ТАБИҒАТ – ЕЛ ҚАЗЫНАСЫ
Табиғат – адамзаттың ортақ үйі, тіршіліктің қайнар көзі. Оның әрбір бөлшегі өзара тығыз байланысып, өмірдің үйлесімділігін қалыптастырады. Орман – сол табиғаттың ажырамас бөлігі, жердің жасыл желегі мен тіршіліктің тынысы. Орман ағаштар өсетін алқап, сан алуан тіршілік иесінің мекені, ауаның тазалығы мен экологиялық тепе-теңдіктің кепілі. Сондықтан орманды қорғау мен байлығын сақтауды және келер ұрпаққа аманаттауды баршамызға ортақ міндет деп түсінгеніміз абзал.Қазақстанда орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. 2017 жылы ресми түрде бекітілген бұл кәсіби мереке табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтап, орман қорын молайту жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға көрсетілген құрметтің белгісі.Орманшы мамандығы кәсіби біліктілікті, төзімділік пен табиғатқа деген шынайы сүйіспеншілікті талап етеді. Орман шаруашылығы қызметкерлері жыл мезгіліне, табиғат құбылысына қарамастан, табиғи байлықты қорғау, ағаш көшетін отырғызу, орман алқабын күтіп-баптау, өрттің алдын алу, заңсыз ағаш кесуге жол бермеу және жануарлар дүниесін сақтау бағытында сансалалы қызмет етеді.
Олардың еңбегі кейде көзге көріне бермеуі мүмкін. Алайда орманның әрбір жайқалған ағашында, жасыл желекке оранған әрбір алқапта, табиғи ортаның сақталған әрбір бөлшегінде орманшылардың маңдай тері мен табанды еңбегінің ізі бар. Осы орайда, 2023 жылы «Семей орманы» резерватында орын алып, 15 адамның өмірін қиған орман өрті еріксіз еске түседі. Сол кезде бүкіл халық болып, демімізді ішке тартып, өртті сөндіруге бар күшін салған орманшылардың аман болуын тілеген едік. Сол оқиға желісімен түсірілген «38. Соңғы нүкте» фильмі жақында ғана көрермен назарына ұсынылып, оң бағасын алды. Осындай сәттер орман шаруашылығында жұмыс істейтін әрбір маманның еңбегін бағалау қажет екендігін еске салады. Орманшы болу – табиғатпен тіл табыса білу, оның үнін түсіну, әрбір ағаштың өсуіне, әрбір көшеттің тамыр жаюына жанашырлықпен қарау. Бұл мамандық бүгінгі еңбектің жемісін ертеңгі ұрпақтың көретіндігімен бағалы. Бүгін отырғызған бір тал көшет арада ондаған жыл өткенде бәйтерекке айналып, талай жанға сая болады.
Орман – экологиялық тепе-теңдіктің тірегі. Орманның адам өміріндегі маңызы ерекше. Ағаштар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегінің бөлінуіне ықпал етеді.
Топырақты эрозиядан қорғайды, ылғалдың сақталуына көмектеседі, климаттың реттелуіне әсер етеді. Сонымен қатар орман көптеген жануар мен құстың табиғи мекені. Қазақстанның табиғаты алуан түрлі. Алтайдың ну орманынан бастап, Тянь-Шань тауларының шыршалы алқабына, солтүстік өңірдің қарағайлы орманына дейінгі табиғи байлық еліміздің экологиялық жүйесінде маңызды орын алады. Сексеуілді алқап та шөлейт және шөлді аймақтың табиғи тепе-теңдігін сақтауға, құм көшкінін тежеуге ықпал етеді.
Осы орайда Сыр өңіріндегі табиғатты қорғау ісінде өзіндік орны бар ауданның орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегіне назар аударудың маңызы зор. Сырдарияның бойын жағалай орналасқан Қармақшы ауданының табиғаты өзіндік ерекшелігімен дараланады. Кең байтақ дала, өзен аңғары, құмды алқап пен сексеуілді өңір – ауданның табиғи байлығының ажырамас бөлігі.
Аудан аумағының басым жері шөлді және шөлейтті табиғи аймаққа жатады. Мұнда қара сексеуіл, жусан, баялыш, жыңғыл, жиде, қаратал секілді өсімдіктер өседі. Ал өзен аңғары мен жайылмасында өсетін тоғайлы өсімдіктер табиғи ортаның байлығын арттыра түседі. Бұл алқап көптеген жануар мен құсқа мекен болып, өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға әсерін тигізеді. Осындай табиғи ерекшелік Қармақшы жеріндегі орман шаруашылығының маңызын арттырады. Әсіресе сексеуіл орманын сақтау аудан үшін экологиялық тұрғыдан өзекті.
Сексеуіл – шөлейтті аймақтың табиғатына бейімделген, төзімділігімен ерекше өсімдік. Оның тамыр жүйесі құмды бекітуге, жел эрозиясын бәсеңдетуге және топырақтың тұрақтылығын сақтауға көмектеседі. Сексеуілді алқап шөлейттену үдерісін тежеуге де ықпал етеді. Сондықтан сексеуілді қорғау – өсімдікті сақтаумен қатар тұтас табиғи ортаны қорғау дегенді білдіреді.
Ауданда орман және жануарлар дүниесін қорғау бағытында арнайы мемлекеттік мекеме жұмыс істейді. Облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» – өңірдің табиғи байлығын сақтау ісіне жауапты ұйымның бірі. Бұл саладағы еңбек сырт көзге қарапайым көрінгенмен, үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Әсіресе аптап ыстық пен қуаңшылық күшейетін жаз айларында табиғи аумақтың қауіпсіздігін сақтау оңай емес. Мұндай кезеңде мамандардың қырағылығы мен кәсіби біліктілігі маңызға ие. Бір ғана салғырттықтың өзі табиғатқа орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Орманшының еңбегі адам баласының табиғатқа деген адалдығын көрсетеді. Ол ертеңгі ұрпақтың қамын ойлайды. Өйткені бүгін сақталған әрбір ағаш, қорғалған әрбір табиғи алқап болашақтың экологиялық қауіпсіздігіне қосылған үлес болып саналады.
Қазақ халқы ежелден табиғатты аялауды өмірлік ұстанымына айналдырған. «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөздер халқымыздың табиғатқа деген құрметін аңғартады. Ата-бабымыз ағашты тіршіліктің көзі, сая мен берекенің белгісі деп таныған. Ағаш отырғызу сауапты іс деп саналса, табиғатты қорғау адамгершіліктің биік сипатын айқындайды. Осындай ұлағатты ұстаным бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтқан жоқ. Табиғатты қорғау тек орманшының ғана міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың парызы. Орманға демалуға барған адам қоқысын қалдырмай, отты абайлап пайдаланып, өсімдік пен жануарларға зиян келтірмеуі керек. Ал жас ұрпақтың бойына табиғатқа жанашырлық сезімін қалыптастыру отбасынан, балабақша мен мектептен басталады.
Балаларға ағаш отырғызудың пайдасын түсіндіру, экологиялық акцияларға қатыстыру, туған өлкенің табиғатын таныту арқылы олардың бойында қамқорлық қасиетін қалыптастыруға болады. Өйткені табиғатты қадірлеген ұрпақ туған жердің байлығын да сақтай алады.
Табиғатты қорғау – болашақты қорғаумен тең. Қазіргі таңда орман шаруашылығы саласының алдында тұрған міндеттер аз емес. Орман қорын көбейту, жасыл желекті қалпына келтіру, өрт қауіпсіздігін күшейту, сирек кездесетін өсімдік пен жануарды сақтау – мұның барлығы жүйелі жұмысты қажет ететін маңызды бағыттар.
Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі олардың еңбегіне құрмет білдіріп, қоғамды табиғатты қорғау мәселесіне назар аударуға жетелейді. Бұл күні орман байлығын сақтауға үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін бағалап, экологиялық мәдениетті дамытуға деген ортақ жауапкершілігімізді сезінуіміз қажет. Орман – бүгінгі ұрпақтың игілігі, болашақ буынға қалатын баға жетпес мұра. Оның әрбір ағашы, әрбір бұлағы, әрбір тіршілік иесі табиғаттың тұтас жүйесінде өз орнына ие. Сол байлықты сақтау елдігіміздің, мәдениетіміздің және азаматтық жауапкершілігіміздің көрінісі.
Орманшы – табиғаттың жанашыры, оның еңбегін ұрпақ болашағына қосылған үлес деп қарауымыз керек. Қармақшының жасыл желегі жайқалып, Сыр даласының сексеуілі сақталып, табиғат байлығы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін.
Лаура БАҚТЫБАЕВА















