“Сот жүйесіндегі киберқауіпсіздік”
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы сот жүйесінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті. Электрондық құжат айналымы, онлайн сот отырыстары және цифрлық деректер базасы сот қызметінің тиімділігін арттырды. Алайда ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану киберқауіпсіздік мәселесін де өзекті етті. Сот жүйесінде сақталатын ақпараттың құпиялығы мен тұтастығын қорғау мемлекеттік маңызы бар міндеттердің бірі болып табылады. Сот органдары әртүрлі кибершабуылдардың нысанасына айналуы мүмкін. Олардың қатарына: хакерлік шабуылдар арқылы ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізу, деректерді ұрлау немесе өзгерту, зиянды бағдарламалар мен вирустарды тарату, қызмет көрсетуден бас тарту (DDoS) шабуылдары.
Қызметкерлерді алдау арқылы ақпарат алу мақсатындағы фишингтік әрекеттер жатады. Мұндай қауіптер сот процестерінің бұзылуына, азаматтардың жеке деректерінің жария болуына және сот жүйесіне деген сенімнің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сот жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше маңызды шараларды жүзеге асыру қажет:
Ақпараттық жүйелерді тұрақты түрде жаңартып отыру, көп факторлы аутентификацияны енгізу, деректерді шифрлау технологияларын пайдалану, қызметкерлердің киберсауаттылығын арттыру, ақпараттық қауіпсіздік аудиттерін жүйелі түрде өткізу, резервтік көшірмелер жасау және апаттық қалпына келтіру жоспарларын әзірлеу.
Бұл шаралар ақпараттық жүйелердің тұрақтылығын арттырып, ықтимал шабуылдардың салдарын азайтуға мүмкіндік береді.Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету тек техникалық мәселе емес, сонымен қатар құқықтық реттеуді де талап етеді. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы сақтау, дербес деректерді қорғау талаптарын орындау және киберқылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейту сот жүйесінің қауіпсіз қызмет етуіне ықпал етеді.
Сот жүйесіндегі киберқауіпсіздік – әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты кибершабуылдардың қаупі де артып келеді. Сондықтан сот органдары заманауи қорғаныс құралдарын енгізіп, қызметкерлердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, ақпараттық жүйелерді үздіксіз жетілдіріп отыруы қажет. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғауға және сот жүйесіне деген қоғамдық сенімді нығайтуға мүмкіндік береді.
А.Сапарова,
Қармақшы аудандық сотының жетекші маманы













