Денсаулық – өмірдің басты құндылығы
Денсаулық – адамның ең қымбат байлығы. Ол – бақытты өмірдің негізі және әрбір адамның өмір сүру сапасын анықтайтын басты фактор. Жақсы денсаулық – тек аурудың жоқтығы емес, ол адамның физикалық, психикалық және әлеуметтік тұрғыдан толықтай саулығы.
Қазіргі заманғы қарқынды өмір салты, зиянды әдеттер және экологиялық мәселелер адамдардың денсаулығына әсер етуде. Сондықтан денсаулықты сақтау және нығайту – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, әрбір адамның жауапкершілігі. Салауатты өмір салтын ұстану арқылы әрбір адам өзінің денсаулығын нығайтып, ұзақ әрі бақытты өмір сүруге мүмкіндік алады.
Халқымыз «Денсаулық – зор байлық» деп, өзінің өмір сүруінің негізін, тіршіліктің тамырын деннің саулығынан таратады. Бұл мақал дені сау адамның ғана бақытты өмір сүріп, толыққанды еңбек ете алатынын меңзейді. Сондай-ақ, «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық», «Ауру – астан, дау – қарындастан» деген мақалдар қазақ халқының денсаулықты басты орынға қоюымен қатар тамақтану мәдениетіне, отбасылық қарым-қатынасқа және тазалыққа ерекше мән бергенін айқындай түседі.
Денсаулық жайлы даналық сөздерді қанша оқып, сансыз ақпаратты білсек те қазіргі өмір сүру жағдайында жеке бас саулығына үлкен жауапкершілікпен, ерекше мән беріп қарау мәселесі өзекті болып тұр. Күндіз-түні қолымыздан түспейтін ұялы телефон, ондағы миды улайтын, адам психикасына кері әсерін тигізетін ақпараттар легі толастар емес. Тамақтануға уақыт, көңіл бөлмеу мәселесі де дабыл қағуды қажет етеді. Көшедегі дайын өнімдерді, яғни фастфутдарды тұтыну, спортпен айналыспау, жұмысбастылық, компьютермен үздіксіз жұмыс жасау, табиғатпен етене байланыста болмау, адамдардың бір-бірімен сөзге сараңдығы, бірін-бірі түсінуге, өзара жақын араласуға тырыспауы, т.б. көптеген мәселелер адам баласының өмір сүру тепе-теңдігінің бұзылуына әкеліп соғуда. Психологиялық саулық физикалық денсаулыққа әсер етеді.
Қазақ халқының толғамдары психикалық және рухани саулыққа да үлкен мән береді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дей отырып, адамның ішкі әлемінің тыныштығын сақтауға үндейді. Құран оқыту, бата беру, үлкеннің кішіге өсиеті секілді дәстүрлер адамның рухани күшеюіне ықпал етеді.
Психикалық саулықты сақтау үшін халықтың бай ауыз әдебиеті – жыр, терме, дастан, мақал-мәтелдердің мәнін түсініп оқып, зерделеу адамның көңілін көтеріп, бойына сенім ұялатады.
Қазақ халқының денсаулыққа қатысты ойлары – өмір сүрудің табиғи жолын насихаттайтын мектеп. Осы даналықтарды ұстану арқылы біз денсаулығымызды сақтап қана қоймай, халқымыздың рухани мұрасын жаңғырта аламыз.
Денсаулықты сақтау – өмірлік міндет. Салауатты өмір салтын ұстанған адамның жұмыс жасау қабілеті артып, энергиясы көбейеді. Иммунитет нығайып, ағзаның түрлі ауруларға қарсы тұру мүмкіндігі жоғарылайды. Сонымен қатар салауатты әдеттер адамның эмоционалдық жағдайына оң әсер етіп, өз-өзіне сенімділігін арттырады.
Денсаулық – қоғам байлығы. Денсаулығы мықты адам ғана қоғамға пайдалы еңбек сіңіріп, өзгелерге үлгі бола алады. Сондықтан әрбір азамат салауатты өмір салтын ұстанып, отбасы мен жақындарының денсаулығына көңіл бөлуі тиіс.
Денсаулық – өзімізге жасайтын ең үлкен сый. Оны сақтау – әрбір адамның борышы. Әр адам өз денсаулығына жауапты және оны сақтау үшін саналы қадамдар жасауы керек. Жай ғана дұрыс әдеттерді қалыптастырып, зиянды әсерлерден аулақ болу арқылы сіз өз өміріңізді жақсартып қана қоймай, отбасыңызға және қоғамға үлгі бола аласыз. Есіңізде болсын, денсаулықты бүгіннен бастап күткен дұрыс, өйткені уақытты кері қайтару мүмкін емес.
Өзіңізді бағалап, өз денсаулығыңызға қамқорлық жасаңыз. Біздің болашағымыз – өз қолымызда!
Лаура БАҚТЫБАЕВА