» » Ой пернесі

Ой пернесі

Жұрттың бәрінде бір даңқ. Кез келгенді сөйлетсеңіз, аты-жөнінің артынан шұбап атағы шығады: пәленше сыйлықтың иесі, түгенше орден алған. «Құрметті азамат» дегенді қосыңыз. Лайықты ма, лайықсыз ба, ескерген ешкім жоқ. Одақ деген жақсы болды. Түгенше одақ, пәленше одақ. Қаптаған солардың мүшесі. Жасы да, кәрісі де. Бір танысым (түсінген боларсыз, шығармашылық өкілі) зыр жүгіріп жүр. Биылдан қалмай саласының одағына мүше болуы керек екен. Жасы болса, отыздан аспаған. Құжат дайындап жүр. Мүшелікке енсе, жетіп жатыр. Талай есікті теуіп кіріп, мәселесін солай шешпек. Әйтпесе, сол одағы құрғырдың оған еш пайдасы да жоқ. Баласына ас бермейді, өзіне бас бермейді. Жалпы, одақтың түпкілікті мағынасы жойылып, тура мағынасы қалған сыңайлы. Еңбегі сіңді ме, сіңбеді ме, оған мән бергенді таппайсыз. Одаққа да сол ақшасы, яғни жарнасы қажет.
* * *
Бала күнімізде мұғалима «Кім болам?» деген шығарма жаздырғаны бар. Бәріміз «мұғалім, дәрігер, шахтер боламыз» деуші едік. Қазіргінің баласы бірден «бастық боламын» дейді. Біз «біреуге пайдамыз тисін» деуші едік, қазіргілер әлден-ақ мамық кресло мен құрдай жорғалаған қызметшілер туралы армандайды. Демек, әлден өз қамын ойлайды. Атаққа құмартады. Өйткені тәрбиеміз әлден-ақ құлқынның қамы үшін дегеннен басталған... Сол құлқын қайда жеткізеді өзі? Міне, осы сәтте ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Бір кісіге» деген өлеңі еске түседі:
– Бір үйде жиюлы екен қазына мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар...
* * *
Бала күнімде есік алдындағы сарайға қарлығаш ұя салды. Шырылдатып балапан шығарды. Есімнен кетпейтіні, ауладағы терек басында ұрпақ өрбіткен қырғи алғашында аналығын, содан кейін аталығын жалмады. Балапандар әлі сарыауыз-тұғын. Қайтпек керек? Шырылдауықтардың шулағаны шымбайға бататын. Шешем ұяны қабырғадан алып, терезе жақтауына қойды. Мен күнде жәндік аулап беремін. Күз жақындады, әлгі қанаттылар «желкендерін» желбірете бастады. Қанаты қатайып қалған, үшеуі сарайдың ішінде ұшады келіп. Адамнан үрікпейді, көрген бойда тұра ұмтылады. Күз келді, айырқұйрықтылар ұзап кеткісі жоқ. Үйірге де қосылмайды. Адамға үйірсек болған құстың табиғаттан алшақтайтынын ескермедік-ау. Бірде кенже балапанды мысық ұстап алып, жайратып тастады. Екіншісін әлгі дәніккен қырғи қағып салды. Үшіншісі топтасып жүрген айырқұйрықтыларға қосылды. Бірақ жыл сайын өзі өскен аулаға, сарайға соқпай кетпейді. Адамға жуи қоймайды. Бұл тәуелділік пен тәуелсіздіктің ара-қатынасы туралы ой.
Д.Садық.
09 қыркүйек 2018 ж. 1 432 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 236

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 339

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930