Конституция
» » ФАСТФУД ДӘУІРІ: ЖЫЛДАМ ТАҒАМНЫҢ ҚҰНЫ

ФАСТФУД ДӘУІРІ: ЖЫЛДАМ ТАҒАМНЫҢ ҚҰНЫ

Қазіргі қоғам бұрын-соңды болмаған тағам молшылығы дәуірінде өмір сүріп жатыр. Дүкен сөрелері мен қоғамдық тамақтану орындары дайын тағамдарға толы, таңдау көп. Фастфуд, газдалған сусындар мен тәтті өнімдер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда, жылдам әрі қолжетімді тағамдардың көбеюі адам денсаулығына жаңа қауіптер алып келуде.
Көпшілік фастфуд пен тәтті сусындарды күнделікті өмірдің қалыпты бөлігі ретінде қабылдайды. Алайда, олардың құрамындағы қант, тұз және қаныққан май мөлшері ағзаға ұсынылатын нормадан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін. Газдалған сусынның бір құтысында шамамен 35-55 грамм қант болады, бұл 7-11 шай қасық қантқа тең. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ересек адамға күніне 25 грамнан артық бос қант тұтынбауды ұсынады. Демек, бір ғана тәтті сусын күндік норманы бірнеше есе асырып жіберуі мүмкін. Ал фастфуд өнімдері жоғары калориялы болғанымен, олардың тағамдық құндылығы төмен. Орташа есеппен бір бургерде 10-25 грамм май болса, фри картоптағы май мөлшері 12-20 грамм аралығында болады. Бір фастфуд мәзірінде 800-1200 миллиграммға дейін тұз кездеседі. Бұл тәуліктік ұсынылатын мөлшердің едәуір бөлігін құрайды.
Қазіргі кезде көптеген адамдар үйде тамақ дайындауға уақыт таппайды. Соның салдарынан жылдам дайындалатын тағамдар күнделікті ас мәзірінің ажырамас бөлігіне айналып барады.
Шоколад, печенье, торт және өзге де десерттер қант пен майдың негізгі көзіне айналған. Орташа бір шоколадтың құрамында 20-30 грамм қант және 8-12 грамм май болады. Мұндай өнімдер қысқа уақытқа энергия бергенімен, қандағы қант деңгейінің тұрақсыздануына әсер етеді. Нәтижесінде адам тез шаршап, қайтадан тәтті тағам тұтынуға ұмтылады.
Қант пен фастфудтан туындайтын аурулар
Медицина мамандары қант пен жоғары өңделген тағамдарды шамадан тыс тұтынуды көптеген созылмалы аурулардың негізгі қауіп факторларының бірі ретінде қарастырады. Ең алдымен 2 типті қант диабетінің даму қаупі артады, себебі ағза инсулинді тиімді пайдалана алмай қалады. Сонымен қатар жүрекқан тамыр аурулары, оның ішінде инфаркт пен инсульттің даму ықтималдығы жоғарылайды.
Артық қант бауырда майдың жиналуына әсер етіп, бауырдың майлануына алып келеді. Бұдан бөлек, тіс жегісі жиілеп, ауыз қуысы аурулары көбейеді. Уақыт өте келе зат алмасу жүйесінің бұзылуы да байқалады, бұл ағзаның жалпы тепе-теңдігіне әсер етеді. Дәрігерлер соңғы жылдары жастар арасында артық салмақ, инсулинге төзімділік және зат алмасу бұзылыстарының жиілеп келе жатқанын атап өтеді. Мамандардың айтуынша, мұндай өзгерістердің негізгі себептерінің бірі – қант мөлшері жоғары сусындар мен жоғары өңделген тағамдарды шамадан тыс тұтыну. Бүгінде әлемде 1 миллиардтан астам адам өте ауыр салмақпен өмір сүріп отыр. Сарапшылар мұның басты себептерінің бірі ретінде қант қосылған сусындар мен жоғары өңделген тағамдардың кең таралуын атайды. Соңғы онжылдықтарда фастфуд индустриясы қарқынды дамып, тәтті сусындарды тұтыну көлемі бірнеше есе артқан. Соның нәтижесінде қант диабеті мен жүрек-қан тамыр аурулары әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің қатарына енді.
Маркетинг
Фастфуд индустриясының кеңеюі тек тұтынушылық сұраныспен шектелмейді, оны күшейтіп отырған басты факторлардың бірі – агрессивті маркетинг саясаты. Ірі брендтер балалар мен жасөспірімдерді тікелей нысанаға алып, олардың психологиялық ерекшеліктерін тиімді пайдаланады: жарқын визуал, мультфильм кейіпкерлері, ойын элементтері және коллекциялық сыйлықтар арқылы өнімді тек тағам емес, эмоциялық қажеттілік ретінде қабылдатуға тырысады. Мұндай тәсілдер таңдау жасау қабілеті толық қалыптаспаған аудиторияға тікелей әсер етіп, тұтыну әдетін ерте жастан қалыптастырады.
Әлеуметтік желілер бұл процесті одан әрі күшейтті. TikTok пен Instagram платформаларында фастфудты «тренд», «лайфстайл» немесе «сәнді өмірдің белгісі» ретінде көрсететін контент көбейіп отыр. Біз көріп жүрген кино-фильмдерде жасалатын жасырын жарнама мен өнімді идеализациялау жастардың шынайы ақпарат пен маркетинг арасындағы шекараны ажыратуын қиындатады. Нәтижесінде фастфуд жай ғана тағам емес, қалыпты әрі беделді таңдау ретінде қабылдана бастайды, бұл ұзақ мерзімде дұрыс тамақтану мәдениетінің әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
Қазақстанда да бұл мәселе өзекті. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы бір қазақстандық айына орта есеппен 1,4 килограмм қант тұтынған, бұл жылына шамамен 16,8 килограммға тең. Сонымен қатар жалпы тұтыну құрылымына қантпен бірге бал, тосап, шоколад және түрлі кондитерлік өнімдер де кіреді. Олардың жылдық орташа көлемі бір адамға 43,1 килограмға дейін жетеді. Бұл көрсеткіш халықтың тәтті өнімдерді кең көлемде тұтынатынын көрсетеді. Қалалық өмір салты, қозғалыстың азаюы және дайын тағамдарға тәуелділік созылмалы аурулардың көбеюіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер фастфуд маркетингінің негізгі нысанасына айналып отыр. Түрлі жарнамалар, әлеуметтік желілердегі контент және танымал брендтердің тартымды өнімдері жастардың тамақтану таңдауына тікелей әсер етеді. Қазір фастфуд тек тағам емес, белгілі бір өмір салтының элементі ретінде насихатталады. Нәтижесінде көптеген жас дайын әрі тез тұтынылатын өнімдерді дұрыс тамақтанудан жоғары қоя бастайды. Ерте жастан қалыптасқан мұндай әдеттер ересек өмірде де сақталып, артық салмақтың, зат алмасу бұзылыстарының және аурулардың даму қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан мамандар балалар мен жастар арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтады.
Мәселенің шешімі неде?
Мамандар фастфуд пен тәтті өнімдерден толықтай бас тартудан бұрын олардың тұтыну жиілігін азайтуды ұсынады. Рационға көкөніс, жеміс-жидек және ақуызға бай өнімдерді көбірек енгізу, тәтті сусындардың орнына су ішу, сондай-ақ тағам құрамын оқуға дағдылану денсаулыққа төнетін қауіптерді төмендетуге көмектеседі. Сонымен қатар балалар мен жастар арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру маңызды. Бұл бағытта мектептер мен жоғары оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын күшейту, пайдалы тағамдардың қолжетімділігін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау үлкен рөл атқарады. Кейбір елдерде халық денсаулығын жақсарту мақсатында қант қосылған сусындарға қосымша салық енгізу, фастфуд жарнамаларын шектеу және мектептерде зиянды тағамдарды сатуға тыйым салу сияқты шаралар қолданылады. Мұндай тәжірибелер қант пен фастфуд тұтынуын азайтуға ықпал етіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға көмектеседі.
Қорытынды Фастфуд пен қант – қазіргі заманның ең үлкен денсаулық сын-қатерлерінің бірі. Олардың зияны бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе ағзада жиналып, түрлі созылмалы ауруларға жол ашады. Бұл тек медициналық мәселе емес, күнделікті өмір салтымен тікелей байланысты құбылыс. Денсаулықты сақтау тек дәрігерлердің немесе мемлекеттің міндеті емес, әр адамның таңдауы. Сондықтан өз ағзамызды өзіміз аялайық.
Бауыржан ЖҮНІС
03 шілде 2026 ж. 97 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (10517)

30 маусым 2026 ж.

№48 (10516)

27 маусым 2026 ж.

№47 (10515)

23 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 398
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

21 маусым 2026 ж.
«ЕЛ ІШІ - ӨНЕР КЕНІШІ»

«ЕЛ ІШІ - ӨНЕР КЕНІШІ»

20 маусым 2026 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 916

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031