ТУҒАН ЖЕРГЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТТІҢ БЕЛГІСІ
Тазалық – бір ауыз сөз болып көрінгенімен, мағынасы терең. Оның аясына қаншама игілікті жатқызуға болады. Ол – денсаулықтың кепілі. Қоршаған ортаға жанашырлық. Мәдениет. Айналаға құрмет. Елді, жерді жақсы көру. Көркейту-көгалдандыру, абаттандыру. Аулаңды, үйіңді таза ұстау. Қоқысты белгіленген жерге тастау. Мұқият болу. Мейіріммен қарау. Осы және басқа да құндылықты тоғыстыратын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылы қолға алынып, бүгінде елімізде кең өріс алды. Соның бір айғағы – біздің ауданымызда да көрініс тауып, жалпыұлттық тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.
Сенбі күнгі санитарлық-тазалық іс-шарасында Жосалы, Төретам кенті мен ауылдық округтер, бөлім, мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілермен қатар Ауған соғысы ардагерлері, «Семей-Невада» қозғалысының өкілдері, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан азаматтар және аудандық әйелдер кеңесінің мүшелері белсенділік танытып, туған жерге деген қамқорлықтарын көрсетті.
Сенбілікте аудан әкімі Жандос Еркінбек ауданда акция шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, тұрғындармен жүздесті. – Президентіміздің бастамасымен және облыс әкімінің қолдауымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы тазалық пен абаттандыру жұмыстары ауданда тұрақты түрде жүргізілуде. Бүгінде бірлігі бекем, тірлігі тату ауданымызда тазалық шаралары жүйелі жолға қойылғанының нәтижесінде киелі мекеніміз көркейіп, таза да көрікті аудан ретінде алдыңғы қатардан көрінуде.
Біздің басты мақсатымыз – келер ұрпаққа таза табиғат, көрікті елді мекен және экологиялық мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыру. Осы орайда барша аудан тұрғындарын «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуға, қоршаған ортаны қорғауға және тазалықты сақтауға шақырамын!, – деді аудан басшысы.
Акцияда көшелер мен қоғамдық орындар ретке келтіріліп, сенбілікке қатысушылар қоршаған ортаны қоқыстан тазарту, аула, мекеме аумақтарын жинау, абаттандыру секілді жұмыстарға ауызбіршілікпен атсалысты.
– «Тазалық – иманның жартысы» деген қанатты сөз бар. Туған жерімізге оқу-білім, еңбекпен қызмет етуден бөлек, тазалығы мен санитариясына да атсалысу азаматтық парызымыз. Жосалы кентіндегі «Анаға тағзым» ескерткіші алдында әйелдер кеңесінің мүшелері ұлттық киіммен келіп, жоғары көңіл-күйде тазалық жұмысын жүргіздік. Өзімізді мерекеге келгендей сезіндік. Жалпы мұндай жұмысты тапсырма деп ойламаймыз, бұл ерікті түрдегі туған өлкемізге құрметіміз, қызметіміз, – дейді кеңес мүшесі Әмина Кетебаева.
Айта кетсек, жыл басынан бері аудан аумағын көгалдандыруда 5100 түп ағаш егіліп, апта сайын сенбілікке 155 мекемеден 2 мыңға жуық адам қатысып келеді. 3 тоннаға жуық қоқыс пен тұрмыстық қатты қалдық сыртқа шығарылған. Санитарлық шарасына 10 техника жұмылдырылған.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
















