» » «Ертілеудегі» қызу тірлік

«Ертілеудегі» қызу тірлік

Біз барғанда жазық даладағы мұнарадай комбайн қылтиған шөпті орып, жатқызып кетіп жатыр. Тағы бірнеше адам оны трактормен преске бастырып келеді. Ал үшіншілері дайын шөпті күдеге тасып, жинауда. Қайнаған тіршілік. Қыстың қамына кіріскен мамандар малдың ақ мамықты маусымда аш қалмауына жағдай жасап бағады. Біреуге бітпейтін күйбең тірлік боп көрінуі мүмкін. Тереңіне үңілсек, бұл дөңгеленіп тұрған кәсіп деген дүние. Шаруашылық төрағасының сенімді өкілі Рүстем Сәрсенбаевтың астына мінген Газель атты тұлпар «тұяғын» серпи-серпи атыздың ішіндегі ой-шұқырға қарамай тартып келеді.

– Қазір жеңіл көлік мінбейтін болдық. Алқапқа келсек, бірдеңе арқалап кететіндей боп тұрамыз. Жоқ дегенде шөп алып кетемін. Ауылда ағайын аузын ашып отыр. Соларға таратып беремін, – дейді Рүстем Сәрсенбаев.
Шаруасы шалқыған шаруашылықтың негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Мал тұқымын асылдандырумен айналысады. Бірақ ол үшін жем-шө­бің өзіңнен шығып тұрса, қанеки. Әйтеуір, жыр­тығыңды бүтіндеп, шығыныңды жауып отырады. Әйтпегенде, ата кәсіппен айналысу қиын. Бәрі де істеген кәсібінен пайда тапқысы келеді. Шөпті сатып алсаң, қып-қызыл ақша. Сондықтан алдағы күніне барлаған басшылық қыстық шөпті өзінен шығатын етіп, 722 гектар жерді шабындық пен мал жайылымдық етіп еншілеген. Шөп бригадасының басында Қанат Тұрымбетов пен Болат Құрманай жүр. Олар көне тракторды алақанда аялап, әйтеуір, жұмыс тұрып қалмайтындай етіп, тынымсыз еңбек етуде. Күніге орта есеппен 500 пресс басады. Жұмыс жақсы жүрсе 1000 преске дейін жеткізеді. Жаз бойы күн астында маңдайы күйіп, табаны жерге тілініп адал еңбектің нанын жеп жүр мұндағылар. Техникаларды түгелімен жаңартуға шағын шаруашылықтың қауқары болмайтыны бесенеден белгілі. Бірақ біртіндеп алмастыруда.
– Мына пресс басатын аппарат пен комбайн – отандық өнім. Елде жасалған техникаларды алып, мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп жатырмыз. Қазір мемлекет жаңа техника алсаң, толық құ­нының елу пайызын, яғни, тең жартысын өзіңе қай­тарып береді. Енді бәріне бірдей емес, арасында пайыздық категориялар бар. Шүкір, тірлігімізге жарап тұр. Ескі-құсқыны да тілін білетін жігіттермен бірге кәдеге асырып келеміз, – деді Рүстем Сәр­сен­баев.
Иіркөл ауылының аумағында орналасқан шаруашылық базасында ауыл жігіттері жұмыспен қамтылған. Солардың бірі – комбайнер Марат Омаров. Қазақтың белгілі өнер тарланы Марат Омаров деп қалмаңыз, бұл – техниканың құлағында ойнаған маман. Шаруашылықта жеті-сегіз жылдан бері еңбек етіп келеді.
– Жастайымнан техниканың жай-күйіне қанығып өстім. Трактор, бульдозер, комбайн тә­різ­ді талай техниканы айдағанмын. Енді осы ша­руашылықтан нан тауып келемін, – деді М.Омаров.
Шаруашылық төрағасы Бекболат Құрманаев жайлауда екен. Мал шаруашылығын негізге алған шаруашылықтың еншісінде қазір 410 аналық қой болса, 22 асылтұқымды қазақтың жартылай қылшықжүнді құйрықты қошқары бар. Онан өзге 200-дің үстінде сиыр болса, соның 146-сы саулық. Сонымен қатар, 5 ақбас бұқа бар. Бұл да мал тұқымын асылдандыруға байланысты алынған түлік.
– Қойды «Алтын асық» бағдарламасы ар­қылы, ал сиырмен «Сыбаға» бағдарламасының нәти­же­сінде алдық. Субсидияға қол жеткізіп отырмыз. Бұл – шаруаларға жақсы мүмкіндік беріп отыр, – деді Р.Сәрсенбаев.
Шаруашылықтың ашылғанына көп болмаса, тарихы әріден басталады. Әулеттің үлкені Ертілеу ақсақал Кеңес Үкіметі кезінде қойшы болып, совхоздың қойын баққан. Мал шаруашылығының берекелі кәсіп екеніне ден қойған отбасы бертін келе «Ертілеу» шаруа қожалығын құрып, жұмыс істей бастады. Ертілеу ақсақал 1965-1993 жылдар аралығында таяғын ұстап мал баққан. Әке көріп, «оқ жонған» балалары бұл күнде әке кәсібін жалғап, биіктен көрініп келеді. Шаруашылықтың қазығын нықтап, жағдайын жақсарту мақсатында мемлекеттен «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 9 миллион теңге несие алған. Бұл күнде алынған қаражатқа жағдайын жақсартып, тірлігін түзеткен.
Жақын арада егіс алқабының басындағы баспананы барлық қажеттілікпен қамтып, жарық, су, жол мәселесін шешпек. Күн сәулесінен энергия алатын табақшаға тапсырыс та беріп қойған. «Бір-екі күнде ол да қолға тиеді» деп отыр Рүстем Сәрсенбаев. Бірнеше трактор, комбайн, пресс басқыш пен тіркемелер пайдаға жарап тұр. Алдағы жоспарымен бөліскен сенімді өкілдің сөзіне қарап, бұйыртса дүркірейтін серіктестікке айналатынына сеніммен қарап, «бәрекелді» дестік.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
02 қазан 2018 ж. 3 219 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 240

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 343

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930