ИІРКӨЛДЕГІ ИГІЛІКТІ ІС: ГАЗДАНДЫРУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Елімізде халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында жүзеге асып жатқан ауқымды жобаның бірі – елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мәселесі. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев жүктеген маңызды тапсырма аясында республика бойынша газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бастаманың игілігі бүгінде ауылдарға да жетіп, инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Соның жарқын мысалының бірі – Иіркөл ауылдық округіндегі газдандыру жұмыстары. Қазіргі таңда елді мекенде табиғи газ құбырларын тарту және кварталішілік газ тарату желілерін салу бағытындағы құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Жобаның сапалы әрі уақытылы жүзеге асуын аудан әкімі Жандос Еркінбек тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Мамандардың мәліметінше, жоба аясында жалпы ұзындығы 15,88 шақырым болатын полиэтиленді газ құбыры мен 389 метр болат құбыр жүргізіледі. Бүгінде ауыл көшелерінің бірқатарында полиэтиленді құбырларды орнату жұмыстары басталып кеткен. Құрылыс алаңында арнайы техникалар мен білікті мамандар жұмылдырылып, жұмыс қарқыны күн санап артып келеді.
Газ құбырларын орнату барысында техникалық талаптарға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар құрылыс кезінде анықталған кейбір кемшіліктер дер кезінде қалпына келтіріліп, қажетті материалдар уақытылы жеткізілуде. Бұл өз кезегінде жобаның жоспарланған мерзімде аяқталуына мүмкіндік бермек.
Ауыл тұрғындары да атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіруде. Себебі «көгілдір отын» – тек тұрмыстық қолайлылық емес, сонымен қатар ауыл халқының өмір сапасын жақсартатын маңызды әлеуметтік игілік. Табиғи газдың келуі көмір мен отынға тәуелділікті азайтып, экологиялық ахуалдың жақсаруына да оң әсер етеді.
Иіркөл ауылының тұрғыны, зейнеткер Айынжамал Бекентаева бұл бастаманың ауыл үшін аса маңызды екенін атап өтті.
– Бұл – біз үшін көптен күткен қуаныш. Газ келсе, халықтың тұрмысы жеңілдеп, жастардың ауылда тұрақтауына да жақсы мүмкіндік туады. Осындай ел игілігі жолындағы жұмыстарға дән ризамыз, – дейді ауыл тұрғыны.
Шын мәнінде, ауылдарды газдандыру – елдің әлеуметтікэкономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадамдардың бірі. Инфрақұрылымның жақсаруы тұрғындардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, ауылдардың болашағына деген сенімді күшейтеді. Иіркөлдегі игі бастама – мемлекет қолдауының нақты нәтижесі әрі халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың айқын көрінісі.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
















