ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ПЕН ҚАМҚОРЛЫҚ КҮНІ
Мұсылман қауымы үшін ең қасиетті әрі мағыналы мерекелердің бірі – Құрбан айт. Бұл күн тек мал союмен ғана шектелмейді. Оның астарында адам баласының сабыры, шүкіршілігі, жақынға жанашырлығы мен Жаратқанға деген ықыласы жатыр. Құрбан айт келгенде адамдар бір-біріне жылы сөз айтып, ренжіскендер татуласып, мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Сондықтан бұл мерекені мейірім мен бірліктің мейрамы деуге толық негіз бар.
Құрбан айттың тарихы тереңде жатыр. Ислам деректерінде Ибраһим пайғамбардың Құдайдың бұйрығына толық мойынсұнып, ең қымбат нәрсесін құрбан етуге дайын болғаны айтылады. Бұл оқиға адамзатқа үлкен үлгі болып қалды. Нағыз иман – тек сөзбен емес, іс арқылы дәлелденетін қасиет. Құрбан шалудың мәні де осында. Адам өз нәпсісін тәрбиелеп, сараңдықтан арылып, өзгемен бөлісуді үйренеді.
Қазіргі қоғамда Құрбан айттың тәрбиелік маңызы ерекше. Себебі бүгінде адамдардың көпшілігі материалдық дүниеге көбірек көңіл бөліп, рухани құндылықтарды кейінге ысырып жатады. Ал бұл мереке адамға тоқтап, айналасына қарауды еске салады. Бір отбасының дастарқанында молшылық болса, екінші бір жанұя қарапайым асқа зар болуы мүмкін. Сондықтан құрбандық еті мұқтаж жандарға таратылып, адамдар арасында жанашырлық сезімі күшейеді.
Қасиетті мерекенің тағы бір әдемі тұсы – отбасы мүшелерін жақындастыруы. Таңертең ерте оянып, айт намазына бару, үлкендердің батасын алу, дастарқан басында жиналу – мұның бәрі ұлттық әрі діни тәрбиенің бір бөлігі. Әсіресе балалар үшін бұл күннің әсері ерекше болады. Олар кішкентайынан үлкенді сыйлауды, бөлісуді, қайырымдылық жасауды үйренеді. Осындай тәрбиемен өскен ұрпақтың жүрегі жұмсақ, ойы таза болады.
Сонымен қатар Құрбан айт – тек қуаныш күні емес, ойлану күні де. Адам өз өміріне есеп беріп, жасаған ісіне назар аударады. Біреуге көмектесе алды ма, ата-анасының көңілін қалдырмады ма, қоғамға пайдасы тиді ме осындай сұрақтар әр адамның жүрегінде болуы керек. Өйткені діннің негізгі мақсаты – адамды жақсы мінезге тәрбиелеу.
Қазақ халқы да ежелден қайырымдылық пен қонақжайлылықты жоғары бағалаған. Сондықтан Құрбан айт біздің салтдәстүрімізбен де үндесіп жатыр. Айт күндері адамдар бір-бірінің үйіне барып, ақ тілектерін айтып, дастарқаннан дәм татады. Бұл – қоғамдағы ауызбіршілікті арттыратын әдемі дәстүр.
Егер әр адам Құрбан айттағы ізгі қасиеттерді күнделікті өмірінде сақтай алса, қоғам әлдеқайда мейірімді әрі берекелі болмақ.
Нұрболат РАХМЕТУЛЛАЕВ,
аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы
















