мектептен тыс мезеттегі бос уақытын тиімді ұйым­дастыра отырып, тәрбие бағытында нақты қызмет жасайтын, қосымша білімнің түрлі саласында білім беретін, білім мен тәрбиенің ордасы болып табылатын аудандық оқушылар үйі онда тәлім-тәрбие алатын әрбір баланың бойындағы талант сәулесін дөп басып, оқушылардың шығармашылық тұ­рғыдан танылуы жолында жемісті еңбек етуде.
– Оқушылар үйінің басты мақсаты –шәкірттің тұлғалық, шығар­ма­шы­лық қабілетін дамытуға, кәсіптік бейімділігін қалыптастыру, саламатты өмір салты мен мәдениетін көтеру, оқушылардың бос уақытын тиімді, мазмұнды ұйымдастыру. Қазір аудандық оқушылар үйінде кент орталығындағы мектептерден жалпы 1130 оқушы қатысатын 29 үйірмеге жоғары санатты 3, І санатты 9, ІІ санатты 6, разрядты 10 педагог жетекшілік етеді,– дейді аудандық оқушылар үйінің директоры И.Әбдібекова.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
07 наурыз 2019 ж. 1 496 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 165

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930