ҮНСІЗ КҮРЕС ҮРЕЙ ӘКЕЛМЕСІН
Қоғамда көзге көрінбейтін, бірақ жанды ауыртатын жара бар. Ол – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұл – бір отбасының ішінде, бір шаңырақ астында жасалатын, қоғамға ашық жария етіле бермейтін, алайда мыңдаған тағдырды талқандаған қасіретті құбылыс. Бүгінгі таңда отбасындағы тыныштықтың бұзылуы қоғам тыныштығына да тікелей қауіп төндіретінін түсіну маңызды. Әлемде қылмыстың түрі өте көп. Соның ішінде ең көп тарағанының бірі – отбасында зәбір көрсетіп, жақынын жиі қысымға ұшырату. Сенген серігі өзіне қол көтеріп, киелі шаңырағын күнделікті қылмыс орнына айналдырғандай. Себебі бұл мәселе күн сайын әлеуметтік желіде жиі қозғалып жүр. Расымен шыбын жанын арашалап, шырқырап жүрген әйел заты аз. Себебі қоғам «ұят болады», үйдің ішіндегі мәселе сыртқа шықпауы тиіс деген сөзбен мұндай өрескел қылықты шаңырақ ішінде сақтайды. Бірақ соңы нәзікжандылардың өлімімен аяқталып жатыр.
Өкінішке қарай қазіргі қоғамда отбасындағы кемсіту мен қорқыту қалыпты жағдайға айналды. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарына құлақ үйренді. Құдды қасиетті шаңырақтың қалыпты әдеті секілді. Қоғам дертіне айналған бұл құбылыстың тамырына балта шабуға бола ма? Заңнамадағы соңғы өзгерістер бұл бағыттағы қылмыстың алдын алуға қаншалықты ықпал ете алып жатыр? Саралап көрелік.
ӘЙЕЛ ӘЛСІЗ БЕ?
Өткеннен бүгінге дейінгі уақытқа көз жүргіртсек, халқымыз қыз баласына ерекше көңіл бөліп, қызғыштай қорыған. Аға-інілер бөтен жанның қырын қарасынан, өзгенің қолы түгілі сөзінен ада ұстаған. Бұл бәлки, табиғатынан қыз деген нәзік жаратылыстың намысы мен арын сақтау үшін барын салған бұрынғылардың асыл дағдысы болар. Бүгінде арқа сүйер аға, қолқанат болар інінің үйдегі қызға бөлетін уақыты мен көңілі алдыңғы буынның жасағанындай емес.
Бүгін қоғамда жұрттың назарынан тыс түрлі жағдайлар орнауда. Соның көпшілігі қыз тағдырына қатысты. Қыз тағдырының келешекте қалай боларын ойламай, аңдаусыз да, әдейі де өмірін ойрандап жатқан ер азаматтар көбеюде.
ЗОРЛЫҚ ТЕК СОҚҚЫДАН ТҰРМАЙДЫ
Көпшілік зорлық-зомбылықты тек дене жарақатымен шектейді. Алайда бұл түсінік мәселенің тек бір қырын ғана ашады. Сарапшылар зорлық-зомбылықты бес негізгі түрге бөледі. Ең біріншісі – физикалық зорлық, яғни соққы, итеру, дене жарақатын салу. Екіншісі, психологиялық қысым – қорқыту, кемсіту, тіл тигізу секілді дүниелермен байланысып жатыр. Мұнан кейінгі кезекте жыныстық зорлық – келісімсіз жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу. Бұл да біздің елімізде бар нәрсе. Сондай-ақ көзге көрінбейтін экономикалық зорлық мәселесі және бар. Айталық, қаржылық тәуелді ету, ақшасын тартып алу. Соңғы орында әлеуметтік шектеу, яғни жақындарымен байланысқа тыйым салу, оқшаулау.
Бұл әрекеттердің барлығы адам болмысына тікелей соққы жасайды. Өкініштісі, зорлықты көргендер көбіне үнсіз қалады. Бірі баласының болашағынан, бірі қоғамдық көзқарастан, енді бірі «ұрпағым толық отбасында өссін» деген ниетпен үнсіздікке бой алдырады. Бірақ үнсіздік соңы үрейлі әрекетке бастайтынын біле бермейді.
Қазақстанда жыл сайын мыңдаған әйел мен бала тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады. ІІМ дерегі бойынша, 2024 жылы елімізде 60 мыңнан астам отбасылық жанжал тіркеліп, оның ішінде 15 мыңнан астамы бойынша құқық қорғау органдарына арыз түскен. Бұл тек тіркелген фактілер. Ал шаңырағым шайқалмасын, балам тірі жетім қалмасын деп тілін тістеп, таяққа төзіп отырғандары қаншама? Расында үнсіздікке көмілген оқиғалар қанша екені бізге беймәлім.
ТАМЫРЫН ҚАЙДАН ІЗДЕЙМІЗ?
Қоғамдағы кез келген мәселе тәрбиеге келіп тіреледі. Бүгінгі бала ертеңгі бір үйдің отағасы, отанасы. Жастармен жұмысты үйленбей тұрып қолға алу қажет. Олардың санасына отбасы болудың жауапкершілігін сіңіру керек. Оңтүстік өңірлерде үйлену үшін үйленетіндер көп. Қыздар оң босағада отырып қалмау үшін тойға дейін ер адамның көзқарасын елемей, көзі соқыр қалыпта тұрмыс құрады. «Үйде отырсын, бала туып, үй тірлігіне шығыссын» деп, әйелді әке-шешесіне күң ретінде алатын еркек те бар. Сүймей алады да, көшеден қызық іздеп, соңында шаңырағындағы адамнан сұлулық таппай таяқтың көкесін көрсетеді. Жазығы жоқ әйелін өз өмірінде жолы болмаған кез келген нәрсе үшін таяқ жегізеді. Бұл өтірік емес. Ал сүймеген адамды қанша тыраштансаңыз да тәрбиелей алмайсыз. Сөйтіп, бес баласын сүйреп дағдарыс орталығынан бір-ақ шығады. Әйел «бала туып берсем, өзгереді» деген алдамшы түсінікпен жүреді. Соңында өзін тастауға дейін барады. Балаларымен бірге өзін өлімге қиған аналарды да көрдік қой. Тұтас бір отбасы мүшелері (ерінен басқа) жан тапсырды. Қандай ауыр дүние, иә?!
Шынтуайтында, зорлықтың түп-тамыры көбіне психологиялық сауатсыздықтан, рухани жұтаңдықтан және патриархалды тәрбиеден бастау алады. «Әйел – еркектің меншігі» деген ұғым әлі де кейбір ортада үстем. Токсикалық еркектік пен «қол жұмсау – тәрбие» деген қауіпті түсінік осы әлеуметтік дерттің түпкі себептерінің бірі.
Сонымен қатар ішімдік, нашақорлық, жұмыссыздық, бала кезден көрген зорлықтың есе қайтаруы секілді факторлар да тұрмыстық зомбылыққа жол ашады.
ҚОҒАМНЫҢ ЖАЗЫЛМАС ЖАРАСЫ
Сарапшылардың зерттеуінше, басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда қазақ әйелдері арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар саны әлдеқайда жоғары. Күйеуі ұрып-соққан әрбір төртінші қазақ әйелі ғана көмекке жүгінеді екен, ал әрбір бесінші қазақ әйелі осы тақырыптағы сұраққа жауап беруден бас тартқан. Олай етуіне де себеп бар, өйткені біздің менталитетімізде зорлықзомбылыққа шыдау не оны жар салмай, жасыру – қалыпты жағдай. Қазақы танымда «ыдысаяқ сылдырамай тұрмайды» деп әйел өзінің зардап шеккені туралы көмек сұраған кезде, екі жақ татуластыруға, қайтадан қосуға тырысып жатады.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық саны статистикаға көнбейді. Өйткені көп жағдайда әлімжеттік көрген әйелдер құқық қорғау органдарына барудан бас тартып жатады. Әйел отбасында қандай зорлық көрсе де, жанұясы үшін бәріне төзуге мәжбүр. Солай бола тұра қадірін қашырған, шаңырақ шайқалған жайға да әйелдердің өзін кінәлап жатады.
АЩЫ СУДЫҢ САЛДАРЫ
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 80%-ы мас күйінде жасалады. Сонымен қатар әйелі мен балаларын ұрып-соғатындардың басым бөлігі – жұмыссыздар. Бұрын жабық шымылдық артында қалатын бұл тақырып, қазірде ашық талқыға түсіп, қоғам назарына ілікті. Өз әйелін өлтіретіндер мен баласын ұрып-соққан әкелер жайлы жиі еститін болдық. Рас, мұндай қылмыстың көбін ішімдікке сылқия тойғандар жасайды. Сол себепті, бүгінгі таңда мас күйіндегі тұрмыстық жанжалқойларды оқшаулау мәселесі маңызды.
– Келін болып түскен алғашқы аптада бұрынғы жолдасым мені таяқтады. Ол кезде жас болдым ба екен, әлде өз құқығымды білмедім бе екен. Оны дұрыс көргендей үндемей қалдым. Бірақ уақыт өте келе бұл жалғаса берді. Жасыратыны жоқ, бізде «барған жеріңе тастай батып, судай сің. Қайтып келген қыз жаман» деген қатып қалған стреотиптер бар ғой. Бейсаналы түрде сол миға әбден сіңіп қалған. Солай талай «көз көгерді». Оның барлығы ішімдіктен болды. Тәннің жарасын былай қойғанда, небір жүрекке салмақ салған ауыр сөздер де айтылды. Бірақ бір күні жұрттың сөзі, ата-ана, ағайын-туыстың әңгімесіне қарамай, шешім қабылдап ол үйден кетіп қалдым. Екіге ажырадық. Расымен қашан таяқтар екен деп қорқып жүру мені әбден қажытты. Әлі де шыдар болсам өлі денем шығар еді деген ойдан есімді жидым. Өткеніме өкінбеймін. Бұл да бір өмірімдегі сынақ болды. Бұл өмірде сынақсыз адам жоқ. Осы жағдай менің өзгеруіме, қалауым мен таңдауыма көңіл бөлуді үйретті. Өз өміріме жауапкершілік алуды түсіндім, – дейді Айғаным Батырбекова (аты-жөні өзгертілді).
Енді шешім қандай деген мәселеге келсек. Мәселені шешудің жолдары күрделі болса да, жоқ емес. Ең бастысы – қоғамдық сана мен құқықтық сауаттылықты арттыру қажет. Мұнан соң психологиялық көмек орталықтарын қолжетімді ету, құқық қорғау органдарының әрекетін жеделдету және қайта даярлау, жәбірленушіні емес, қылмыскерді оқшаулау жүйесін дамыту. Ең абзалы – мектептен бастап отбасылық мәдениет пен тең құқық жайлы тәрбие беру.
Тұрмыстық зорлық – отбасы ішінде қалуға тиіс мәселе емес. Бұл – қоғамның ортақ дерті. Ешқандай нәзіктік, ешқандай махаббат зорлықты ақтамайды. Қоғам үнсіз қалса, жәбір көрген де үнсіз болады. Ал үнсіздік – зорлықтың ең қауіпті қаруы.
ТҮЙІН ҚР Конституциясының 1-бабында: «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Бірақ біз қымбат қазынаға қалай қарап жүрміз өзі?! Тіршілік тақтасынан түрлі жолмен тайғанап кеткен тағдыр иелері қауіптен құтылуға кейде дәрменсіздік танытады. Расымен, қаншама әйелдің, баланың тепкіленген тағдыры тасада қалып жатыр. Бір кем дүние. Мейірімділік нұрын шашпаған жерде, зорлық-зомбылықтың күш ала беретіні сөзсіз. Қазақ әйелі тепкі мен таяққа емес, мейірім мен махаббатқа зәру екенін ұмытпайықшы.
Ақнұр САҒЫНТАЙ