ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫ – БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында активтер Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирден бақылады. Бұрын 14 миллионнан аспайтын халық саны бүгінде 18 миллионға көбейді. Халықтың өмір сүру уақыты да 72,5 жасқа ұзарған. Елдегі ендігі мақсат – 2050 жылға дейін дамыған озық 30 елдің қатарына ену. Бүгінгі Жолдау – алдағы қабылданған бағдарламаларға есеп береді.
– Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың Отанымызды өркендету жолындағы олардың маңызын жіті түсінуі тиіс. Оны біз жеткізе білуіміз керек. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымызды ортақ мақсатқа жұмылдыру маңызды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болды. Қоғамдағы жаңғыру үрдістеріне тың серпін берді. Оған қосымша «Бес әлеуметтік бастаманы» айттық. Бұл бастаманы ары қарай жалғастырып қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен кеңейтуіміз қажет», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиістігін де атап өтті. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру басты назарда. Келесі жыл – «Жастар жылы» деп жариялануын ұсынды. Сондай-ақ, ауылдық жерді өркендету, ауыл экономикасын көтеру мәселесі, білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларында үлкен өзгерістер болатыны, соған сәйкес қомақты қаржы бөлінетіні айтылды. Осыған орай атқарушы және өкілді билік орындарына нақты тапсырмалар берілді. Ел ішінде тәртіпті күшейту, мемлекеттік қызмет тиімділігін көтеру үшін қанатқақты жобаларды жалғастыру қажеттігін атап өтті.Айнұр ӘЛИ,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».