ҚОҚЫС ПЕН ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ӨРТЕУГЕ ЖОЛ БЕРМЕҢІЗ
Қармақшы ауданының тұрғындарына елді мекендер аумағында, тұрғын үй секторында, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен ұйымдардың аумағында қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды өртеуге тыйым салынатынын ескертеміз.
Қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды бейберекет өртеу қоршаған ортаға елеулі зиян келтіріп, атмосфералық ауаны ластайды. Сонымен қатар, мұндай әрекеттер құрғақ шөптің, шаруашылық құрылыстарының, тұрғын үйлердің және өзге де нысандардың өртенуіне себеп болуы мүмкін. Көп жағдайда өрттің шығуына қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы әсер етеді.
Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес, от жағу немесе қалдықтарды өртеу тек ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта және алғашқы өрт сөндіру құралдары (өрт сөндіргіш, су құйылған ыдыс, құм және басқа да құралдар) дайын болған жағдайда ғана жүргізілуі тиіс. От толық сөндірілмей қараусыз қалдырылмауы қажет.
Аудан тұрғындарын өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, қоқыс пен қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерде өртемеуге және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырамыз. Әрбір азаматтың жауапкершілігі мен сақтығы ғана өрт оқиғаларының алдын алып, адам өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны және материалдық құндылықтарды сақтауға мүмкіндік береді.
Өрттің алдын алу – баршамызға ортақ міндет!
Қармақшы ауданы төтенше жағдайлар бөлімі














