ҚАЗАҚ ТАРИХИ ФИЛЬМДЕРІ: КӨРЕРМЕНДІ ҚАЛАЙ БАУРАУҒА БОЛАДЫ?
Бүгінде әлемдік кино индустриясына көз жүгіртсек, тарихи фильмдер мен сериалдардың көрермені жылдан-жылға артып келеді. Оңтүстік Кореяның тарихи дорамалары, Қытайдың бірнеше маусымға созылған тарихи сериалдары немесе Англия мен АҚШ түсірген ортағасырлық драмалар миллиондаған көрерменнің қызығушылығын тудырып отыр. Netflix пен басқа да платформалар тарихи жобаларды ең көп қаралатын туындылардың қатарына енгізуде.
Ал қазақтың сан ғасырлық тарихы бола тұра, тарихи фильмдер неге кең аудиторияның қызығушылығын оята алмай жүр? Бұл – бүгінгі кино саласының ғана емес, ұлттық мәдениеттің де маңызды мәселелерінің бірі.
Тарихи кино түсіруде Оңтүстік Корея ерекше тәжірибе қалыптастырды. Елдің Чосон дәуірі, атақты қолбасшылары мен патшалары туралы түсірілген ондаған фильм мен дорама бүгінде әлемнің көптеген елінде көрсетілуде.
«The Admiral: Roaring Currents» (Адмирал: Аласұрған толқындар), «Mr. Sunshine» (Күн нұры), «Kingdom» (Патшалық), «The Red Sleeve» (Қызыл жең) сияқты туындылар тек корей халқының ғана емес, шетелдік көрерменнің де ықыласына бөленді. Мұндай жобалар арқылы Корея өз тарихын әлемге танытып қана қоймай, ұлттық мәдениетін де насихаттап келеді.
Қытай киносы да дәл осы жолды таңдады. Ел тарихындағы әулеттер, императорлар, қолбасшылар мен сарай өмірі туралы жүздеген тарихи сериал түсірілді. «The Longest Day in Chang'an» (Чанъандағы ең ұзақ күн), «Nirvana in Fire» (Оттан туған даңқ), «The Qin Empire» (Цинь империясы) сияқты сериалдарды бүгінде миллиондаған адам тамашалайды.
Ал Батыс елдерінде түсірілген «Gladiator» (Гладиатор), «Braveheart» (Ержүрек), «Kingdom of Heaven» (Аспан патшалығы), «The Last Kingdom» (Соңғы патшалық), «Vikings» (Викингтер), «Shōgun» (Сёгун) сияқты туындылар тарихи жанрдың тек өткенді баяндаумен шектелмейтінін дәлелдеді. Бұл фильмдер көрерменге тарихты құрғақ дерек емес, қызықты оқиға ретінде ұсына білді.
Ал қазақ тарихы – дайын сценарий. Қазақ халқының тарихына үңілсек, әлемдік деңгейдегі киноға сұранып тұрған оқиғалар аз емес.
Сақ патшайымы Томирис, ғұндардың ұлы көсемі Аттила мен Мөде, Түрік қағанаты, Алтын Орда, Қазақ хандығының құрылуы, Қасым хан дәуірі, Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Абылай ханның саясаты, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс, Алаш арыстарының тағдыры – мұның әрқайсысы бірнеше маусымдық сериалға негіз бола алады. Демек, мәселе тарихтың жоқтығында емес.
Экранға сұранып тұрған тұлғалар аз емес, мәселен Қазақ хандығының қуатын арттырып, шекарасын кеңейткен Хақназар ханның өмірі әлі күнге дейін толыққанды көркем фильм немесе көп бөлімді сериалға арқау болған жоқ. Оның тұсында Қазақ хандығы Ноғай Ордасының біраз бөлігін өзіне қосты, сыртқы саясатта беделі күшейіп, елдің бірлігі нығайды. Осы уақыт ішінде 42 жыл хан болып билікті ұстап, қаншама саяси тартыстар мен дипломатиялық келіссөздер мен жорықтар көркем шығарма үшін өте қызықты желі бола алады.
Сол сияқты Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы – қазақ тарихындағы ең ауқымды оқиғалардың бірі. Бұл көтеріліс тек соғыс тарихы емес, азаттық идеясы, көшбасшылық, ел бірлігі және халық тағдыры туралы терең туынды жасауға мүмкіндік береді. Мұндай фильм немесе сериал жастардың тарихи санасын қалыптастыруға да оң ықпал етер еді.
Экранға лайық тұлғалардың қатары мұнымен шектелмейді. Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, Жалаңтөс баһадүр, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Райымбек батыр, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай секілді тарихи қайраткерлердің өмір жолы да бірнеше бөлімнен тұратын сапалы тарихи сериалдарға негіз бола алады.
Бүгінгі әлемдік тәжірибе тарихи оқиғаларды қысқа фильмнен гөрі көп бөлімді сериал арқылы баяндаудың тиімді екенін көрсетіп отыр. Бір жарым немесе екі сағаттық фильмде тұтас дәуірді, күрделі саяси оқиғаларды және кейіпкерлердің ішкі әлемін толық ашу қиын.
Ал бірнеше маусымдық сериал көрерменге тарихи кезеңді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Оңтүстік Корея, Қытай және Ұлыбритания осы бағытта үлкен жетістікке жетті. Олардың тарихи сериалдары тек өз елінде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде көріліп, ұлттық мәдениетті танытудың тиімді құралына айналды.
Қазақстан да осы тәжірибеден үлгі ала алады. Қазақ хандарының өмірі, Ұлы даланың тарихы, батырлар мен билердің тағдыры көп бөлімді сериал форматында түсірілсе, жастардың қызығушылығы артып қана қоймай, ұлттық тарихтың жаңа қырлары кең аудиторияға жол тартар еді.
Онда не жетіспейді?
Көпшілік тарихи фильмдердің аз түсірілетінін айтады. Бірақ мәселе тек санында емес, сапасында. Қазіргі көрерменнің талғамы өзгерді. Ол ең алдымен қызықты оқиға, әсерлі кейіпкерлер, сапалы визуал және шынайы эмоция күтеді. Егер фильм көрерменді алғашқы минуттардан баурай алмаса, ол басқа контентке ауысып кетеді.
Кейбір отандық тарихи жобаларда дәл осы динамика жетіспейді. Кейіпкерлердің мінезі толық ашылмайды, оқиға баяу өрбиді, диалогтар табиғи естілмейді. Кейде фильмнің жарнамасы да жеткіліксіз болып, көпшілік оның шыққанын кеш естиді. Тарихи киноны түсіру – тек режиссердің жұмысы емес. Мұнда тарихшы, сценарист, қоюшы-суретші, костюм дизайнері, композитор және компьютерлік графика мамандары бірлесе еңбек етуі қажет. Осындай кешенді жұмыс болғанда ғана тарихи туынды көрермен көңілінен шығады.
Жастар неге тарихи фильм көрмейді?
Жастар тарихты ұнатпайды деу – асығыс тұжырым. Шын мәнінде, олар қызықсыз дүниені көрмейді.
Бүгінгі жастар корей дорамаларын, қытай сериалдарын немесе ағылшын тарихи драмаларын сүйіп тамашалайды. Демек, мәселе тарихи жанрда емес, оның қалай ұсынылғанында. Егер тарихи оқиға заманауи кино тілінде баяндалса, тартыс пен эмоцияға құрылса, көрермен оны міндетті түрде қабылдайды. Бұған әлемдік тәжірибе дәлел. Қазақ тарихында да сатқындық, дипломатия, махаббат, ерлік, билік үшін күрес, мемлекет құру жолындағы шешуші сәттер аз емес. Осындай оқиғаларды көркем әрі әсерлі жеткізу – киноның басты міндеті.
Соңғы жылдары қазақ киносында тарихи тақырыптарға қызығушылық артып келеді. Дегенмен бұл бағытты жаңа деңгейге көтеру үшін толықметражды фильмдермен қатар, көп бөлімді сериалдарға да көңіл бөлген жөн. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тарихи сериалдар кейіпкерлердің болмысын тереңірек ашуға, оқиғаларды кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге халықаралық стримингтік платформаларға шығатын сапалы жобалар әзірлеу, компьютерлік графиканы дамыту, кәсіби сценаристер мен тарихшылардың бірлескен жұмысын күшейту және тарихи фильмдердің жарнамасына ерекше мән беру маңызды.
Қорытынды
Қазақ тарихы – әлемдегі ең бай тарихи мұралардың бірі. Ұлы далада мемлекет құрған хандар, елін қорғаған батырлар, даналығымен танылған билер мен ұлт тағдырын ойлаған қайраткерлер аз болмаған. Олардың өмір жолы – тек өткеннің шежіресі емес, бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын тағылым.
Тарихи кино – өткенді еске алу үшін ғана емес, ұлттық сананы қалыптастырып, жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын арттыратын қуатты құрал. Ертеңгі күні әлем қазақ тарихын кітаптан емес, ең алдымен экраннан таныса, бұл – ұлттық киноның үлкен жетістігі болмақ. Ал оған жетудің жолы – тарихымызды жаңа көзқараспен, жоғары сапамен және бүгінгі көрерменнің тілімен сөйлете білу. Бүгінгі көрерменді жалған пафоспен немесе жасанды кейіпкерлермен таңғалдыру мүмкін емес. Олар шынайылықты іздейді. Сондықтан тарихи фильмдер де халқымыздың басынан өткен ауыр кезеңдерді боямасыз, барынша тарихи шындыққа сүйене отырып көрсете білуі керек. Кейде бір ғана ауыр көрініс, бір ғана үнсіздік немесе бір ғана ананың көз жасы жүздеген сөзден де әсерлі болады.
Ашаршылықтың адам айтқысыз қасіреті, қуғынсүргіннің зардабы, азаттық жолында құрбан болған боздақтардың тағдыры көрерменнің жүрегіне жететіндей деңгейде бейнеленсе ғана тарих тіріліп, өткеннің салмағы сезіледі. Өйткені халқымыз бастан өткерген нәубет – жай ғана тарихи дерек емес, миллиондаған тағдырдың қасіреті.
Көрерменнің жан дүниесін толқытатын, көзге еріксіз жас үйіретін осындай шынайы туындылар ғана жас ұрпақтың жүрегінде ұлттық рухты оятып, өз тарихына деген құрметті қалыптастыра алады. Тарихты білу – тек даталарды жаттау емес, ата-бабаның қандай сынақтан өткенін жүрекпен сезіну. Қазақ тарихы шаң басқан кітап сөресінде емес, кино экрандарында сөйлейтін уақыт келді.
Бауыржан ЖҮНІС
















