Қандай мобильді аударымдар салықтық бақылауға алынады?
Банктер бақылау критерийлеріне сәйкес келетін барлық жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы деректерді мемлекеттік кірістер органдарына береді. Бұл талап жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтарға да қатысты. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан, белгіленген критерийлерге сәйкес келетін барлық жеке тұлғалар туралы мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарына беріледі», делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.
Бақылау кезінде кәсіпкерлік қызметке арналмаған банктік шотқа түскен қаражат ескеріледі. Егер жеке кәсіпкер тауарлар мен қызметтер үшін төлемді жеке картасына қабылдаса, мұндай түсімдер де ресми тіркелмеген жеке тұлғалардың аударымдары сияқты бақылауға алынады.
2026 жылы қандай мобильді аударымдар бақыланады?
Банктер мәліметтерді төмендегі үш шарт бір мезгілде орындалған жағдайда ғана береді:
- Аударымдар 100 немесе одан да көп түрлі адамнан түсуі керек.
- Ақша қатарынан үш күнтізбелік ай бойы ай сайын түсіп отыруы қажет.
- Осы үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) асуға тиіс. 2026 жылы бұл сома 1 020 000 теңгені құрайды.
Аталған критерийлерді Қаржы министрі 2025 жылғы 12 қарашадағы № 698 бұйрығымен бекіткен. Банктердің мұндай мәліметтерді ұсыну міндеті Салық кодексінің 55-бабы 2-тармағының 24) тармақшасында белгіленген.
Банктер мемлекеттік кірістер органдарына қандай мәліметтер береді?
Екінші деңгейлі банктер алушының жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) және белгілі бір кезеңде шотқа түскен қаражаттың жалпы сомасын ғана ұсынады.
Мәліметтер тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-іне дейін жолданады. 2026 жылдың үшінші тоқсанына қатысты деректерді банктер 15 қазанға дейін тапсырады.















