БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ – ҰЛТ САУЛЫҒЫ

Аудандық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келе жатқаныма биыл 9 жыл болады екен. Медицинадағы 34 жылдық еңбек жолымның 25 жылында педиатр, жалпы практикалық дәрігер болып қызмет еттім. Осындай тәжірибемнен иммунопрофилактика бойынша ой бөліскім келеді.
Иммунопрофилактика дегеніміз – жұқпалы аурулардың алдын алуға салынатын екпелер. Ол 11 түрлі ауыр жұқпалы аурудан сақтайды. Атап айтқанда, туберкулез, вирусты гепатит В, коклюш (көкжөтел), дифтерия, столбняк, В типті гемофильді инфекциясы, пневмококты инфекция, полиомиелит, қызылша, қызамық, эпидпаратит, вирусты гепатит А-ға қарсы салынатын екпелер. Екпе ҚР Үкіметінің «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы» бұйрығында көрсетілген календарь бойынша жасалады.
Қазіргі кезде антиваксерлердің жазбаларын оқып алған ата-аналар екпелерден бас тартуда. Оның дұрыс емес екенін 2025-2026 жылғы қызылша ауруының өршуі дәлелдеп отыр. Екпе алмаған балалар қызылшамен ауырып ауруханада жатып ем алды, басқа облыстарда бала өлімі де тіркеліп жатты. Ал екпе алған балалар ауырғанымен, ауру жеңіл өтеді, ауруханаға жатпай-ақ үйде емделуге болады. Екпе алған бала ауырса несіне салдырамыз дерсіздер, балабақшада екпе алмаған бала ауырып, инфекцияны қасындағы балаларға жұқтырады. Содан екпе алған балаға да жұғуы мүмкін, бірақ екпе алған бала жеңіл және асқынусыз ауруды басынан өткереді.
Маусым айынан бері аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыздықовтың төрағалығымен бірнеше рет білім бөлімінің, аудандық санэпид қадағалау басқармасы басшысының қатысуымен жиналыс өтті. Осы жиналыс нәтижесімен екпе алмаған балабақшаға баратын бүлдіршіндер екпелерін толықтырып алуда.
Құрметті ата-аналар, сіздер өздеріңіз екпенің барлық түрін алдыңыздар, неге балаларыңыздың екпе алуына қарсы шығып, неге баланың денсаулығына зиян келтіріп жатсыздар. Әр баланың үлкендер сияқты денсаулығын нығайтуға «Денсаулық кодексінде» көрсетілгендей құқығы бар.
Профилактикалық екпелерді жүргізу алдында жалпы практика дәрігері анамнез жинайды, термометрия жүргізеді, иммундауға қарсы көрсеткіштер болмаған жағдайда екпе жасауға рұқсат қағазымен екпеге жолдайды. Екпелерді жүргізуде уақытша немесе тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдер туралы шешімді бейінді маманның қорытындысымен жалпы тәжірибелік дәрігері немесе педиатр қабылдайды. Бала дәрігері ретінде балаларымызға уақытылы екпе алуға шақырамын.
Парида САРЫБАЕВА,
аудандық аурухана бас дәрігерінің ана мен
бала жөніндегі орынбасары













