Топ-баннер
» » «ЖҰРТТЫҢ БАЛАСЫ» НЕГЕ ЖАҚСЫ?

«ЖҰРТТЫҢ БАЛАСЫ» НЕГЕ ЖАҚСЫ?

Қазақ отбасында бала тәрбиесіне қатысты бір көзге көрінбейтін, бірақ салмағы ауыр ұғым бар. Ол – «жұрттың баласы» дейтін сөз. Кейде ата-ананың шамадан тыс талапшылдығы баланың жігерін жанудың орнына, оның еңсесін түсіріп, ертеңіне кері әсер етіп жатады. Үлкендердің өз ұрпағынан үлкен үміт күтіп, келешегі жарқын болғанын қалайтыны анық. Алайда әлгіндей сөз жетістікке жетелейтін қамшы емес, жігерді жасытатын салыстыруға айналып кеткенін аңғармай қалып жатамыз.
Отбасы бала үшін өзін бақытты, қауіпсіз, мейірім құшағында сезінетін қолайлы орта болуы керек. Ата-ананың махаббатына бөленіп, өзін жеке тұлға ретінде сезініп өскен ұл-қыз келешек өмірде де өз орнын дұрыс таба алады. Ата-ана баланың тәрбиелеушісі ғана емес, сырласы, досы бола білсе, арадағы байланыс нығаяды.
Әрбір әке-шеше перзентінің озық, алғыр, қатарынан кем түспегенін қалайды. Бірақ сол үміттің өлшемі шектен асып кетсе, ол бала үшін демеу емес, қысымға айналады. Үнемі «өзіңдей анау бала оқып жүр», «мынау озып кетті», «жұрттың баласы сенен артық» деген сөзді естіп өскен бала біртіндеп өзіне деген сенімін жоғалтып, жан-дүниесінде жалғыздық сезімі тереңдей береді. Өйткені оған ең жақын атаанасының өзі оны өзгемен өлшеп отыр.
Бір қарағанда «жұрттың баласы» деген қиялдан туған образ тәрізді көрінеді. Мінсіз оқиды, бәріне үлгереді, тәртіпті, алғыр, ата-ананың айтқанынан шықпайды. Бірақ өмірде дәл осындай мінсіз адам болмайды. Бәрінің бойында өзіне тән кемшілігі бар. Біз тек біреудің сыртқы жетістігін көріп, ішкі күресін, әлсіз тұсын байқамаймыз.
Әр бала – қайталанбас әлем. Бірі есепке жүйрік, бірі сөзге шешен, енді бірі өнерге жақын. Біреу ерте ашылады, біреу кеш гүлдейді. Табиғаттың өзі әр баланы әртүрлі етіп жаратқан соң, бәрін бір қалыпқа салуға тырысу оның болмысын жоққа шығару деген сөз. Бала тәрбиесінде «бәріне бірдей мінсіз үлгі» болмайтыны да сондықтан.
Өкінішке қарай, біз кейде өз баламызды тыңдаудан гөрі, оған баға беруге әуеспіз. Қателігін кешіруден бұрын, салыстыруға асығамыз. Ал ата-ананың басты рөлі – төреші болу емес, бағыт беруші болу. Өмірдің өзі баланы жеткілікті сынайды, қоғамның талабы да аз емес. Осындайда баланың сырын айтып, әлсіздігін жасыра алмайтын жалғыз мекені отбасы болуы тиіс.
Егер бала өз үйінде де өзін жеткіліксіз, әлсіз, басқалардан кем сезінсе, ол бұл ойды ересек өмірге де арқалап шығады. Мұндай адамдар кейін де қоғам пікіріне тәуелді болып, өз бағасын өзгенің көзімен өлшеуге бейім келеді.
Баланы жетістікке жетелеудің жолы салыстыру емес, қолдау екенін ұмытпайық. Оның кішкентай қадамына қуану, талпынысын байқау, тырысқаны үшін мақтау баланың ішкі сенімін қалыптастырады. Жылы сөз, шынайы мақтау, «сенің қолыңнан келеді» деген қарапайым тіркестің өзі балаға үлкен күш береді.
Өмір – расымен де жарыс. Бірақ ол жарыста әркім өз жолымен жүреді. Балаға мұны түсіндіру маңызды. Біреумен емес, өзімен салыстырып өсуге үйрету – ең дұрыс тәрбие. Бүгінгісінен ертеңі жақсы болса, міне, сол нағыз жеңіс.
Сондықтан баламызды «жұрттың баласымен» емес, кешегі өзімен салыстырайық. Оны кемсітіп емес, көтермелеп өсірейік. Қолпаштап, қасында екенімізді сезіндірейік. Себебі жақындарының қолдауын сезінген бала ғана ертең өмірдің биігіне өз еркімен, өз жолымен шыға алады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
28 ақпан 2026 ж. 82 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№16 (10483)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (10482)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (10481)

21 ақпан 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 512
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 335

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728