ҚАЛАЙ СӘЛЕМДЕСІП ЖҮРСІЗ?
Амандасу – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани-мәдени құндылығы. Қазақ халқының ұлттық болмысын айқындайтын салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы – ұрпақтанұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес рухани мұра. Соның ішінде күнделікті өмірімізде жиі кездесетін, қарапайым көрінгенімен, мағынасы терең дәстүрдің бірі – амандасу.
«Сәлем – сөздің анасы», «Сәлемдесу – әдептіліктің белгісі», «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген халық нақылдары қазақ дүниетанымында амандасудың қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді. Сәлемдесу – екі адамның бір-біріне жай ғана тіл қатысуы емес, ол – өзара құрметтің, ізеттіліктің, адамгершіліктің және татулықтың белгісі.
Қазақ даласында амандасуға ерекше мән берілген. Алыстан ат арытып келген жолаушы алдымен үйдегі үлкендерге сәлем берген. Жас адам үлкен кісіге жолықса, бірінші болып ізет білдірген. Ал үлкендер жастарға ақ тілегін айтып, батасын берген. «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем берген азаматқа «Уағалейкүмассалам!» деп жауап қайтару – халқымыздың қалыптасқан әдеп мәдениетінің көрінісі. Мұндағы басты құндылық – адамның өзінен үлкенге құрмет көрсетуі.
Қазақ қоғамында амандасу адамның жасына, жынысына, туыстық қарым-қатынасына, қоғамдық орнына қарай да ерекшеленген. Келіннің үлкендерге иіліп сәлем салуы – қазақ отбасындағы тәрбиенің айрықша үлгісі. Бұл дәстүрдің астарында «үлкенді сыйлау», «отбасындағы татулықты сақтау», «жаңа ортаға құрметпен қарау» секілді терең ұғымдар жатыр. Халқымыз «Сәлем бергеннің сағы сынбайды» деп те бекер айтпаған. Өйткені сәлемдесу адамның кішіпейілділігін танытады. Адамның мәдениеті мен тәрбиесі оның киімінен немесе байлығынан бұрын, айналасындағылармен қарым-қатынасынан көрінеді.
Қазіргі жаһандану заманында ұлттық дәстүрлерді сақтау мәселесі ерекше маңызға ие. Әлемдік мәдени кеңістікке еркін араласқан заманда өз болмысымызды, тілімізді, тарихымызды, салт-дәстүрімізді сақтау баршамызға ортақ міндетке айналды. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев та ұлттық құндылықтар мен дәстүрдің қоғамдағы орнына үнемі назар аударып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ер адамдардың бір-бірін құшақтап, беттен сүйіп амандасуын және әйелдер мен ерлердің сәлемдесу кезінде бір-бірін бетінен сүюі қазақтың дәстүріне жат екенін айтып, сынға алды: ер адамдардың құшақтасып, сүйісіп амандасуы – дұрыс емес әдет. Әйелдер мен ерлердің бір-бірін бетінен сүйіп сәлемдесуі де ұлттық салтымызда болмаған. Бұл мәселе қоғамдағы жаңа этика, ұлттық мінез және тәртіп сақтау тақырыптарымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы мұндай жат әдеттерден бас тартып, ұлттық амандасу мәдениетіне оралу маңызды екенін атап өтті.
Қазақ халқының тәрбиесінде «әдептілік» ұғымы өте кең мағынаны білдіреді. Әдепті бала үлкеннің сөзін бөлмейді, төрге озбайды, үлкеннің алдын кесіп өтпейді, келген қонақпен амандасады. Бүгінгі мектеп тәрбиесінде де осы ұстанымдардың маңызы зор. Мұғалімнің оқушымен жылы амандасуы, оқушының ұстазға құрметпен сәлем беруі – білім ордасындағы жағымды қарым-қатынастың бастауы. Мектепке келген балаға «Сәлеметсің бе?», «Қайырлы таң!» деп жылы сөз айту арқылы оның көңіл-күйін көтеруге болады. Сәлемдесу арқылы оқушы өзін ортаға қажет, құрметті адам ретінде сезінеді. Сондықтан амандасу – ұлттық дәстүр болуымен қатар қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыратын тәрбиелік құрал.
Заман өзгерді. Қазір адамдардың қарымқатынасы да бұрынғыдан өзгеше. Телефон, әлеуметтік желі, мессенджерлер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Адамдар кейде жүзбе-жүз сөйлескеннен гөрі WhatsApp, Telegram немесе әлеуметтік желі арқылы хабарласады. Бірақ технология өзгергенімен, әдеп өзгермеуі керек. Хабарлама жазғанда да сөз басын «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы күн!», «Ассалаумағалейкүм!» деп бастау – мәдениеттіліктің белгісі. Әсіресе үлкен адамдарға немесе ұстаздарға жазғанда сәлемдесу, жағдай сұрау, өтінішті сыпайы жеткізу – қазақы қарымқатынас мәдениетінің қазіргі ортадағы жалғасы. Бір қарағанда, бұл ұсақ нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ қоғамның мәдениеті дәл осындай ұсақ көрінетін әрекеттерден құралады. Осы құндылықтардың әрқайсысының негізінде адам мен адамның арасындағы дұрыс қарым-қатынас жатыр. Ал сол қарым-қатынастың алғашқы қадамы – сәлем.
Қазақтың амандасу дәстүрі тек отбасы немесе туыстар арасындағы қарым-қатынаспен шектелмейді. Ол көршілік мәдениетімен де тығыз байланысты. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген мақал халқымыздың көршімен сыйласуға ерекше мән бергенін көрсетеді. Көршімен амандасу, жағдайын сұрау, қиындыққа тап болса қол ұшын беру – қазақ қоғамындағы өзара жәрдем мен ынтымақтың көрінісі. Олай болса, күнделікті өмірде бір-бірімізбен жылы амандасуымыздың өзі қоғамдағы сыйластық пен татулықты нығайтуға ықпал етеді.
Ата-бабаларымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Егер бала үйінде атаанасының үлкендермен сыпайы амандасқанын көрсе, өзі де сол әдетті бойына сіңіреді. Бүгінгі ата-ана баласына қымбат дүниелерден бұрын жақсы мінез бен дұрыс әдет үйретуі керек. Үлкенге сәлем беру, ата-ананың батасын алу, қонақты құрметтеу, көршімен сыйласу – баланың тұлға ретінде қалыптасуына әсер ететін ұлттық тәрбие негіздері. Сондықтан амандасу дәстүрін жаңғырту үшін үлкен шаралар өткізудің өзі міндетті емес. Оны әр отбасы күнделікті өмірден бастауы керек: таңертең үйден шығарда ата-анаға сәлем беру, мектепке келгенде мұғаліммен амандасу, ауладағы үлкендерге ізет көрсету, көшеде таныс адамды көрсең, жылы сәлемдесу.
Осындай қарапайым әрекеттер ұлттық тәрбиенің өміршеңдігін көрсетеді.
Бабадан қалған дәстүрдің қадірі – оның қарапайымдылығында. Амандасу үшін үлкен дүние қажет емес. Бір ауыз жылы сөз, бір сәттік назар, ізеттілік танытқан қимыл – адамның көңілін көтеріп, арадағы байланысты нығайта алады. Сәлемдесу арқылы біз бір-бірімізге: «Сені көрдім, сені құрметтеймін, саған амандық тілеймін» деген ізгі ниет білдіреміз. Сондықтан амандасу – жылылыққа, мейірімділікке шақыратын әдет, ол – адамдықтың, тәрбиенің, мәдениеттіліктің және ұлттық болмыстың көрінісі. Қазақ халқының «Сәлем – сөздің анасы» деген бір ауыз сөзі осы дәстүрдің мәнін дәл жеткізеді.
Ұлттық құндылықтарды сақтау үлкен сөздерден емес, күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден басталады. Ал сол қарапайым әрекеттің бірі – сәлемдесу. Сәлемі түзу елдің – сыйластығы берік. Сыйластығы берік елдің – бірлігі мығым. Ендеше, атадан қалған аманатты ардақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әр күнімізді жылы сәлемнен бастайық!
Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ

















