» » Бақылаудағы бөкендер

Бақылаудағы бөкендер

Қазақ киелі деп санайтын түз тағыларының бірі – киік. Әлбетте, киелілікке қатысты аңыз әңгімелер өз алдына, бірақ ақбөкеннің сонау тас дәуірінен бері өмір сүріп, тұқымын сақтап келе жатқан жануар екенін екінің бірі біле бермейтін тәрізді. Сол ерте дәуірден бері осы­нау түз иесінің басына қаншама зоба­лаң туды десеңізші? Осыншама зобалаңнан аман қалғандығының өзі оның киелі екенін аңғартып тұрған­дай. Киіктің жаппай қырылу оқиғасы енді қай­таланбауы керек. Шынды­ғында, ұланғайыр жер берген қазаққа сол далада бауыр басқан аң мен құсты қорғау – зор парыз. Сондықтан да, қа­зақстандық зоологтар үшін ақ­бө­кендерді одан ары сақтап қалу – жа­уапкершілік жүгі ауыр әрі үлкен сы­нақтың бірі болып отыр. Әр облыста қорықтар ашылып, ұлттық парктер мен мемлекеттік табиғи резерваттар құрылуда. Ең қуаныштысы – Қазақстан Үкіметі киіктерді аулауға 2020 жылға дейін мораторий жариялады.
Биылғы күздің алғашқы лебі сезіле бастағанда Сарыарқаның сайын дала­сындағы «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығында бөкендерге қарғыбау тағу шарасы өтті. Ондай шаралар бұған дейін бөкендерді бір-бірінен жеке дара бөліп тұрған үш популяцияда да (Бет­пақдала, Үстірт және Орал топтары) жүргізілген болатын. Қарғыбау тағылған бөкендер Жер серігі арқылы ғарыштан бақыланады. Олардың жолы, бағыты бәрі белгіленіп, кейіннен зерттеу жұмыста­рына да арқау болатыны анық. Шараны ұйымдастырған Қазақстан биоалуан­түрлілікті сақтау ассоциациясы өкілде­рінің айтуынша, бақылауға алынған киіктер саны отызға жетіп отыр. Айта кетейік, батарея­мен жұмыс істетін GPS Plus Collar моделді қарғыбаудың пайдалану мерзімі екі жарым жылға шақталса, күннен қуат алатын Tellus Medium Colarco моделді жаңа қарғыбау төрт жарым жылға дейін жұмыс істейді. Олардың бағасы 1500-2500 еуро аралы­ғында және оның екеуі де Германияда жасалған. Айта кету керек, қарғыбау­лар­дың барлығы Каспий Құбыр Кон­сорциумы (КҚК) қаржысына сатылып алынған. «Біздің мамандар бұл қондыр­ғының көмегімен тәулігіне бір мәрте бөкендер тура­лы мәлімет алып отырады. Қондыр­ғының қуаты таусылғанда, ол өз бетімен ағытылып, бөкеннің мойнынан түсіп қалады. Жинап алынған қарғыбау­лар қуат­тандырылғаннан кейін қайта пайдала­нылады», – деді Қазақстан биоалуантүр­лілікті сақтау ассоциа­ция­сының (ҚБСА) жетекші маманы Альберт Сәлемгареев.
«Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ қарғыбауды сатып алуға ғана 2016 жылы
21 миллион теңге бөлсе, ағым­дағы жылы бөкендері спутниктік тіркеуге алуға, дала­дағы зерттеу жұмыстары мен ағарту­шылық жобаларға 27 миллион теңгеден астам қаражат қарастырған.
Жалпы алғанда, КҚК Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы бері еліміз бойынша құны 8 миллиард теңгеге пара-пар жүз­деген әлеуметтік жобаны қаржы­лан­дырған. Бөлінген қаржының басым бөлігі қоршаған ортаны қорғауға арналған байқаулар мен семинар-тренингтер өт­кізуге, мектеп, балабақша мен спорт алаң­дары секілді әлеуметтік нысандарды салуға жұмсалған.
– 2015 жылы киіктердің жаппай қырылып қалғанын естігенде біздің компания бұл мәселеде де қалыс қалмауы керек деп шештік. Сол кезде біз алдымен, ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің (АШМ) өкілдерімен кез­десіп, нақты қандай көмек керек екенін сұраға­нымызда, олар бізге бөкендерді толықтай бақылауда ұстаудың кешенді бағдарламасы да­йындалып жатқанын, жуық арада ол бағдарлама көпшілік наза­рына ұсынылаты­нын айтты, – деді «КҚК» АҚ Бас дирек­торының Үкіметпен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.
Оның айтуынша, арада ай өткенде сол бағдарлама негізінде КҚК, ҚР АШМ және ҚБСА арасында ақпарат алмасу, био­алуантүрлілікті сақтау және нақты жоба­ларға қаржылай қолдау көрсету бойынша үш жақты меморандумға да қол қойылып, алдағы жылдарға арналған жұмыс жоспа­ры бекітілген. Негізінде, біздің елімізде шикі­зат өндірумен айна­лысатын компа­нияларға әлеуметтік жауапкершілік заңмен де міндеттелген. КҚК компаниясы әлеу­меттік жобаларды қолдауды жүйелі түрде әрі үздіксіз орындап келеді.
– Дәл қазіргі уақытта КҚК демеуші­лігімен киіктерді қорғауға арналған халықаралық бағдарлама да дайындалып жатыр. Ол бағдарлама толықтай іске қосылатын болса онда Өзбекстан, Түркі­менстан және Ресей елдері аумағында да жүзеге асырылатын болады, – дейді Қ.Қабылдин. – Одан бөлек біздің компа­ния халықаралық талаптарға сай жаңа техно­логияларды қолдана отырып, құс түрлерін де сақтап қалуды алдына мақсат етіп қойып отыр.
Тас дәуірінде ақбөкендер Батыс Еуропаға дейін тараған. Қазір тек Қазақстан, Моңғолия, Қалмақ автоно­миясында ғана сақталып қалды. Соның ішінде 90 пайызы Қазақстанда өмір сүреді. Атап айтқанда, мұнда олардың бір-бірінен жеке дара бөлінген үш тобы мекендейді. Олар: Бетпақдала, Үстірт және Орал топ­тары. Мұндағы киіктер нағыз қазақстандық түр болып саналады және басқалардан дене бітімінің ірілігімен ерекшеленеді.
Бүкіл әлемде теңдесі жоқ Теңіз – Ново­российск – Каспий құбыр консор­циумы Еуропа мен Азия арасындағы экономи­калық әріптестіктің алтын көпірі іспетті. Себебі, бұл маршрут Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы әлемдік нарыққа жеткізудің ең сенімді әрі тиімді жолы саналды. Оған дәлел де жоқ емес. Мәселен, 2016 жылы еліміз 60 миллион тонна мұнайды шетелдерге экспорттаса, со­ның 41 миллионы осы компанияға тиесілі.
Айтпақшы, киіктердің Қазақстанда жаппай қырылу оқиғасы 2015 жылы тіркелді. Мұны кейбір мамандар ұлттық деңгейдегі қасірет ретінде де атап өткен болатын. Расында, әупірімдеп санын арттырып келе жатқанда, айналдырған екі-үш аптаның ішінде киіктердің жүз мыңдап қынадай қырылып қалуының негізгі себебі, пастереллез ауруы болса керек. Мұндай қырылу болмағанда түз тағысының басы осы күні жарты мил­лионға жететін еді. Бөкендер санының артуына броконерлік оқиға­лардың оқтын-оқтын қайталанып отыруы да өзінің кері әсерін тигізуде. Бұл елімізде мү­йізді сатып алушылар мен сатушыларға тиісті заңдардың тосқауыл бола алмай­тынын аңғартып тұрғандай.
Әйткенмен, ендігі басты мақсат – осындай келеңсіз жағдайдың алдын алу, қырылуға жол бермеу. Осы мақсатта ға­лымдардың ізденісін жан-жақты қол­даған орынды. Айта кетерлігі, мұндай игі бастамалар да жоқ емес. «Сол үшін де Кас­пий Құбыр Консорциумы қазақ­стандық ғалымдардың жұмысына қаржылай қолдау білдіріп, Қазақ елінің символына балана­тын осы бір дала еркесін сақтап қалу үшін бар мүмкіндікті жасауға бел байлап отыр» дейді аталған компания өкілдері.
Жаңа жыл келісімен Атырау қала­сын­да КТК демеушілік көрсетуімен «Ақбөкен достары» деп аталатын өңірдегі кезекті экологиялық клубы ашылды. Клубтың мақсаты – мектеп оқушыла­рының эко­логиялық мәдениетін қалып­тастыру, дала аң-құстары туралы, оның ішінде киіктер туралы білімдерін арттыру, сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау пробле­маларына қоғамның назарын аударту.
Шараны ұйымдастырушылардың ай­туынша, клуб аясында ай сайынғы та­қы­рыптық сынып сағаттары, ашық са­бақтар, шығармашылық байқаулар, поэ­зия кеш­тері жоспарланған. Клуб мү­ше­лері мек­тептің ішінде ақпараттық бұрыш жа­сап, ол жерге клуб пен атқары­лып жат­қан шаралар туралы мәлімет­терімен бөлісіп отырады.
Қазақстан бойынша «Ақбөкен доста­ры» экологиялық клубының саны 10-ға жетті. Олардың бесеуі Үстірт алабында, екеуі Орал маңындағы киіктер популя­циясына жақын орналасқан Нұрсай мен Әжібай ауылдарында, тағы екі клуб Бетбақдала популяциясына жақын Ақкөл мен Қарасу ауылдарындағы мектептерде ашылған. Клубтың 400-ден астам мүшесі бар.

31 қаңтар 2018 ж. 1 702 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031