» » ҰЛТ БОЛАШАҒЫН ТӘРБИЕЛЕЙТІН ҰЛЫ ТҰЛҒА

ҰЛТ БОЛАШАҒЫН ТӘРБИЕЛЕЙТІН ҰЛЫ ТҰЛҒА

Ұстаз... Осы бір ғана сөздің астарында қаншама мағына, қаншама жауапкершілік, қаншама тағдыр жатыр десеңізші! Ұстаз – балаға алғаш әріп танытып, қолына қалам ұстатқан жан ғана емес, оның жүрегіне ізгілік ұғымын сіңіріп, өмір жолына бағытбағдар беретін тұлға. Адамның өмірінде ата-анадан кейінгі ерекше орын алатын жанның бірі де – ұстаз. Себебі бала мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап оның тұлға болып қалыптасуына мұғалімнің ықпалы зор.
Ұстаздық уақытпен өлшенбейтін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын қасиетті мамандық болуымен ерекшеленеді. Мұғалімнің еңбегінің нәтижесі бір күнде немесе бір жылда көрінбейді. Ол жылдар өте келе шәкіртінің жетістігінен, қоғамға қосқан үлесінен, елге жасаған қызметінен көрініс табады. Сондықтан ұстаз еңбегінің өлшемі шәкіртінің бойындағы қасиеттерімен, жасаған ісімен бағаланады.
Мектеп – баланың білім алатын алтын ұясы, оның тұлғалық қалыптасатын ортасы. Ал осы ортаның жүрегі – ұстаз. Сыныптағы бір оқушы сабақты тез меңгеруі мүмкін, енді біріне түсіндіру үшін көбірек уақыт қажет. Бірі ойын ашық жеткізсе, екіншісі өз ойын айтуға қысылуы мүмкін. Бір бала математикаға бейім болса, екіншісі әдебиетке, өнерге немесе спортқа қызығады. Осындай әртүрлі баланың басын қосып, қабілетін ашу – ұстаздың кәсіби шеберлігін қажет етеді. Кейде мұғалімнің бір ауыз сөзі баланың өмірін өзгертеді. «Сенің қолыңнан келеді», «Сен жақсы нәтиже көрсете аласың», «Өзіңе сен» деген қарапайым сөздердің өзі оқушының бойындағы сенімсіздікті жеңіп, алға ұмтылуына себеп болады.
Ұстаздың ұлылығы да – осында. Ол шәкіртінің бойындағы бүгін байқала қоймаған қабілетті көре біледі. Оның кішкентай жетістігін үлкен қуанышқа айналдырып, қадамына қолдау көрсетеді. Қазақ халқы ежелден білім мен тәрбиені жоғары бағалаған. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», «Ұстаздан шәкірт озар», «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», «Ұстазды ұлы әкеңдей сыйла» деген халық даналығы білімнің адам өміріндегі маңызын айқындайды.
Қазақтың ағартушылық тарихына көз жүгіртсек, елдің рухани дамуына жол ашқан тұлғалардың барлығы дерлік ұстаздықпен тығыз байланысты болғанын көреміз. Алғашқы ұстаз, «Дала қоңырауы» деген құрметке ие болған Ыбырай Алтынсарин қазақ даласында мектеп ашып, балаларды білімге шақырды. Оның «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуі тұтас ұлтты оқу-білімге шақырған тарихи ұранға айналды.
Алаш қозғалысының өкілдері де ұлтты ұйыстыру жолында ұстаздық қызметті қатар алып жүрді. Ұлт ұстазы, қазақ тілінің реформаторы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы ұлттың тілін, әліпбиін, білім беру жүйесін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Оның ұстаздық еңбегі мен ағартушылық қызметі қазақ қоғамының рухани жаңғыруына жол ашты. Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде бала тәрбиесінің ерекшеліктеріне тоқталып, мұғалімнің бала психологиясын түсінуінің маңызын көрсетті.
Осы аталған тұлғалардың барлығына ортақ бір қасиет бар. Ол – ұлт болашағына деген жауапкершілік. Олар өз еңбектерінің нәтижесін жеке басының пайдасынан емес, елдің ертеңінен іздеді. Бүгінгі ұстаз да осы ұлы дәстүрдің жалғастырушысы.
Замана өзгерген сайын мұғалімге қойылатын талап та өзгереді. Бұрын мұғалімнің негізгі міндеті оқулықтағы білімді түсіндіру болса, бүгінгі педагогтің қызмет аясы әлдеқайда кеңейді. Қазіргі ұстаз зерттеуші, ұйымдастырушы, кеңесші, психолог, тәлімгер, жаңашыл маман. Бүгінгі таңда оқушы ақпаратты тек мұғалімнен ғана алмайды, ол интернеттен, әлеуметтік желіден, түрлі цифрлық платформалардан ақпарат іздейді. Жасанды интеллекті, цифрлық білім беру платформалары, интерактивті тапсырмалар, онлайн ресурстар білім беру үдерісінің бір бөлігіне айналды. Алайда технология қанша дамығанымен, оның орнын ұстаздың адами болмысы алмастыра алмайды. Ғаламтор ақпарат береді. Жасанды интеллект идея ұсынады. Цифрлық платформа тапсырма құрастырды. Ал баланың жүрегіне жол табатын – ұстаз. Сондықтан технология ұстазды алмастыратын құрал емес, оның кәсіби мүмкіндігін кеңейтетін көмекші құрал ретінде қарастырылуы маңызды.
Бүгінгі таңда білім саласында жасанды интеллектінің мүмкіндіктері кеңінен талқылануда. Оқушы да, мұғалім де жаңа технологияның мүмкіндігін пайдалануды үйреніп келеді. Жасанды интеллекті сабақ жоспарын құруға, мәтін дайындауға, тапсырма әзірлеуге, идея ұсынуға, ақпаратты жүйелеуге көмектесуі мүмкін. Бірақ кез-келген технологияны саналы әрі жауапкершілікпен пайдалану қажет. Ақпаратты тексеру, дереккөзді көрсету, дайын мәтінді көшірмеу, өз ойын қалыптастыру, авторлық құқықты сақтау, академиялық адалдық қағидаларын ұстану – қазіргі білім алушы үшін аса маңызды құндылықтар. Демек, жаңа технология дәуіріндегі ұстаздың міндеті – баланы технологияға тәуелді ету емес, оны технологияны тиімді пайдаланатын саналы тұлға ретінде тәрбиелеу.
Білім мен тәрбие – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Нағыз ұстаз оқушыға білім берумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге ықпал етеді. Ана тілін құрметтеу, ел тарихын білу, ұлттық мәдениетті бағалау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік, отансүйгіштік – мұның бәрі мектеп қабырғасында қалыптасатын қасиеттер.
Қазіргі жаһандану заманында ұлттық болмысты сақтау ерекше маңызға ие. Әлемдік ақпарат кеңістігіне еркін еніп отырған жас ұрпақ өз мәдениеті мен тілін, тарихы мен дәстүрін жақсы білуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, ұстаздың рөлі айрықша. Қазақ әдебиетіндегі ұлы шығармаларды оқыту, тарихи тұлғалардың өмірін таныту, салтдәстүрді дәріптеу, ұлттық өнерді насихаттау арқылы мұғалім оқушының бойында ұлттық сана қалыптастырады. Себебі ұстаздың әр сабағы – тәрбие мектебі.
Мұғалім үшін марапаттың ең үлкені – шәкіртінің жетістігі. Бүгін мектеп қабырғасында отырған оқушы ертең дәрігер болуы мүмкін. Бірі инженер атанады, екіншісі ғалым болады, тағы бірі өнер жолын таңдайды, енді бірі ел басқару ісіне араласса, бірі ауылына қызмет етеді. Олардың әрбірінің өмір жолында бір ұстаздың ізі бар. Кейде жылдар өткен соң шәкірт ұстазына келіп: «Апай, сіздің бір сөзіңіз есімде қалыпты», «Ағай, сіздің берген кеңесіңіз өмірімде көмектесті», «Сіз менің өзіме сенуіме себеп болдыңыз» деген сөздерді айтуы мүмкін. Мұндай сәт – ұстаз үшін кез келген марапаттан қымбат. Өйткені мұғалімнің еңбегі қағаздағы көрсеткішпен ғана өлшенбейді. Оның ең үлкен нәтижесі – адам тәрбиелеу.
Әр адамның мектеп өмірінде есінде ерекше қалған ұстазы болады. Біреуінің алғашқы мұғалімі, біреуінің сынып жетекшісі, енді бірінің сүйікті пән мұғалімі жүрегінде мәңгі сақталады. Неліктен? Өйткені ұстаз баланың өміріндегі маңызды кезеңдердің куәсі болады. Ол оқушының алғашқы жетістігін де, алғашқы жеңілісін де көреді. Қуанышын бөліседі, қателігін түзетуге көмектеседі. Мектеп бітіріп, жан-жаққа кеткен шәкірттер үшін ұстаз бейнесі уақыт өткен сайын қымбаттай түседі. Жылдар өте келе адам өзінің балалық шағына, мектептегі күндеріне, алғашқы ұстазына сағынышпен қарайды. Бұл – ұстаз еңбегінің адам жадында ұзақ сақталатынының дәлелі.
Қоғамның болашағы білім мен тәрбиеге байланысты болса, білім мен тәрбиенің сапасы ұстазға байланысты. Сондықтан мұғалім мәртебесін көтеру – тұтас қоғамның ортақ міндеті. Ұстаздың кәсіби дамуына жағдай жасау елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырумен бірдей.
Мектеп пен ата-ана арасындағы өзара түсіністік те бала тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Мұғалім мен ата-ана бір мақсатта – баланың болашағы үшін әрекет еткенде ғана нәтиже жоғары болады. Сондықтан ұстазға қолдау көрсету, оның пікірін тыңдау, еңбегін бағалау – қоғамның мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі.
Ұстаз барлық мамандық иесін тәрбиелейді. Сондықтан ұстаз еңбегінің мәні – оның қоғамның барлық саласына әсер ететіндігінде. Бір мұғалімнің еңбегі ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған адамның болашағына ықпал етуі мүмкін. Бұл – ұстаздық мамандықтың ұлылығы.
Ұстаз – шәкіртінің жүрегінде мәңгі қалатын тұлға. Ұстаздар күні қарсаңында осы жолда адал қызмет етіп жүрген барша ұстаздар қауымының еңбегіне алғыс айтамыз. Себебі ұстазға құрмет – білімге құрмет, ал білімге құрмет – болашаққа құрмет.
Лаура БАҚТЫБАЕВА
05 қазан 2026 ж. 61 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№75 (10543)

02 қазан 2026 ж.

№74 (10542)

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 (10541)

26 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 980
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 209

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031