» » ҚАБЫРҒА АРТЫНДАҒЫ ҚАСІРЕТ: ЗОРЛЫҚ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ТАҒДЫР

ҚАБЫРҒА АРТЫНДАҒЫ ҚАСІРЕТ: ЗОРЛЫҚ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ ТАҒДЫР

Сурет ашық дереккөзден алынды
Отбасы – адам баласы үшін ең қауіпсіз мекен болуы тиіс. Бірақ кейде сол шаңырақтың табалдырығын аттаған сәттен бастап, қыз баланың өмірі жылылықтан емес, үрейден басталады. Кеше ғана үмітпен құрылған отбасы уақыт өте келе оның жанын жаралайтын, үнін өшіретін, тағдырын тұсайтын түнекке айналады.
Қыз бала үшін отбасы – қорған. Әке-шешесінің мейірімінен қанаттанып, кейін өзге үйдің түтінін түтетіп, сүйген адамының жанынан тыныштық табуды армандайды. Алайда өмірдің ағымы басқа арнаға бұрылып жатады. Кейбір әйелдер үшін ақ орамал тағылған күн бақыттың бастауы емес, қиын күндердің алғашқы парағы болып ашылады.
Басында бәрі басқаша. Жылы сөз, әдемі уәде, қамқорлық. Уақыт өте келе оның орнын қызғаныш, бақылау, кемсіту, қорқыту басады. Алғашқыда «мінезі сондай», «ашуланғанда айтып қояды», «кейін өзгереді» деген үмітпен кешірілген әрбір әрекет бірте-бірте қалыпты жағдайға айналады. Сөйтіп, зорлықтың көзге көрінбейтін шеңбері түзіледі.
Зорлықтың зілі
Әлемде қылмыстың түрі көп. Соның ішінде ең сорақысы – өзіңе ең жақын адамнан жәбір көру. Бір кездері сүйеніш болған жанның қолынан соққы көру, сенім артқан серігіңнің қорлауына ұшырау – адамның тәнін ғана емес, жанын да жаралайды. Кеше ғана махаббат пен мейірімнің мекені болған қасиетті шаңырақ біртіндеп қорқыныш пен қасіреттің ордасына айналады.
Өкінішке қарай, бұл мәселе бүгінгі қоғамда әлі де өзекті. Әлеуметтік желілерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жан түршігерлік оқиғалар жиі жарияланып жүр. Дегенмен сол оқиғалардың артында біз білмейтін, үнсіз төзіп жүрген қаншама әйелдің тағдыры бар.
Неліктен олар көмек сұрамайды? Неліктен талай жан өзінің басындағы қасіретті жылдар бойы ішіне бүгіп келеді? Бұған «ұят болады», «отбасының мәселесін сыртқа шығармау керек», «балалар үшін шыдау қажет» деген түсінік себеп болып жатады. Осындай ұстанымдар кейде зорлық-зомбылықты тоқтатудың орнына, оның одан әрі жалғасуына жол ашады.
Зорлыққа үнсіз қалу – оны ақтау емес, керісінше, оның тамырының тереңдей түсуіне мүмкіндік беру. Бір рет жасалған күш көрсету «соңғы рет» болып қалмауы мүмкін. Бүгінгі қорқыту ертеңгі соққыға, ал ертеңгі соққы орны толмас қасіретке айналуы ықтимал.
Сондықтан тұрмыстық зорлықзомбылықты «үйдің ішіндегі мәселе» деп жауып қоюға болмайды. Бұл – адам құқығы мен адам өміріне қатысты қоғамдық мәселе. Әрбір адам қауіпсіз әрі зорлықсыз өмір сүруге құқылы.
Үй қорқатын жер емес, қорған болатын мекен болуы тиіс. Отбасы – жара салатын емес, жанға демеу болатын орта. Ендеше, үнсіз үйдегі айқайға қоғам болып құлақ түруіміз керек. Өйткені бір әйелдің жанайқайын есту – бір тағдырды ғана емес, бір өмірді аман алып қалуы мүмкін.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сөз болғанда, көпшіліктің көз алдына денедегі көгерген із, жарақат, сынған сүйек келеді. Бірақ зорлықтың ең қауіпті түрі кейде көзге көрінбейді.
Біреудің телефонын тексеру, кіммен сөйлесетінін бақылау, достарынан алыстату, жұмыс істеуге тыйым салу, ақшаға тәуелді ету, үнемі кемсіту, балағаттау, қорқыту – мұның бәрі адамның еркіндігін шектейтін психологиялық және экономикалық қысымның көріністері болуы мүмкін.
Ең қиыны мұндай әрекеттердің кейбірі қоғамда әлі де «отбасылық мәселе», «ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс» ретінде қабылданады. Ал шын мәнінде, зорлық – жанжал емес. Себебі жанжал кезінде екі тараптың да өз ойын білдіруге, шекарасын қорғауға мүмкіндігі бар. Зорлықта бір адам екінші адамның үстінен билік жүргізуге, оны қорқытуға, бағындыруға тырысады. Сондықтан тұрмыстық зорлықты жай ғана «мінез үйлеспеушілігі» деп түсіндіру мәселенің табиғатын жеңілдетіп жібереді.
Қасіреттің бастауы қайда?
Қоғамдағы кез келген мәселе тәрбиеге келіп тіреледі. Бүгінгі бала ертеңгі бір үйдің отағасы, отанасы. Жастармен жұмысты үйленбей тұрып қолға алу қажет. Олардың санасына отбасы болудың жауапкершілігін сіңіру керек. Оңтүстік өңірлерде үйлену үшін үйленетіндер көп. Қыздар оң босағада отырып қалмау үшін тойға дейін ер адамның көзқарасын елемей, көзі соқыр қалыпта тұрмыс құрады. «Үйде отырсын, бала туып, үй тірлігіне шығыссын» деп, әйелді әке-шешесіне күң ретінде алатын еркек те бар. Сүймей алады да, көшеден қызық іздеп, соңында шаңырағындағы адамнан сұлулық таппай таяқтың көкесін көрсетеді. Жазығы жоқ әйелін өз өмірінде жолы болмаған кез келген нәрсе үшін таяқ жегізеді. Бұл өтірік емес. Ал сүймеген адамды қанша тыраштансаңыз да тәрбиелей алмайсыз. Сөйтіп, бес баласын сүйреп дағдарыс орталығынан бір-ақ шығады. Әйел «бала туып берсем, өзгереді» деген алдамшы түсінікпен жүреді. Соңында өзін тастауға дейін барады. Балаларымен бірге өзін өлімге қиған аналарды да көрдік қой. Тұтас бір отбасы мүшелері (ерінен басқа) жан тапсырды. Қандай ауыр дүние, иә?!
Шынтуайтында, зорлықтың түп-тамыры көбіне психологиялық сауатсыздықтан, рухани жұтаңдықтан және патриархалды тәрбиеден бастау алады. «Әйел – еркектің меншігі» деген ұғым әлі де кейбір ортада үстем. Токсикалық еркектік пен «қол жұмсау – тәрбие» деген қауіпті түсінік осы әлеуметтік дерттің түпкі себептерінің бірі.
Сонымен қатар ішімдік, нашақорлық, жұмыссыздық, бала кезден көрген зорлықтың есе қайтаруы секілді факторлар да тұрмыстық зомбылыққа жол ашады.
Санаға сіңген сызат
Сарапшылардың зерттеуінше, басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда қазақ әйелдері арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар саны әлдеқайда жоғары. Күйеуі ұрып-соққан әрбір төртінші қазақ әйелі ғана көмекке жүгінеді екен, ал әрбір бесінші қазақ әйелі осы тақырыптағы сұраққа жауап беруден бас тартқан. Олай етуіне де себеп бар, өйткені біздің менталитетімізде зорлық-зомбылыққа шыдау не оны жар салмай, жасыру – қалыпты жағдай. Қазақы танымда «ыдысаяқ сылдырамай тұрмайды» деп әйел өзінің зардап шеккені туралы көмек сұраған кезде, екі жақ татуластыруға, қайтадан қосуға тырысып жатады.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық саны статистикаға көнбейді. Өйткені көп жағдайда әлімжеттік көрген әйелдер құқық қорғау органдарына барудан бас тартып жатады. Әйел отбасында қандай зорлық көрсе де, жанұясы үшін бәріне төзуге мәжбүр. Солай бола тұра қадірін қашырған, шаңырақ шайқалған жайға да әйелдердің өзін кінәлап жатады.
Теперіш түнегінен шығатын жол
Қорлық көрген әйелдің ең үлкен қажеттілігі – оны кінәлайтын емес, қолдайтын адамның болуы. Кейде бір ауыз «сен жалғыз емессің» деген сөздің өзі маңызды. Кейде қауіпсіз жер, заңдық кеңес, психологиялық көмек немесе сенімді адамның қолдауы жаңа өмірге бастайтын алғашқы қадам болуы мүмкін. Сондықтан зорлық көрген адамға «неге бұрын айтпадың?» деп емес, «қазір саған қалай көмектесе аламын?» деп сұрауымыз керек.
Біз зорлықты көргенде үнсіз қалмауды үйренуіміз қажет. Себебі үнсіздік кейде бейтараптық емес. Ол жәбірленушінің жалғыз қалуына себеп болатын факторлардың бірі.
Қыз баланың тағдыры қорлықпен өлшенбеуі керек. Оның өмірі біреудің ашуына, қол көтеруіне, біреудің өктемдігіне тәуелді болмауы тиіс. Ол қорықпай күлуге, еркін өмір сүруге, таңдау жасауға, қауіпсіз үйде оянуға құқылы. Шаңырақтың қасиеті оның қабырғасының бүтіндігінде емес, сол шаңырақ астында өмір сүріп жатқан адамдардың бір-біріне деген құрметінде. Ал егер сол үйде махаббаттың орнына үрей, мейірімнің орнына теперіш, тыныштықтың орнына жанайқай орнаса, онда ең алдымен үнсіздіктің есігін ашу керек. Өйткені кейбір қыздардың тағдырын біреудің жұдырығы емес, қоғамның үнсіздігі де ауырлатады.
Теперіш түнегіне тұншыққандарға жарық керек. Ал сол жарықты жағу – бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.
Түйін Қабырға артында болып жатқан әрбір жанайқай – біз естімегенмен, қоғамның ар-ұятына қойылған сауал. Кеше ғана бақыттың бесігі болған шаңырақтың бүгінде қорқыныш құрсауына себеп боларын кім білген?!
Біз тұрмыстық зорлық туралы кезекті жаңалықтан ғана естіп, біраз уақыт алаңдап, кейін ұмытып кететін болсақ, мәселе шешілмейді. Себебі әр үнсіз қалған оқиғаның ар жағында көмек сұрай алмай жүрген әйелдің, қорқынышпен өмір сүріп жатқан қыздың, анасының көз жасын көріп өсіп келе жатқан бір тағдыр болуы мүмкін.
Қауіпсіз үй – әр адамның құқығы. Ал зорлықсыз отбасы қоғамның ортақ мұраты екенін естен шығарып алмайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
14 қыркүйек 2026 ж. 103 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№69 (10537)

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (10536)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (10535)

05 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 845
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 113

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930