ҒЫЛЫМ КЕМЕСІНІҢ КАПИТАНЫ
Мәлике мектепте орта білім алып жүрген кезінде-ақ ғылымға ден қойды. Ол талай рет оқушылар арасында өткізілген ғылыми жобаларға қатысып, өзінің осы салаға деген махаббатына жол ашты. Міне, көптен күткен арманның орындалар сәті келіп жетті.
Жалыны бойын шарпыған жас аудан орталығындағы №30 орта мектепті тәмамдаған соң Астана қаласына жол тартты. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жаратылыстану» факультетіне оқуға түсті. Білімін шыңдай жүріп, әлемдегі ең үздік жоғары оқу орны саналатын қара шаңырақта білім саласының хас шеберлерінің жетекшілігімен тәлім-тәрбие ала жүріп, ғылыми зерттеу жұмыстарына да жол ашты.
Университетті үздік дипломмен тәмамдаған жерлесіміз сол оқу орнының басшылығының ұйғарымымен магистрлік оқуды жалғастырып, оны бітіргеннен кейін аталмыш оқу орнының ғылыми қызметкері болып, еңбек атты жаңа өмірге енеді.
Көп ұзамай жас ғалым өзінің алдына қойған жоспарын орындау мақсатында израилдық әріптестерімен бірлесе «ЮСАИД» халықаралық ұйымының қолдауымен «Орта Азиядағы сор және сортаң топырақты өңдеу мақсатында өсімдіктерді пайдалану» жобасы бойынша ғылыми зерттеу жұмысын сәтті жүргізсе, 2010 жылы Мәлике Төлендіқызы Израилдағы Бен-Гурион университетінде «Ауылшаруашылығы және биотехника» мамандағы бойынша ғылыми магистрлік, яғни философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап шығады. Ал, 2013 жылы Израил мемлекетіндегі Бен-Гурион университетінің профессоры, доктор Моше Саги мен биология ғылымдарының кандидаты Р.Омаровтың жетекшілігімен «Өсімдіктердің абтотикалық және биотикалық стресс барысында биохимиялық қорғаныш механизмдерін зерттеу» тақырыбында диссертация қорғап, философия ғылымдарының докторы (PhD) ғылыми дәрежесіне ие болады.
Жас та болса саналы ғұмырында бірталай жетістікке қол жеткізген, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып, ел құрметіне бөленіп жүрген жерлесіміз Мәлике Төлендіқызының ғылым жолындағы алған асулары ауызға толтырып айтарлықтай. Ғалымның елімізде ауылшаруашылығы саласының дамуына қосқан үлесі қомақты. Израил, Үндістан, Швеция, АҚШ және басқа да Азия, Еуропа мемлекеттерінде өткен халықаралық конференция, симпозиум, семинарлар мен университеттерде баяндама жасап, бар саналы өмірін арнаған биология саласының дамуына сүбелі үлес қосты.
Жерлесіміздің әлем бойынша аталмыш ғылымның өркендеуіне қосқан елеулі еңбегі де елеусіз қалған емес. 2012 жылы халықаралық «Bonna-Terra Foundation and Albert – Katz Intenational Scool» және 2017 жылы Израил мемлекетінің «МАШАВ» және Үндістанның «ITEC» бағдарламалары бойынша тағайындалған халықаралық степендияларының иегері атанды. 2012 жылдың шілдесінде мұхит аржағындағы Американың Техас штатының орталығы Остин қаласында дүниежүзі ғалымдарының қатысуымен өткен халықаралық конференцияда әлемдік өсімдік биологиясы туралы баяндама оқып, ғалымдар тарапынан жоғары баға алса, 2014 жылдың қыркүйегінде Швеция астанасы Стокгольмде халықаралық кәсіби тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ, осы жылы Бритиш консулы ұйымдастырған «Research connect» атты халықаралық семинарға құрметті қонақтар қатарында қатысып, баяндама оқыды. Есімдері жер шарына танымал әлемдік дәрежедегі ғалымдар, халықаралық Нобель сыйлығының иегері Роджер Корнберг, профессор Герман Шольтоф, Моше Саги және басқа да ғалымдармен бірге биология саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізді.
Жерлесіміздің қол жеткізген басқа да жетістігін айтар болсақ, ол ел жастарының шетелдерде білім алуы мақсатында Елбасының қолдауымен бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық «Болашақ» бағдарламасының сарапшылар құрамына биыл екінші рет еніп отыр. Осы жерде айта кетерлік жайт, бағдарлама сарапшылары жыл сайын өзгертіліп тұрады. Десе де, ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыратын бұл бағдарламаға сарапшылыққа біздің жерлесіміз екінші жыл сайланды.
Бүгінде жерлесіміз Мәлике Төлендіқызы Мырзабаева Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде қызмет етеді. «Өсімдік қорғау және карантин кафедрасының доценті. Сонымен бірге, Назарбаев Университетінде аға ғылыми қызметкер болып қызмет етеді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».