Апостиль – ресми құжаттарды шетелде заңдастырудың маңызды құралы
Қазіргі таңда халықаралық байланыстардың дамуына байланысты азаматтардың шетелде білім алуы, жұмыс істеуі, некеге тұруы және басқа да құқықтық қатынастарға түсуі жиілеп келеді. Осындай жағдайларда бір мемлекетте берілген ресми құжаттарды басқа мемлекетте заңды түрде пайдалану қажеттілігі туындайды. Бұл ретте апостиль рәсімінің маңызы зор. Апостиль – ресми құжатқа қойылатын арнайы мөр немесе белгі. Ол құжатқа қол қойған тұлғаның қолының түп нұсқалығын,оның лауазымын және қажет болған жағдайда құжаттағы мөрдің немесе мөртаңбаның түп нұсқалығын растайды. Апостиль қою тәртібі 1961 жылғы 5 қазанда қабылданған «Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын Гаага конвенциясымен» реттеледі. Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер арасында апостиль қойылған құжаттарды қосымша консулдық заңдастырусыз пайдалануға мүмкіндік бар. Апостиль, әдетте, мынадай ресми құжаттарға қойылады: туу, неке қию және некені бұзу туралы куәліктер;
білім туралы дипломдар мен аттестаттар; сот шешімдері мен сот органдарының құжаттары; нотариалды куәландырылған құжаттар; мемлекеттік органдардан берілген анықтамалар; мұрағаттық құжаттар; сенімхаттар және басқа да ресми құжаттар. Апостиль қоюдың негізгі мақсаты –құжаттардың шетел мемлекеттерінде танылуын жеңілдету, азаматтардың уақытын үнемдеу және құжаттарды консулдық заңдастыру қажеттілігін жою. Қазақстан Республикасында апостиль қою қызметі құжаттың түріне және оны берген мемлекеттік органның құзыретіне байланысты тиісті уәкілетті органдар арқылы жүзеге асырылады.
Апостиль алу үшін азамат: апостиль қоюға жататын құжатты дайындайды. Тиісті уәкілетті органға өтініш береді. Қажетті құжаттар мен қызмет ақысын ұсынады. Белгіленген тәртіпке сәйкес апостиль қойылған құжатты алады. Апостиль құжаттың мазмұнын немесе ондағы мәліметтердің дұрыстығын растамайды. Ол тек құжатқа қойылған қолдың, қол қойған тұлғаның өкілеттігінің және мөрдің түп нұсқалығын куәландырады.Сонымен қатар апостиль барлық мемлекеттерде бірдей қолданыла бермейді. Апостиль – халықаралық құқықтық қатынастарды жеңілдететін және азаматтардың шетелде ресми құжаттарды пайдалануына мүмкіндік беретін маңызды құқықтық рәсім. Ол мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайтып, құжаттарды тану үдерісін жеңілдетеді. Сондықтан шетелге оқуға, жұмысқа немесе тұрақты тұруға баратын азаматтар өз құжаттарына апостиль қою қажеттілігін алдын ала анықтап, тиісті талаптарды сақтағаны жөн.
Г.Абуова,
Аудандық соттың бас маман
сот отырысының хатшысы











