АДАЛ АЗАМАТ – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ІРГЕТАСЫ
Адал азамат тәрбиелеу бір күнде жүзеге асатын жұмыс емес. Адал ұрпақ – елдің тірегі. Ал адал ұрпақ қалыптасу үшін ұшан-теңіз еңбек керек. Ұрпақ тәрбиесіне салынған әрбір ізгі қадам – ел болашағына жасалған инвестиция. Сондықтан адал азамат тәрбиелеу – адал қоғам қалыптастырудың, ал адал қоғам – жарқын болашақтың берік негізі.
Осы мақсатта О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектепте 2025-2026 оқу жылында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында тәрбие жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып, оқушылардың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықты сіңіруге бағытталған жұмыстар жүргізілді. Адал азамат тәрбиесінде сабақ пен сыныптан тыс ісшараның мүмкіндігі мол. Мектептегі тәрбие жұмысы оқушының жеке тұлғалық қасиетін дамытуға, оның қоғамдық ортада өзін еркін әрі жауапты сезінуіне, шығармашылық және көшбасшылық қабілетін ашуға бағытталды. Осындай жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі – аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқау, жобалардағы жетістіктер.
Мектеп оқушылары қоғамдық жұмыстарға, өзін-өзі басқару ісіне, түрлі патриоттық және әлеуметтік жобаларға белсенді қатысып келеді. Өткен жылы «Жас ұлан» ұйымының 14 жылдығына арналған республикалық іс-шаралар аясында мектеп оқушылары мен жетекшілері бірнеше алғыс хатқа ие болды. Бұл жетістіктер оқушылардың қоғамдық ұйымдар жұмысына белсенді араласатынын көрсетеді. Қандай да бір жетістік бір адамның ғана еңбегімен келмейді. Оның артында оқушы, ұстаз, атаана және мектеп ұжымының бірлескен еңбегі тұрады. Мектепте оқушылардың өзара ынтымақтастығын нығайту, командалық жұмыс жасау қабілетін қалыптастыру, ортақ мақсатқа жұмылдыру бағытында жұмыстар жүргізілді. Оның дәлелі – «Үздік мектеп парламенті» республикалық байқауының нәтижесі. Мектептің «Алар» командасы аудандық кезеңде І орын иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезеңде де І орынға ие болып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл – мектептегі оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесінің нәтижелі ұйымдастырылғанын көрсетеді. Жас ұрпақтың бойында әділдік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруда құқықтық тәрбие жұмысының орны ерекше. Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру, өз құқығы мен міндетін білуге үйрету мақсатында түрлі жұмыстар атқарылды. Ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде құқық негіздері пәнінен Шынар Сәдуақастың ІІ орын алуы – осының айғағы. Оқушының жетекшісі – Жұлдыз Әбділова.
Құқықтық бағыттағы жұмыстар оқушылардың тек білімін арттырып қана қоймай, олардың заңға құрметпен қарауына, азаматтық жауапкершілігін сезінуіне ықпал етеді. Мектеп тәрбиесінің маңызды бағытының бірі – қауіпсіз орта қалыптастыру. Осы бағытта 2026 жылы «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» атты жас жол инспекторлары жасақтарының аудандық байқауында мектептің «Жас сақшылар» командасы І орын иеленіп, облыстық кезеңге жолдама ұтты. Бұл жетістік оқушылардың жол қауіпсіздігі ережелерін меңгеруімен қатар, заң мен тәртіпті сақтаудың маңызын түсінетіндігін көрсетті. Жасөспірімдер арасында зиянды әдеттердің алдыналу – мектеп тәрбие жұмысының маңызды бөлігі. Мектеп оқушылары «Есірткіге жол жоқ» облыстық байқауына қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Қойылым байқауында Назерке Әділбекова мен Айғаным Сәдуақасова І орын, ал көрме байқауында Айнұр Мұнарбаева ІІ орын иеленді.
Бұл жұмыстар арқылы оқушылар саламатты өмір салтын насихаттап, өз қатарластарына зиянды әдеттердің адам өміріне тигізетін кері әсері туралы түсіндіру жұмыстарын шығармашылық тұрғыда жеткізді. «Адал азамат» тәрбиесіндегі маңызды құндылықтың бірі – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Оқушылардың өз қабілетін тануына, болашақ мамандығын дұрыс таңдауға бағытталған іс-шаралар да мектептің тәрбие жұмысынан орын алды. 2026 жылы «Мамандықтар әлемін ашамыз» форумының аудандық кезеңінде Дастан Жұмабек «Мен таңдаған мамандық» номинациясы бойынша ІІІ орын, ал Әнуар Шыназбек «Біздің отбасымыздағы мамандықтар» номинациясымен ІІ орын иеленді.
Мектепте оқушылардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, әдеби шығармаларды насихаттауға ерекше мән берілді. «Оқы. Жаса. Ойлан» республикалық буктрейлер байқауында Балнұр Ертаева ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар оқушылар «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауының аудандық кезеңінде жүлделі орындарға ие болды: Тұрлыбек Балабеков ІІ орын, Динара Бостан ІІІ орын, Алтынай Қалдыбекова ІІ орын, Әділжан Шамшадин ІІІ орын жеңіп алды. Мұндай нәтижелер оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлттық рухани мұраны тануына мүмкіндік береді.
Жас ұрпақты ізгілікке, мейірімділікке, қоғамға пайда келтіруге тәрбиелеуде волонтерлік қозғалыстың маңызы зор. Өткен жылдың 5 желтоқсаны – Халықаралық волонтерлер күніне орай бірқатар мектеп оқушысы облыстық қоғамдық даму басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды.
Қазіргі шәкірт дайын білімді қабылдаушы емес, өз идеясын ұсына алатын, жаңа жоба жасайтын, шығармашылықпен ойлайтын тұлға болуы қажет.
Мектеп оқушылары түрлі шығармашылық, ғылыми, медиалық және экологиялық жобаларға қатысып, өздерінің жаңашыл идеяларын көрсетті. Биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған бейнероликтер байқауында Сезім Рахмашова ІІ орын иеленіп, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Оқушының әрбір жетістігінің артында ізденген ұстаздың еңбегі бар. Өткен оқу жылында мектеп педагогтері де республикалық және облыстық кәсіби-әдістемелік жұмыстарға белсенді қатысты. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Әбділова республикалық ғылыми-әдістемелік басылымдарға мақалалар жариялап, «Үздік педагог – 2025» байқауында дипломмен, сондай-ақ бірқатар қоғамдық және кәсіби марапатқа ие болды. Ұстаздың ізденісі мен оқушы жетістігінің өзара байланысы мектептің тәрбие жүйесінің нәтижелілігін көрсетеді.
Былтырғы көрсеткішке көз жүгіртсек, О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектебінде тәрбие жұмысы бір ғана бағытпен шектелмей, оқушы тұлғасын жанжақты дамытуға бағытталғанын көреміз. Оқушыларымыз республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Облыстық деңгейде І және ІІ орындарды иеленді. Мектеп парламенті арқылы көшбасшылық қабілеттерін танытты. Құқықтық сауаттылық бағытында нәтижеге жетті. «Жас сақшылар» құрамында қауіпсіздік мәдениетін көрсетті. Волонтерлік және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысты. Кітап оқу, шығармашылық, ғылыми-зерттеу бағыттарында жетістікке жетті. Саламатты өмірсалтын насихаттау ісіне үлес қосты. Мұның барлығы – мектеп, оқушы, ата-ана және ұстаз арасындағы өзара түсіністік пен жүйелі жұмыстың жемісі.
«Адал азамат» – жай ғана тәрбие бағдарламасы емес, ол баланың бойындағы адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын, ел алдындағы жауапкершілігін сезіндіретін, қоғамға пайдалы тұлға болуына бағыт беретін тәрбиелік құндылық жүйесі.
Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі ел азаматы. Сондықтан әрбір жетістік – бір баланың ғана жеңісі емес, ол мектеп ұжымының еңбегі, ұстаздың ізденісі, ата-ананың қолдауы және оқушының талпынысының ортақ нәтижесі. Алдағы уақытта да мектеп ұжымы білімді, тәрбиелі, отаншыл, еңбекқор, әділетті, заңды құрметтейтін, қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылатын адал азаматты тәрбиелеу жолындағы жұмыстарын жалғастыра береді.
Жұлдыз АМАНЖОЛҚЫЗЫ,
мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары
















