ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ – ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ
Мамыр айының соңғы күні жыл сайын жанды жабырқатып, адам көңіліне қаяу түсіруімен, сонау бір қасіретті жылдар көшіне көңіл көкжиегінен ой тастап, көз жүгіртуімен есте қалады.
31 мамыр – Қазақстан тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірін еске алатын ерекше күн. Аталмыш күн саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Қазақ халқы ХХ ғасырдың алғашқы жартысында бұрын-соңды болмаған ауыр нәубетті, қасіретті қайғыны бастан кешірді. Мыңдаған зиялы қауым өкілдері жазықсыз жазаға ұшырап, миллиондаған адам аштықтан көз жұмды. Бұл – халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталатын қаралы кезең.
Тарих – ұлттың жады. Өткеннің қателігін ұмытпау, одан сабақ алу – әрбір ұрпақтың міндеті. Сондықтан 31 мамыр күні еліміздің түкпір-түкпірінде қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шаралары ұйымдастырылып, олардың рухына тағзым жасалады. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілді.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін тоталитарлық жүйе халықтың еркіндігін шектеп, қоғамды толық бақылауға алуға тырысты. Әсіресе 1920-1930 жылдары сталиндік саясат күшейіп, «халық жауы» деген жалған айыппен көптеген азамат тұтқындалды.
Қазақстанда бұл нәубет, ең алдымен, ұлт зиялыларына ауыр соққы болып тиді. Қазақ халқының болашағы үшін күрескен Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды көптеген тұлғалар қуғындалып, адам аяғы баспайтын Сібір ормандарына жер аударылып, адам төзгісіз жағдайда ауыр жұмыстарға жегілді, тар қапас түрмеге тоғытылып, кейіннен ату жазасына кесілді. Сталиндік қатаң режимнің кесірінен Қазақстанда және оның барлық аймақтарында, аудандары мен елді мекендеріндегі «Халық жаулары» деген айып тағылған жандардың қатарында діни-исламдық ағартушылық бағытта халыққа ағартушылық білімнің шырағын жағып жүрген ахун, ишан, қожа-молдалар да қуғын-сүргінге ұшырады.
Олардың негізгі «кінәсі» қазақ халқының тәуелсіздігін, білімін, мәдениетін дамытуға ұмтылуы еді. Кеңестік билік ұлттың рухын әлсірету үшін, ең алдымен, елдегі оқыған, көзі ашық, ұлтжанды, бетке ұстар, елдің көшін бастайтын азаматтарды жоюға әрекет жасады.
1931-1933 жылдардағы ашаршылық – қазақ тарихындағы ең ауыр трагедиялардың бірі. Кеңес үкіметінің күштеп ұжымдастыру саясаты, мал-мүлікті тәркілеу, көшпелі өмір салтын өзгерту әрекеті халықтың тұрмыс-тіршілігін тым әлсіретіп, әлеуметтік жағдайын нашарлатуымен қатар үлкен апатқа алып келді. Миллиондаған мал қырылып, халық күнкөріс көзінен айырылды. Соның салдарынан Қазақстанда жаппай аштық басталды. Зерттеушілердің мәліметі бойынша, сол жылдары 2 миллионнан астам қазақ қаза тапқан. Бұл сол кездегі қазақ халқының жартысына жуығын құрайтын. Соңғы ресми мәліметтерге сүйенсек, сандар қатары жыл сайын артып барады. Тарихшылар 3 миллионнан астам жанның жазықсыз жапа шегіп, бұл жалғанның азабын тартқанын айтып жүр.
Елдегі болып жатқан саяси-әлеуметтік жағдайдың әсерінен көптеген адамдар Қытайға, Өзбекстанға, Ресейге, Ауғанстанға, Түркияға, Иранға, тіпті Тибет тауларына дейін босып кетуге мәжбүр болды. Аштықтан әлсіреген халық түрлі ауруға шалдығып, бүтін бір отбасы, әулет, ауылдар жойылып кетті. Ел басына төнген нәубет қазақ халқының демографиялық дамуына орасан зор зиян келтірді.
Сталиндік қуғын-сүргін кезінде Қазақстан аумағында көптеген еңбекпен түзеу лагерьлері құрылды. Солардың ішіндегі ең белгілілері – КарЛАГ, АЛЖИР және СтепЛАГ.
АЛЖИР лагері «Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері» ретінде тарихта қалды. Мұнда жазықсыз сотталған азаматтардың жұбайлары қамауда болды. Олар бауыр еті балаларынан күшпен ажыратылып, ауыр еңбекке жегіліп, адам төзгісіз қиындықтарды бастан өткерді. Ал «халық жауларының» балалары одақтас республикалар көлемінде балалар үйіне өткізіліп, бауырлар бір-бірінен көз жазып қалды. Кейіннен олардың берген сұхбаттарын тыңдап, олар жайлы мәліметтерді естіген кезде көзіңе еріксіз жас ұялап, бойыңды аяушылық сезім мен тас түйін намыс сезімі баурап, екіұдай күйге түсесің. Жұдырығың түйіліп, шарасыз халге енесің. Бір жағынан, жаны жараланған жандардың қайсарлығына тәнті боласың.
КарЛАГ – Кеңес Одағындағы ең ірі лагерьлердің бірі болды. Онда әртүрлі ұлт өкілдері, ғалымдар, дәрігерлер, жазушылар мен қарапайым адамдар қамауда отырды. Көптеген тұтқындар ауыр еңбек пен аштықтан қаза тапты.
Қармақшы ауданы бойынша қуғын-сүргін жылдарында 400-ге жуық адам саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде анықталды. Олардың ішінде Алаш қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері және жазықсыз сотталған шаруалар болды. Кейбірі хабар-ошарсыз кетіп, артында ұрпақ та қалмады. Сондай жандардың бірі – қазіргі Ақтөбе ауылының орнында болған Бозарқаш елді мекенінде 1877-1878 жылдары дүниеге келген Ыспан қари Сүлейменұлы. Бала кезінен қос жанарынан айырылған ол – қазақ халқының діни-ағартушылық мәдениетінде ерекше орны бар тұлға. Ыспан Сүлейменұлы қасиетті Құранды терең меңгеріп, ел арасында ислам дінінің құндылықтарын насихаттаған қари ретінде танылды. Халық арасында оның есімі құрметпен аталып, өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болып келеді.
Ыспан қари жастайынан білімге құштар болып өседі. Діни сауатын жетілдіру мақсатында медреседе оқып, араб тілін меңгерген. Сыр өңіріндегі белгілі дін өкілі Алдашбай ахунның шәкірті атанып, қасиетті Құранды жаттап, қари дәрежесіне жетуі оның табандылығы мен еңбекқорлығын көрсетеді. Ол тек діни біліммен шектелмей, адамгершілік, адалдық, имандылық секілді асыл қасиеттерді халыққа дәріптей білді.
Қари – Құран Кәрімді бастан-аяқ толық жатқа білетін, оны арнайы ережелермен (тәжуидпен) қатесіз, әрі мәнерлеп оқи алатын діндар адам. Бұл сөз араб тілінен аударғанда «оқушы» немесе «жаттаушы» деген мағынаны білдіреді. Қари атану үшін мынадай талаптар орындалуы тиіс. Олар: Құранның 114 сүресі мен барлық аятын толықтай жатқа білу, тәжуид ғылымын (әріптердің шығу орны мен оқылу ережелерін) терең меңгеру, аяттардың мағынасы мен оқылу шеберлігін жетік білу. Ыспан қари осы аталғандардың барлығының үдесінен шыға білді.
Ел ішіндегі қаридың көзін көрген көнекөз қарттардың әңгімелері мен ол жайлы жүргізілген зерттеулерде Ыспан қаридің Сыр шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуұлымен замандас болуымен қатар, араласқұралас болғандығы, жырау Тұрымбет Салқынбайұлымен ағалы-інілі боп хат алысып, бір-бірімен сырлас, мұңдас болғандығы айтылады. Бұл сөзімізге Тұрымбет жыраудың Ыспан қариға, Ыспан қаридың Тұрымбет жырауға жазған өлең жолдары айқын дәлел, жарқын мысал.
«Бұл сәлем Тұрекеңдей ағамызға,
Кемеңгер көпті көрген данамызға.
Ер едің ел-жұртыңа қадірің қымбат,
Қамқа тон оқасындай жағамызға», – деген қаридың сөздері ұйқас, буын жағынан өлең талаптарын толық қамтып, жырау ағасын қадір тұтқан кішілік бейнесі, ағасын оқаланған (әшекейленген) қамқа тонға теңеген суреткерлік, шығармашылық-тұлғалық болмысын танытады. Өн бойында көрегендік, емшілік, жыр шығарушылық қасиеттері тоғысқан жан 1937 жылдың 19 қарашасында Қызылорда қаласы түбіндегі Қарауылтөбе деген жерде атылады. Алайда елі, жұрты оны ұмытқан жоқ, керісінше жыл өткен сайын есімін жаңғыртып, кітаптар шығарып, ұлықтап келеді.
Қаридың басты ерекшелігі – ел ішіндегі бірлікті нығайтып, жастарды білімге, тәрбиелілікке шақыруы. Оның айтқан насихаттары мен уағыздары халықтың рухани дүниесін байытып, ислам дінінің шынайы құндылықтарын түсіндіруге ықпал етті. Ыспан қари адамдарды сабырлыққа, мейірімділікке және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үндеді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін саяси қуғынсүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жүргізіле бастады. Қазіргі таңда елімізде репрессия құрбандарына арналған ескерткіштер орнатылып, музейлер ашылған. Ғалымдар архив құжаттарын зерттеп, жазықсыз жапа шеккен азаматтардың есімдерін анықтауда. Бұл – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
31 мамыр – қаралы күн, сонымен қатар өткеннен сабақ алатын тағылым күні. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының өмірі мен тағдыры ешқашан ұмытылмауы тиіс. Өткен тарихты білу – болашаққа дұрыс қадам жасаудың кепілі.
Біз тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан ұрпақ ретінде ата-бабаларымыздың тартқан азабын есте сақтап, олардың рухына құрмет көрсетуіміз қажет. Себебі тарихын ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр болады.
Лаура БАҚТЫБАЕВА

















