» » ҚОҒАМҒА НЕ ЖЕТІСПЕЙДІ: ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕ, ЖАНАШЫРЛЫҚ ПА?

ҚОҒАМҒА НЕ ЖЕТІСПЕЙДІ: ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕ, ЖАНАШЫРЛЫҚ ПА?

Қоғам – бізді қоршаған орта ғана емес, ол – күнделікті өміріміз, қарымқатынасымыз, ой мен іс-әрекетіміз қалыптасатын орта. Әсілі адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Біз қоғаммен бірге өсіп, дамимыз, бірбірімізге қарап бой түзейміз. Әр адам заман талабына сай өмір сүруге, жаңалықтан қалыс қалмауға, өз ортасынан лайықты орын табуға ұмтылады. Өйткені адамның тұлға ретінде қалыптасуына отбасы мен тәрбиесімен қатар, өзі өмір сүріп отырған қоғамның да әсері зор.
Әрқайсымыз өзімізге ұнайтын ортада білім алып, еңбек етіп, шығармашылықпен айналысып, бір мақсат пен бір мүдде жолында алға қадам басамыз. Ондағы болып жатқан әрбір жаңалық пен өзгеріс біздің көңіл-күйімізге, дүниетанымымызға, тіпті өмір сүру салтымызға да ықпал етеді. Қазіргі таңда технология қарыштап дамып, ақпарат алмасу жылдамдаған сайын қоғам да өзгеріп келеді.
Қоғамның алға жылжуына әр адамның қосқан үлесі маңызды. Әсіресе елдің мәселесіне бейжай қарамай, көпшіліктің игілігі үшін еңбек ететін қоғам белсенділері де жетерлік. Бір адамның жақсы бастамасы көптеген адамға үлгі болып, үлкен өзгеріске жол ашуы мүмкін. Сондықтан қоғамның дамуы тек мемлекетке немесе белгілі бір адамдарға ғана байланысты емес. Оның болашағы әрбір азаматтың қолында екенін ұмытпаған жөн.
Әрбір адам – қоғамның бір мүшесі. Оның өзіндік пікірі, өмірге деген көзқарасы, арман-мақсаты мен бойына біткен қасиеті бар. Біреу білімділігімен ерекшеленсе, енді біреу еңбекқорлығымен, батылдығымен немесе мейірімділігімен танымал болады. Осындай адами қасиеттердің ішінде жанашырлықтың орны ерекше деп ойлаймын. Себебі жанашыр адам тек өзін ғана ойламайды, айналасындағы адамдардың жағдайына көңіл бөліп, қажет кезде қолдау көрсетуге тырысады. Мұндай адам қоғамға да пайдасын тигізеді.Олай болса, біздің қоғамға не жетіспейді?
«Қоғамға не жетіспейді?» деген сауал болғанда, бірі – жауапкершілік дер еді, енді бірі – мейірім мен жанашырлықты алға тартар еді. Бір қарағанда, бұл екі ұғымның арасында таңдау жасауға болатын секілді. Бірақ тереңірек үңілсек, жауапкершілік пен жанашырлық – бір-біріне қарсы қойылатын қасиеттер емес, керісінше, бірін-бірі толықтыратын адамдық құндылықтар.
Рас, бүгінде адамның бәрі жұмысбасты. Соның да салдарынан айналасындағы ағайыны тұрмақ, отбасындағы баласына да көңіл бөле алмайды. Бір-бірімізге жанашырлық пен мейірімділік жетіспей барады. Кейде өз мәселемізбен әуре болып, жанымыздағы адамның қандай күйде жүргеніне тіпті назар аудармаймыз. Бірауыз жылы сөзге, қарапайым қолдауға немесе шынайы көңілге мұқтаж адамды байқамай өтіп кететін кездеріміз жиі болады. Алайда кейде үлкен көмек жасаудың қажеті жоқ. Уақытында айтылған жылы сөз, қиын сәтте көрсетілген қолдау, жалғызсырап жүрген адамға көңіл бөлу – адам үшін үлкен демеу болуы мүмкін.
Жанашырлық – адамгершіліктің басты белгісінің бірі. Мейірімділік бар жерде өзара сыйластық пен түсіністік қалыптасады. Абай атамыздың қара сөздеріндегі «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деген сөзі де адамның жүрегіндегі мейірім мен адамдық қасиеттің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Шын жүрегіңмен жақыныңа жанашыр болып, оның қуанышына қуанып, қиыншылығына ортақтаса білсең, бұл – бойыңдағы мейірімділік пен адамгершіліктің жоғары деңгейін көрсетеді.
Жауапкершілік адамды тәртіпке үйретсе, жанашырлық оны адамдыққа жақындатады. Жанашырлық – өзгенің жағдайын өз жүрегіңнен өткізе білу. Қиналып тұрған адамды байқай алу, жалғыз қалған жанға көңіл бөлу, әлсізге сүйеу болу, қателескен адамды бірден кінәламай, оның жағдайын түсінуге тырысу – мұның бәрі жүрек мәдениетін көрсетеді.
Қазіргі ақпарат тасқыны мен асығыс тіршілік адамдарды бір-бірінің жан дүниесіне үңілуден алыстатып бара жатқандай. Әркім өз мәселесімен әуре. Бірі – жұмысқа асығады, бірі – отбасылық қиындықпен арпалысады, енді бірі – ішкі күйзелісін ешкімге білдірмей өмір сүріп жүруі мүмкін. Осындай сәтте жанымыздағы адамның үнсіздігін байқап, «қалың қалай?» деп сұраудың өзі үлкен адамгершілік.
Кейде біз жақсылықты тым үлкен әрекет деп қабылдаймыз. Қайырымдылық жасау үшін қомақты қаражат, біреуге көмектесу үшін ерекше мүмкіндік қажет сияқты көрінеді. Шын мәнінде, жақсылықтың өлшемі оның көлемінде емес. Оның құндылығы – адамның ниетінде.
Жауапкершілік қайдан басталады?
Жауапкершілік дегенді тек үлкен міндеттермен байланыстырудың қажеті жоқ. Ол ең алдымен адамның өзінен, отбасынан, жұмысынан басталады.
Қарапайым ғана көшеге қоқыс тастамау, қоғамдық орында тәртіп сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, тапсырылған істі уақытында орындау, берген уәдеде тұру секілді дүниелер қарапайым көрінгенімен, қоғам мәдениетін қалыптастыратын маңызды әрекеттерге немқұрайлы қарамау қажет. «Мұны менен басқа біреу жасайды» деген түсінік көбейген жерде ортақ жауапкершілік әлсірейді. Ал әр адам «бұл менің де мәселем» деп қарай бастағанда ғана оң өзгеріс пайда болады.
Мәселен, тазалық мәселесін алайық. Айналаның таза болуы тек коммуналдық қызметтің немесе сенбілік өткізетін мекемелердің міндеті емес. Өз ауласын таза ұстау, қоқысты белгіленген жерге тастау – әр азаматтың мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші.
Тағы бір айта кетерлігі, көпшілігінде «менен не өзгертеді?» деген ойдың болуы. Бір адамның жасаған жақсылығы қоғамды бір күнде өзгертіп жібермеуі мүмкін. Бірақ жақсы әрекет айналаға әсер етеді. Бір адам тазалық сақтаса, екіншісі үлгі алады. Бір адам үлкенге көмектессе, оны көрген бала сол әрекетті бойына сіңіреді. Бір адам қоғамдық мәселеге бейжай қарамаса, өзгелер де ойлануы мүмкін. Демек, қоғамдағы үлкен өзгеріс кішкентай әрекеттерден басталады.
Өзгерісті өзгеден күтпейік
Қоғамды сынау оңай. «Адамдар өзгерді», «қазіргі жастар басқа», «ешкім ешкімге көмектеспейді» деп пікір айту да қиын емес. Бірақ кез келген мәселенің шешіміне өз үлесімізді қосу әлдеқайда маңызды. Бәлкім, бүгінгі қоғамға ең алдымен бір-бірімізді сынаудан бұрын, бір-бірімізді түсінуге ұмтылу жетіспейтін шығар.
Жауапкершілік – өз міндетіңді адал атқару. Жанашырлық – өзгенің жағдайына бейжай қарамау. Осы екі қасиет әр адамның бойынан табылса, қоғам да өзгереді.
Қоғамның сапасы оның әр мүшесінің ішкі мәдениетінен басталады. Бір адамның адалдығы екіншісіне үлгі болады. Бір адамның жанашырлығы өзгенің үмітін оятады. Бір адамның жауапты әрекеті ортақ іске әсер етеді. Мүмкін, қоғамға жетіспей тұрған ең маңызды дүние – осы екеуін бір-бірінен ажыратпайтын түсінік шығар. Өз ісіңе жауап беріп қана қоймай, оның өзгеге әсерін сезіну. Өзгені аяп қана қоймай, оған нақты көмек көрсету. Өзің үшін ғана емес, ортақ орта үшін де өмір сүре білу.
Өйткені өркениетті қоғамды заңдар ғана емес, адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы қалыптастырады. Ал сол қарым-қатынастың өзегінде жауапкершілік пен жанашырлық қатар тұрғанда ғана қоғамның жүрегі де, тіршілігі де өзгеше арнаға бұрылады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
31 тамыз 2026 ж. 105 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№66 (10534)

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (10533)

29 тамыз 2026 ж.

№64 (10532)

24 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 757
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 198

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930